«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жол жөндеуге бөлінген 28 миллиард теңге қалай жұмсалуда?

Жол жөндеуге бөлінген 28 миллиард теңге қалай жұмсалуда?
Автор
Облыстағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі бүгінде 10084 шақырымды құрайды.

Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1204 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 1697 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 1451 шақырым, елді мекендер көшелерінің желісі – 5732 шақырым. Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуына қарағанда, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінген.

Бөлінген қаражат есебінен 17,7 шақырым көше жолдары мен 5 көпір құрылыспен, 8,0 шақырым жолдарды қайта жаңғыртумен және 434,5 шақырым жолдарды орта жөндеумен қамтылуда. Нақтырақ айтсақ, 62,1 шақырым – облыстық маңызы бар автожолдар, 48 шақырым – аудандық маңызы бар, 324,4 шақырым – елді мекен көшелері. Барлығы 182 жобаны іске асыру аясында 460,2 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеулермен қамтылуда. Яғни, «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобасымен – 24 жоба немесе 110 шақырым, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен – 78 жоба немесе 199,8 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен – 6 жоба немесе 14,7 шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен – 3 жоба немесе 5,4 шақырым және жергілікті бюджеттерден – 71 жоба немесе 130,3 шақырым.

Бөлінген қаржылар ішінде жалпы 4 миллиард теңге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған.

Бұл қаржыға мына жұмыстар атқарылды:

– шұңқырлықты жөндеу жұмыстары – 158 804 шаршы метр;

– жаңа жол белгілерін орнату жұмыстары – 3 286 дана;

– ескірген жол белгілерін ауыстыру – 580 дана – жол бойына белгі беру бағандарын орнату – 231 дана;

– жасанды тегіссіздік орналастыру – 1 231,5 шаршы метр;

– жол таңбасын сызу жұмыстары – 3 495,1 шақырым;

– шулы жолақтар орнату – 46,8 шаршы метр;

– жол жиегін автогрейдермен тегістеу – 15 400,45 шақырым /жүру;

– жол жамылғысындағы ісіңкі орындарды жою – 130 текше метр;

– жол жамылғысындағы жол табандарды жою – 770 шаршы метр;

– шағалды жолдарды тегістеу – 112 шақырым;

– өртке қарсы минералданған жолақтарды салу – 491,1 гектар.

Іске асырылудағы 182 жобаның 21-і 2024 жылдан өтпелі.

Қалған 161 жоба – жаңа жобалар.

Сонымен бірге 23 жоба – 2026 жылға өтпелі.

Бүгінде 182 жобаның 173-де жұмыстар аяқталған, 9-ында жұмыстар жалғасуда. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар бойынша 7 жоба жоспарланған. Оның 2-уі келесі жылға өтпелі. Бүгінде 7 жобаның 7-де ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстар аяқталды.

Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 17 жоба іске асырылуда. Оның 4-уі келер жылға өтпелі. Бүгінде 16 жобада жұмыстар аяқталды, 1 жобада жұмыстар жалғасуда.

Қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жоба іске асырылуда, оның 14-і келесі жылға өтпелі.

Бүгінде 13 нысанда ағымды жылға жоспарланған жұмыстар аяқталды, 2 жобада жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен көшелерін орта жөндеу бойынша барлығы 143 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 27-сі келер жылға өтпелі. Бүгінде, 137 жобада жұмыстар аяқталды, 6 жобада жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы іске асырылудағы жобаларды ағымдағы жылдың 20 қарашасына дейін толық аяқтау көзделуде. Жол жөндеу жұмыстарының сапасы Жол активтерінің Сапа орталығымен бірлесіп тексерілуде. Бүгінгі күнге 303 инспекциялық шығу өткізіліп, 1360 сынама іріктелді. Оның 838-і талапқа сай, 552-інде сәйкессіздік анықталып отыр.

Бүгінгі күнге 142 сәйкессіздіктер жойылған болса, қалған 380-ін «KazRoadLab» зертханалық мәліметтер базасында жою жұмыстары жалғасуда. Жалпы атап өтетін болсақ, есепті кезеңге жол жөндеу барысында сапасыз жол құрылыс материалдарының қолданылуы немесе шарт талаптарының бұзылуына жол берген мердігерлерге басқарма тарапынан 3,7 миллион теңге тұрақсыздық айыппұлдары салынып, кепілдемелік мерзімде өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін 1 мердігерді жосықсыз деп тану бойынша сот процестері жүруде. Сол сияқты аудандар тарапынан да, шарт талаптарының бұзылуына жол берген 3 мердігерді жосықсыз деп тану және 1,7 миллион теңге айыппұл тұрақсыздығын салу бойынша сотқа арыз берілген. Бүгінгі таңға, сот шешімімен 1 мердігер жосықсыз деп танылса, 2 мердігер бойынша сот процестері жалғасуда.

Облыс бойынша Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасының 32 тармағы бойынша 2025 жылға 200 шақырым автожолды орта жөндеу жоспарланған. Оның ішінде: облыстық маңызы бар 130 шақырым, аудандық маңызы бар 70 шақырым жөндеу қажет. Бұл ретте, 2025 жылдың бюджетін қалыптастыруда 216 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды орта жөндеуге 11300 миллиард теңгеге өтінім беріліп, бюджет тапшылығына байланысты ішінара ғана қолдау тапты. Бұл ретте, осы жылдың бюджетін қалыптастыруда және нақтылауда бөлінген қаржыны қоса алғанда жергілікті маңызы бар автожолдарды орта жөндеуге 5431 миллион теңге бөлініп, 62,1 шақырым облыстық және 48 шақырым аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу жүргізілді. Осы орайда, бюджет қаржысының шектеулі болуына байланысты аталған көрсеткіштің орындалмауы орын алуда.

Бағдарламаның 33 тармағы бойынша 2025 жылға 235 шақырым елді мекен көшелерін орта жөндеу жоспарланған. Бөлінген қаржыға сәйкес 330,1 шақырым көшелерді жөндеу жоспарланып, көрсеткіш асыра орындалуда. Бағдарламаның 34-т армағы бойынша ағымдағы жылға 15 бірлік автобус алынуы белгіленсе, 2025 жылы 81 жаңа автобустар жеткізілді.

Жалпы алғанда Тараз қаласының автобус парктерін жаңарту бағытында 2023 жылдан бері 309 бірлік жаңа автокөлік алынған, жол картасымен белгіленген 6 жылдық жоспар 80 бірлік. Жоспар 3 есеге асыра орындалған. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – 73 бірлік автобус, 2024 жылы – 155 бірлік, 2025 жылы 81 бірлік автобус сатып алынды.

 

Оралхан ДӘУІТ.

 

Ұқсас жаңалықтар