«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіп бастаймын деушілерге әрдайым қолдау көп

Кәсіп бастаймын деушілерге әрдайым қолдау көп
Автор
«Бизнес бастау» жобасы ауылдағы жұмыссыз тұрғындарға кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік беруде. Аталмыш жоба аясында Жамбыл ауданында өткен жылы 110 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан. Жоба аясында несие алғандардың дені бүгінде кәсібін дөңгелетіп, табысын еселеп отыр.

Аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұловтың айтуынша, аймақта жаңа кәсіп түрлері көп ашылған. Осыдан екі-үш жыл бұрын азаматтар тек төрт түлік мал алып, соны өсіріп бағуға ниетті болса, қазір «Бизнес бастау» жобасы арқылы шағын өңдеу цехтары, техникалық қызмет көрсету орталықтары ашылуда екен. Мәселен, «Бизнес бастау» жобасының нәтижесінде Нұркен Ниетбаев көліктерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін орталық ашқан. Заманның ағымына сай темір тұлпарлар қалада ғана емес ауылдарда да өте көп.

Алайда көлік тізгіндей білу бір бөлек, ал оны жөндеу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік көп кезде оған техникалық қызмет көрсету де өлмейтін бизнес болып саналады. Сұранысқа сай бұл кәсіп табысқа жетудің төте жолы. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі алты айда өз жемісін беріп, ауласынанақ айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты жұмыспен қамтуда. Көлікті жөндеуге қажетті аппараттарын толық алған Нұркен енді ғана кәсіп бастаған азаматтарға бағдарламаның шарапаты мол дейді.

– Бала кезімнен әкеме көмекші бола жүріп, көлікті жөндеудің қыр-сырын меңгеріп алдым. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметте еңбек еткенмін. Әрине, тұрақты жұмысың болғаны жақсы бірақ, мен жеке кәсіп ашуды таңдадым. Өйткені, бұл саланы өте жақсы көремін. Ойымдағы дүниені жүзеге асырғым келді. Оған мүмкіндік берген «Бизнес бастау» жобасы. Мен көліктердің қиын ақауларын жөндеймін. Аптасына үштөрт көлікті жөндеуге аламын. Барынша сапалы етіп жасап беруге тырысамын. Өйткені, тұтынушылардың келуі тікелей соған байланысты. Аллаға шүкір, қазір тұрғындар өздері іздеп келеді. Біз секілді өз ісін бастағысы келген азаматтарға қолдау көрсеткен жобаға алғысым шексіз, – деді Нұркен Ниетбаев.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 114 азаматқа 157 миллион 320 мың теңге жоспарланып, 113 азамат 155 миллион 940 мың теңге грант алыпты. Оның ішінде көп балалы 62 азамат, жұмысқа жарамды мүгедек 26 азамат, аз қамтылған 2 азамат, асыраушысынан айырылған 3 азамат, мүгедек бала қараушы 20 азамат. Сонымен қатар 44 азамат өз ісін бастауға қайтарымсыз грант алған. Бұл өткен жылдың қорытындысы. 2024 жылға арналған жоспар 110 азамат.

Мемлекеттік грантқа қатысушылар өз жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылды. Ал қалғаны сұрыптаудан өтуде. Мамандар жыл аяғына дейін табысталатынын айтты. Иә, расында ауылдардағы әсіресе, шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде шағын кәсіпкерлікке бағытталып отырған грант қаражаты көп септігін тигізуде. Қолдау қаражаты туралы естіген, қолынан іс келетін тұрғындар үш айлық курстарды оқып, түрлі мамандықтарға машықтануда. Ер азаматтар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығына ден қойса, жұмыссыз үй шаруасында отырған әйелдер тігіншілік, кондитерлік курстарын оқып, бағын сынауда. Нәтижесінде әрқайсысы өз бағытында түрлі кәсіп бастап, ауылдың тұрмысын түзетуге атсалысып жүр. Солардың қатарында Аса ауылының тұрғыны Мұхтар Таңатарұлы да бар. Ол өткен жылы үй саламын деп, пескоблок іздеп, біраз тығырыққа тірелген-ді. Құрылыс қарқын алған сайын пескоблокқа сұраныс көп болмаса аз болмайтынын ұққан ол, осы бағытта өзінің бизнес жоспарын ұсынды. Ерекше жобасы қолдау тауып, қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Бастаған ісі де бірден жүріп кетіп, бүгінде аудан тұрғындарының өзінен де көптеген тапсырыстар алуда. Жас кәсіпкерді сөзге тартқанымызда, бастапқыда қатты қиналғанын айтып, ағынан жарылды.

Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық, көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып жатыр. Тағы бір кейіпкеріміз – ғажайып торттардың иесі, аз ғана уақыт ішінде өз дүкенін ашқан жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова. Көпбалалы ана бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жалғызбасты әйел. Ауылдағы «Құндызай тәттілері» наубайханасында тойымды әрі тез дайындалатын тағамдармен қатар тәтті торттардың түр-түрі сөреде тұр. Жас кәсіпкер қосымша тапсырыстарды да қабылдайды. Әзірге анасы қасында қолғабыс етуде. Алдағы уақытта дүкенді кеңейтіп, қасына осы іске бейімі бар қызкеліншектерді алсам, – дейді.

– «Бастау бизнес» жобасының жеке кәсіп ашушыларға пайдасы мол. Оқу барысында көп нәрсеге қанықтым. Біраз сауат ашып, білім толықтырдық. Көпбалалы ана ретінде берілген жеңілдіктің маған көп көмегі тиді. Мемлекет тарапынан ұсынылған мұндай мүмкіндікке дән ризамын. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Қажетті қаржы алуыма кеңес берген жандарға алғысым шексіз. Мұның цех ашып, жаңа құрал-жабдықтар алуыма септігі тиді. Тапсырысты тәулік бойы қабылдаймыз. Ал дүкеніміз таңғы сағат 8:00-ден бастап, кеш қарайғанға дейін жұмыс істейді. Мен күні бойы дүкенде қарап отырмай, үйге тапсырысқа торттар әзірлеймін, – дейді кәсіпкер қыз.

Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болуда дегенді алға тартты кәсіпкер. Қүндызай бүгінде дастарқан мәзіріне арналған кондитерлік өнімдердің оннан аса түрін дайындайды. Оның айтуынша, ас мәзірін пісіру бала кезгі арманы. Бастапқыда таныстарының тапсырысы арқылы той дастарқанына тәттілер мен самса, құймақ, пицца пісіріп нәпақасын тапты. Содан кейін жеке цех ашуды көздеген жас ару аудандық кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнестің» бір айлық курсына қатысады. Соның арқасында мемлекеттік бағдарлама есебінен қайтарымсыз грант алады. Кәсіпкер торттың түрімен қатар, дәміне де көңіл бөлу маңызды екендігін алға тартты.

– Тұтынушылардың талғамы сан алуан. Барлығының көңілінен шығуға тырысамын. Торттардың сыртқы келбетімен қатар дәмі де үлкен рөл атқарады. Қоспаларға қаражатты аямаймын. Барынша сапалысын алуға тырысамын. Өйткені, сөредегі заттар қаншалықты тартымды әрі тәтті болған сайын маған келетін тұтынушылар саны да көбейе береді. Әрине, қазір бұл кәсіппен айналысатын адамдар аз емес. Бірақ талғам деген дүние болады. Егер менің өнімім бір адамға ұнаса, екінші адам өзі келеді деген сөз. Жұмыс істегеніме көп болмаса да шын пейілмен келіп, бәліштердің дәмі тіл үйірердей екен деп, алғысын жеткізіп жатқандар да болды. Сол сәтте төбем көкке жетті. Еңбегімнің нәтижесі деген сол болар. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, қасыма өзім секілді қыз-келіншектерді жұмысқа алсам деймін. Бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін. Айтсам сенбессіздер, менің қос дипломым бар. Бірі – ұстаздық, екіншісі мейірбике. Соған қарамастан мен осы саланы таңдадым. Өйткені, бұл менің қалауым. Ал адам өз ісін сүйіп жасаса, барын салады, ізденеді. Мен де алдағы уақытта ізденуді тоқтатпай, тек дами түскім келеді, – дейді Құндызай Бәкірова.

Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 20 жас бизнес бастапты. Мамандардың айтуынша, биыл да жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде. – Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгеден екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Әрине, кәсіпкер болғысы келетін жастар жоқ емес. Бірақ, олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал, бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ, қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға қандай көмек бар? Міне, осы сұрақтардың жауабын білемін деген жастарға біздің орталықтың есігі әрдайым ашық.

Қазір жастарға жұмыс жоқ деп айту, ол тек, сылтау ғана. Біздің орталықта жұмыспен қамту шаралары бірнеше бағытта жүргізіледі. Тұрақты жұмыспен қамту үшін бірнеше жобалар бар. Ал бизнес бастаймын десең, үкімет өзі шәкіртақыңды төлеп, әуелі кәсіптік оқуға жібереді. Одан соң идея ұсынуға да қолдау көрсетеді. Қазір қоғамда осы қайтарымсыз грантты тек танысы барлар алады деген кереғар пікірлер көп. Олай емес екеніне көз жеткізу үшін бізге келіңіздер.

Мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндігін пайдаланыңыздар дегім келеді. Біз алдымызға көмек сұраған әрбір азаматты қолдауға даярмыз, – дейді аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұлов.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында 80 мыңнан астам тұрғын бар. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1049 жас жұмысқа орналастырылды. Оның 32-і осы «Бастау бизнес» арқылы кәсіп ашуға мемлекеттен көмек алғандар. Сонымен қатар аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан да жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асуда.

Нақтысы, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында «Жас шебер» атты қолөнерге баулу үйірмесі жұмыс істейді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар