«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туберкулезге қарсы күрес жұмыстары талқыланды

Туберкулезге қарсы күрес жұмыстары талқыланды
Автор
Облыста туберкулезге қарсы қызметті күшейтуге арналған кеңейтілген кеңес өтіп, онда саланың өзекті мәселелері мен азаматтық қоғамның рөлін арттыру бағыттары талқыланды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, Глобалдық қордың грант бағдарламасы және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Малик Аденов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек сөз сөйлеп, өңірдегі жағдайға тоқталды.

Айжан Есмағамбетова туберкулезге қарсы ісқимылда үкіметтік емес ұйымдардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, облыста туберкулез бойынша жағдай жақсарып келе жатқанымен, әлеуметтік осал тұрғындармен жұмыс жүргізуде әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар. ҮЕҰ осы топтарға ақпарат жеткізу, профилактиканы күшейту және пациенттерді емге тарту бағытында маңызды рөл атқарып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек туберкулез бойынша өңірдегі көрсеткіштер соңғы жылдары айтарлықтай төмендегенін жеткізді. Ол жергілікті бюджеттен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдауға арнайы қаражат бөлінетінін айтып, бұл бастама профилактикалық шараларды жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Туберкулезді тоқтатайық» ұлттық серіктестігінің төрағасы Шахимурат Исмаилов кеңестің негізгі мақсаттары – мемлекеттік құрылымдар, медицина ұйымдары және азаматтық қоғам өкілдері арасындағы әріптестікті нығайту екенін айтты. Оның пікірінше, күш біріктіру ғана туберкулезбен күрестің тиімділігін арттыра алады.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде облыстық фтизиопульмонология орталығының өкілі Жалғас Жүзбаев баяндама жасап, туберкулездің таралуы, скрининг жұмыстары және профилактикалық бағдарламалардың орындалуы туралы ақпарат берді. Ал «Тараз Анти-ВИЧ» қоғамдық ұйымының өкілі Георгий Геронтиди ҮЕҰ-ның туберкулезбен күреске қосқан үлесіне тоқталып, осал топтарға бағытталған қолдау шараларының нәтижелерін ұсынды.

Жиын соңында тараптар туберкулезге қарсы күресте азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын күшейту жөнінде ұсыныстарды талқылап, өңірдегі жұмысты одан әрі жетілдіруге бағытталған басымдықтарды белгіледі.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар