«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектептер онлайн-форматқа көшіп жатыр

Мектептер онлайн-форматқа көшіп жатыр
Автор
Қараша айының орта шенінен бастап облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялар деңгейі күрт өсіп, эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Әсіресе мектеп жасындағы балалар арасында сырқаттанушылық жоғарылап, бірнеше білім ордасы уақытша қашықтан оқыту форматына көшуге мәжбүр болды. Денсаулық сақтау мекемелері күшейтілген режимге көшіп, өңірде қосымша төсек-орын, мобильді бригадалар және фильтркабинеттер саны арттырылды.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде ЖРВИ жұқтырғандардың саны артып барады. Жалпы, тіркелген науқастардың 60 пайыздан астамын 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерді құрап отыр. Қазіргі уақытта өңірде бірнеше мектеп онлайн оқыту жүйесіне көшкен. Сондайақ дертке шалдыққандардың біршама бөлігінен риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус белгілері анықталыпты.

– Осы эпидемиялық маусым басталғалы бері облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 47 мыңнан астам жағдайы тіркелді, олардың 60 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алып отыр. Тыныс алу вирустарының айналымын анықтау үшін науқастардан алынған 170- тен астам үлгі талданды. Бұл үлгілерде А тұмауы H3N2 вирустарының (52 жағдай) және тұмау емес вирустардың: риновирус, парагрипп вирустары, аденовирустар және бокавирустардың айналымы анықталды. Тұмауға қарсы вакцинация тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 115 000- нан астам адам екпе алған, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова.

Мамандардың айтуынша, қолданыстағы санитариялық талапқа сай мектептердегі оқу процесі бір сыныптағы балалардың 20- 30 пайызы сырқаттанғанда немесе жалпы науқастық деңгейі 30 пайыздан асқанда ғана уақытша тоқтатылады. Қазіргі кезде өңірде біршама мектеп онлайн оқу жүйесіне көшіп отыр. 20 қарашаға дейін 14 мектептегі 598 сынып ЖРВИ таралуына байланысты қашықтан оқытуға ауыстырылса, 20 қарашадан бері Тараз қалалық білім бөлімі бұйрығымен бұл сан одан әрі артты. Тараздан бөлек Меркі, Талас аудандарындағы бірнеше мектеп те онлайн форматқа көшкен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірде тұмауға қарсы жұмыс күшейтілген. Инфекциялық стационарлардағы төсек саны артып, медициналық ұйымдардың қызмет ауқымы кеңейтілген.

– Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп отыр. Жалпы, инфекциялық стационарларда 964 төсекорын, (оның ішінде 65 реанимациялық) жұмыс істеп тұр. Балалар арасында аурушаңдықтың артуына байланысты қосымша 310 төсек, соның ішінде 80 резервтік төсек іске қосылды. Мырзатай реабилитациялық орталығында 100 төсек орны резервте тұр. Қазіргі жүктеме 87 пайызды құрайды. Өңірдегі емханалар таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін, демалыс күндері таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Барлық емханаларда фильтр-кабинеттер ашылып, қызуы бар науқастар бөлек қабылдануда. Санитарлық талаптар күшейтіліп, медициналық ұйымдарда бетперде тағу режимі енгізілді, – дейді С. Назарбек.

Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, өңір бойынша 150 мобильді бригада жұмыс істейді. Жедел жағдайларға 60 арнайы көлік жұмылдырылған. 20 емханада балалар мен жүкті әйелдерге арналған екі деңгейлі фильтр ұйымдастырылған. Қордағы дәрі-дәрмек пен жабдық жеткілікті. 16 мыңнан астам тамифлю, 1 мың реленза, антивирустық препараттар, оксолин майы, 236 ӨЖЖ аппараты, 700 мыңнан астам бетперде, 300 мың шпатель мен термометр, 6 миллионнан аса дезинфекциялық таблетка бар.

Жергілікті бюджет есебінен 123 мың доза вакцина сатып алынып, 110 340 азаматқа екпе егілді. 1 қазан мен 18 қараша аралығында облыста 55 мың 571 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға жоғары. 14 жасқа дейінгі 34 250 бала, 2 797 нәресте, 2 396 жүкті әйел тіркелген. Зертханалық зерттеуден өткен 168 жағдайдың 61-інде А(H3N2) тұмауы анықталды. Өлімжітім жоқ. Соңғы күндері оқушылар арасындағы сырқаттанушылықтың артуы өңірдегі мектептердің жаппай қашықтан оқытуға көшуіне себеп болып отыр.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақтанар түрі жоқ. ЖРВИ жұқтырушылардың күн санап көбеюі, әсіресе балалар арасындағы сырқаттанушылықтың жоғары болуы білім беру ұйымдарын шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Дегенмен медицина мекемелерінің күшейтілген режимге көшуі, қосымша төсекорындардың ашылуы және вакцинация қарқынының артуы жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді дейді мамандар. Ең бастысы – тұрғындардың сақтық шараларын қатаң сақтауы мен өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Аурудың таралуын тежеу әрбіріміздің ортақ міндетіміз.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар