«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шала туған шақалақтың да шырағы бар

Шала туған шақалақтың да шырағы бар
Автор
Қазақ халқында, ай, күніне жетпей туған сәбилерді «шалабай» деп атаған. Алайда сол шалабайлар өмірге бейім, нағыз пысық, есейе келе не данышпан не белгілі тұлғаға айналады екен. Өйткені олар мына өмірді көруге асық болғандар деседі. Әлемге танымал Альберт Энштейн, Исаак Нютон, Моцарт секілді белгілі тұлғалар кезінде шала туылған екен.

Облысымызда тіпті республикада жыл санап шала туу көрсеткіші артқан. Жыл сайын әлемде шамамен 15 миллион бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді екен. Бұл балалардың миллионнан астамы туылғаннан кейін физикалық және неврологиялық ақаулардың әртүрлі түрлерінен зардап шегуі мүмкін. Облыста жыл сайын 26-28 мыңға дейін нәресте дүние есігін ашады. Оның ішінде 2000-ға жуық бала шала туылса, 300-ге дейін шала туылған нәресте салмағы 500-ден 1500,0 грамға дейін ауыр салмақпен есепте тұр. Облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 22 мен 32 аптасына дейін мерзімінен бұрын босанулар орын алады. Өзім де екі мәрте 33 және 35 апталарда шала босанғандықтан, мерзімінен бұрын туған шақалақтың күтімі мен себеп-салдарын, жетілмеген сәбилердің дамуы мен неонатология саласы жайлы білмекке облыстық перинаталдық орталыққа келдім.

Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология,жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде сәбилердің адам қатарына қосылуына барлық жағдай жасалыпты. Келген бетте шала туған нәрестелердің жансақтау бөлімінің тренер медбикесі Роза Шалабаева қарсы алды. Жылы жүзді медбикенің бұл салада жүргеніне 31 жыл болған. Жансақтау бөліміне кіріп барғаннан-ақ қарбалас тіршіліктің куәсі болдық. Ағзасы дамымай, өкпесі жетілмеген шақалақтардың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер мен медбикелер жанұшырып жүгіріп жүр. Әрбір сәт – үлкен тарих.

Әрбір кішкентай жүректің амандығы бұл жердің дәстүрлі салты. Мұнда сылбырлыққа, бос сөзге орын жоқ. Бәрі шапшаң, үн-түнсіз қимылдауда. Мына жарық әлемнің есігін ерте ашқан кішкентай емделушінің отбасымен қауышып, ата-анасына ертерек оралуына атсалысуда. Жасаған жақсылықтарының қайтарымын күтпейтін сүйегі асыл жандар осылар. Көктен түскен нағыз періштелер ма дерсің?! Салмағы небәрі 500 келілік сәбилер де жатыр. Аналардың көбісі 23 апта мен 27 апта аралығында босанып қоюда. Бірінің ерте суы кетсе, екіншісінің денсаулығында кінараты бар, үшіншісі экологияға байланысты, төртіншісі тағы да басқа себептермен сәбиді ерте өмірге әкелуде. Ем шара бөмесіне бас сұқтық.

Мұнда жансақтау бөлімінде жатқан балаларға паринтаралдық яғни тамыр арқылы тамақтандыру үшін стирильді инфузия дайындалады екен. Оны ем-шара медбикесі Гүлнар Шадиманова дайындап жатыр екен. 18 жылдан бері өз ісін адал атқарып келе жатқан медбике әрмен қарай жұмысын жалғастырды. Жабық жүйеде қатаң түрде аппаратқа орналастыруда. Роза Жылқыайдарқызы әр бөлімді аралатып, көрсетіп, құрал-жабдықтар мен аппараттарды таныстырып жүрді. Тәжірибесі мол медбикеден арасында неліктен жүкті әйелдердің ерте босанып қойып жатқанын сұрадым.

– Бүгінгі күні әйелдердің тамақтануы дұрыс емес. Бірден бір себебі өз денсаулықтарына салғырт қарайтынында болып тұр. Күйбең тіршілікпен бала, ата-ене, күйеу, үй тірлігі деп жүріп әйелдердің көбі ем алмайды. Ауырса дәрігерге қаралмай жүре береді. Күтінбейді. Ас-ауқатқа да дұрыс қарамайды. Сенің саулығың өзіңе қажет. Әртүрлі аурулармен жүкті әйелдер түседі. Қан қысымы көтеріліп кеткен немесе қант диабеті, жүрек, бүйрек жетіспеушілігінде, тұмаумен ауырса, инфекциялық аурулармен ауырғанда міндетті түрде шала босанады, - дейді ол.

Неонатология бөлімінде 117 маман жұмыс істейді екен. 47-і дәрігер, 67 медбике, 23 кіші медициналық қызметкер жұмыс істейді.Үш этажға бөлінген 85 төсектік блок бар. Ол шала туған нәрестелерді жансақтау бөлімі, жоғарғы тәуелді нәрестелер бөлімі, арнайы күтімдегі нәрестелер бөлімі болып үш бөлікке бөлінеді. Көбіне жұмыстың ауыры да, ең маңыздысында атқаратын осы медбикелер. Шала туған нәрестелер бөлімінде көбіне көпжылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді екен. Әрине жастар да бар. Мен барған күні бірінші жансақтау бөлімінде емдеуші дәрігер Арайлым Айтоқова қызмет атқаруда екен. Мұнда залында бес бала жатыр.

– Бағзы заманда атам қазақ шала туған нәрестені тымаққа салып өсірген деп естиміз. Ұстауға, көтеруге ыңғайлы болмағандықтан сөйткен деп бізге жеткен кітаптардан оқып білдік. Алайда бүгінде медицина қарыштап дамыды. Тура ананың құрсағында жатқандай ылғалдылықты беретін аппараттар бар. Бала құрсақта суда жатпай ма? Сондай құрылғылар нәресте үшін ыңғайлы. Тым ерте туылған нәрестеге аппарат анасының жатырында жатқандай күй сыйлайды. Бөлме температурасы 28-ден кем болмайды. Арнайы инкубатор КЮБЕЗ аппаратына саламыз. Кюбездің температурасы әрқашан баланың аптасына байланысты 36-37 градус болып тұрады. Мұнда балалар мерзіміне, салмағына қарай жатады. Біз ерекше күтім жасаймыз. Шалыс қозғалтуға болмайды. Тым көп көтеруге болмайды. Өзінің тәртібі бар. Жоғарыда айтып өткенімдей бүгінде медицина саласы алға озып кеткендіктен ғана мерзімі жетпей туылған нәрестелерді аман сақтап қалудамыз. Балаларды нюхелб деп аталатын арнайы дорбаға саламыз. Бұл дорба да ана жатырындағы ылғалдылықты сақтайды. Шала туған баланың бірнеше ағзасы дамымай өмірге келеді. Мәселен асқазан-ішек жолдары дамымай, өкпесі жетілмей туылады. Реанимацияға түскен баланың біріншіден өкпесін ашу үшін дәрі егеміз. Жүйке жүйесінде өзгерістер болмауы үшін, қарынішілік қан кету орын алмас үшін қадағалаймыз. Мұқият, мәпелеп нәзік түрде күтім жасаймыз, – деді жас дәрігер Арайлым Жуанышқызы.

Облыс бойынша жалғыз неонатология бөлімі бар. Республика көлемінде бесінші орында екен. Бөлімді сауатты маман, білікті неанотолог дәрігер Талғат Толықбаев басқарады. 30 мыңға жуық баланың өмір сүріп кетуіне себепкер болған Талғат Жорабекұлының кабинетіне бас сұқтым. Қолында осы сала туралы кітабы бар оқығандарын қағазға түртіп, зерттеп отыр екен. Әрі ағылшын тілін игеріп жүр. Отыз жылдық еңбек өтілінде халықтың алғысын арқалап келе жатқан ақ халатты абзал жан мені қуана қарсы алды. Өңірлерге, ел ішіне,тіпті шет елдерге жиі шала туғандарды құтқаруға асығыс аттанатын дәрігерді қайта кезіктіргеніме мен де риза болдым. Амандасып, сегіз жыл бұрын шала туған шалбайымның өмірін аман сақтап қалғанына алғыс айтып, өткенді еске түсірдік. Жақсылықтың қайтарымы қашанда жақсылық екенін тілге тиек еттік. Талғат Толықбаев, облыстық көп салалы аурухананың неонатология бөлімінің басшысы.

– Неонатология – жас ғылым. Неонатология – нәрестелердің күтімі, физиологиялық заңдылықтарын, даму-өсу заңдылықтарын, тамақтандыру, емдеу және қалыптастыру мәселелерін оқытып, үйрететін медицина ғылымының бір бөлігі. Педиатрия саласы жеке сала ретінде XIX ғасырда қарыштап өссе, неонатология XX ғасырда дамыды. Шала туған нәресте деп жүктіліктің 37 аптасына дейін туылған сәбилерді атаймыз. Шала туған балалар – бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың саны азаяр емес. Көбіне жатыр мойнының әлсіздігінен ерте босанып қойып жатады. Бір себебі осы. Екінші себеп – жүктіліктің асқынуы. Гипертензиялық жағдайдың көбеюінен. Талғат Толықбаев – білікті дәрігер. Жары – Ақбота Толықбаева қалалық ауруханада функционалды диагностика бөлімінде терапевт дәрігер. Отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде. Ұл-қыздарының бәрі әке жолын қуып, медицина саласында оқуда. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Талғат Жорабекұлының шәкірттері республика бойынша қызмет етуде. Шала босанып қойған аналармен кездестім.

Несібелі Қыдырәлі есімді жаңа босанған ана Меркі ауданынан келіп түсіпті. Жүрек дертімен ауырады екен. Әрі қан қысымы көтеріліп 26 аптасында босанып қойыпты. Жасы 32-дегі келіншектің бұл төртінші сәбиі екен.

– Дәрігерлер мен медбикелерге мың алғыс. 900 грамм болып туылған сәбиім екі апта жансақтау бөлімінде жатты. Аллаға шүкір осы бөлімнің мамандарының арқасында біз қайта табыстық. Есімін Айша деп қойдық. Қазір 29 апта болдық. Өкпені ашатын «СИПАП» деген аппаратта жатыр. Аппарат арқылы демалып жатыр. Зонтпен сүт берудеміз. Маған медбикелер аппаратты қосуды, ана сүтін қалай беруді үйретіп, көрсетіп қойған. Бірлесіп өмір сүруге талпынып жатырмыз. Балада сору рефлексі болмағандықтан 32 аптаға дейін зонт арқылы тамақтанады, – дейді жас ана.

Мерзімінен бұрын босанған ананың бірі – Жансая Балықбаева. Ол мұнда екі айдан бері жатыр. Тұңғышын 26 аптада ерте суы кетіп, босанып алған. Сәбидің есімі – Айлин. Салмақ жинап, өздігінен емуге үйретіп, күні ертең шыққалы отыр екен. Сәбиім 30 сантиметр, 725 грамм салмақпен өмірге келді. 26 аптада өмірге келгендіктен, іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағзасында инфекцияның көп екендігін айтып, «үміт аз, кез келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сәбиімнің өміріне араша болған дәрігерлер Талғат Жорабекұлына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Мұндағы аналар мен сәбилер шақалақтың салмағы бір келіден асқанша жатады. Бақылауда болады. Күтім көрсетіледі. Үш тараптан яғни ақ халаттылар мен ана және сәби өмір сүру үшін жанталасады. Бір қызығы жыл сайын дәстүрлі түрде 17 қараша шала туған балалардың халықаралық мерекесі аталып өтеді екен. Аман-есен өсіп өнген шалабайлар мен олардың ата-аналары келіп, кеңес алып, мерекенің көрігін қыздырады.

– Білесіз бе қолымыздан өткен қаншама сәбиге шуағымызды шаштық. Әрбір бала үшін анасымен бірге жылап, тілеуін тіледік. Денсаулығында кінараты болмауына, адам қатарына қосылып кетулеріне барынша жағдай жасадық. Соларды көргенде қуанып қаламыз. Алладан кейінгі шебер жандармыз ғой деп кейде мақтанып, масаттанып қаламыз. Біздер сәбилердің амандығы үшін күресушілерміз. Өмір үшін жанталасушылармыз. Қайтарымын күтпейміз, – деп Роза Жылқыайдарқызы тебірене сөйледі.

Бөлімде мейірағалардың да қатары көп. Солардың бірі Рахат Жанысбек. Әр түрлі «ИВЛ», «СИПАП», «КЮБЕЗ» сынды аппараттардың шебері екен. Яғни құрылғыларды қосып, баптап, жөндейтін маман. Оның да сәби өмірінде атқарып жатқан еңбегі зор. Аппаратпен жұмыс қиынның қиыны. Мимен жұмыс істейтін қызметкердің бос уақыты да жоқ екен. Роза Жылқыайдарқызының айтуынша, жүкті аналармен ерте босанып қоймас үшін емханалар жақсы кеңес беріп, тыңғылықты жұмыс істеуі керек екен. Стресстік, күйзелістен сақтанып жүруді, аурудың алдын алуды қадағалау емхана дәрігерлерінің міндеті деп есептейді.

Көбінде бір рет шала босанған әйел екінші рет те де шала туып қояды екен. Мұны жатырдың «есте сақтауы» деп атайды. Рефлексті түрде мерзімінен бұрын туу кейде осылай да жалғасып жатады. Шала туған баланың да көрер жарығы, шырағы бар. «Құдайсыз қурай да сынбас» деген. Бүгінде жаңа технологиялардың арқасында республика бойынша 90 пайыз шала туған шақалақ аман қалуда. Мерзімі жетпеген балалардың бәрі ауру болып туады деген де жаңсақ пікір. Күтімі мықты болса, өз уақытысынан бұрын туылған балалар да ақылы асық, алғыр болып өседі. Оны тарих дәлелдеген.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар