«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табиғат – елдің ортақ байлығы

Табиғат – елдің ортақ байлығы
Автор
Ақынның өлеңінде айтылғандай «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтатын тілі жоқ». Елдің ортақ байлығы – табиғи ресурстардың игілігін пайдаланумен қатар, оны күтіп-баптауға міндеттіміз. Алайда, табиғат аясында демалып, қоқыстарын жинамай, шашып кететіндер де, орманның жайқалған жасыл желегін шауып алатындар да, аң-құсты аулап, судағы балықты қара құлқын үшін қыратындар да аз емес. Жаз айларында жиі орын алатын дала өрті табиғатқа қаншама зардабын тигізеді. Осындай зияндылықтарға жол бермеуді қадағалайтын облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып отырады.

Облыс аумағындағы орман шаруашылығын жүргізу мен жануарлар дүниесін күзету, оларды қорғап, молықтыруды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқаратын басқарманың ілкімді істерін басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевтан сұраған едік.

– Табиғат байлықтарын қорғау мен оларды молайту – аса маңызды салалардың бірі. Орманды молықтыру мақсатында 2021-2027 жылдары аралығында 140,8 миллион дана ағаш отырғызу жоспарланған. Жоспар аясында 2021-2024 жылдары жергілікті бюджеттен 798,2 миллион теңге бөлініп, 49,9 мың гектар алқапқа 94,8 миллион дана ағаш отырғызылып, жоспар толық орындалды. Анығырақ айтсақ, 2021 жылы 10,6 миллион, 2022 жылы 24,6 миллион, 2023 жылы 31,5 миллион, 2024 жылы 28,1 миллион дана ағаш отырғызылды. Облыста Орман дақылдарының жерсінуі және сақталуы пайыздық көрсеткішпен 60 пайыз болып белгіленген. Облыс бойынша егілген дақылдардың жерсінуіне тоқталсақ, 2021 жылы 50,9 пайыз, 2022 жылы 60,5 пайыз, 2023 жылы 61,6 пайыз, 2024 жылы 60,4 пайыз. Биыл жоспар бойынша көктемде 3198 гектар алқапқа 9,4 миллион дана көшеттер егілді. Күзде 5750 гектар алқапқа 6,3 миллион дана тұқым себу арқылы орман екпелерін құру жоспарланған. Бұл жұмыстарға 181,6 миллион теңге бөлінді. Ағымдағы жылғы жоспар жыл соңына дейін толық орындалатын болады, – деген Бауыржан Момынқұлұлы өрт қаупі бар маусымға жасалатын дайындық туралы да мәлім етті.

– Өздеріңізге белгілі, орман өрттері аса назар аудару мен тиянақты дайындықты талап етеді. Ағымдағы жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 47 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 32,9 мың гектар алқапты өрт шалды. Оның ішінде 19136,1 гектары орманмен көмкерілген жерлер. Өрт шығу себептері зерттеліп, анықталды. Орын алған өрттердің 3 жағдайы азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан болса, 26 жағдай найзағайдың түсуінен туындаған. Ал 4 жағдай әкімшілік аумақтардан мемлекеттік орман қоры жеріне өрттің өтіп кетуінен орын алған. Қалған 14 жағдайдың шығу себебі анықталмады. Қай аймақтарда қанша гектарын өрт шалғанына да тоқтала кетейік. Ақкөл ауылында 10 оқиға 21 994,93 гектар, Байзақта 8 оқиға 2803,82 гектар, Бурыл байталда 1 оқиға 6,26 гектар, Жамбыл ауданында 4 оқиға 536,8 гектар, Жуалыда 2 оқиға 25,16 гектар, Қарақоңызда 1 оқиға 2,7 гектар, Қосқұдықта 5 оқиға 1698,6 гектар, Көктеректе 3 оқиға 86,9 гектар, Луговой ауылында 2 оқиға 334,6 гектар, Меркіде 3 оқиға 1091,59 гектар, Мойынқұмда 7 оқиға 4387,50 гектар, Ұланбелде 24,23 гектар жерде болған. Алайда ормандарда өрт қаупі бар маусымында бірқатар проблемалар да болатынын айта кеткен жөн. Олардың шешу жолдары қандай дегенге келсек, 1-ші мәселе орман шаруашылығы мекемелерінде штат санының жетіспеушілігі, қазіргі уақытта 121 штат қажеттілігі бар. Екінші мәселе – орман шаруашылығы мекемелерінде өрт қауіпті аумақтарда өрт жасақшыларын кезекшілікке орналастыруға үй жайлардың болмауы, яғни орманшықорықшы үйлерінің, яғни кордондар жетіспеушілігі, бүгінде 39 қорықшы үйі жетіспейді. Үшінші мәселе – ормандарда өртті ерте анықтау жүйесін орналастыру. Төртінші мәселе – 2025 жылы жергілікті бюджеттен акваөсіру, балық өсіру шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға 200 миллион теңге бөлінген болатын. Алайда 2025 жылы бұл қаржы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан кері қайтарылды. 2024 жылғы 24 өтінімге 86927,8 мың теңге және 2025 жылғы 34 өтінімге 86600 мың теңге, барлығы 173527,8 мың теңге төлем жасауымыз қажет. Бұл жағдай қазіргі таңда балық өсірушілердің наразылығын тудыруда, орын алған мәселені жылдам шешу үшін, 200 мың теңге бөлу қажет, – дейді Бауыржан Молдашев.

Су ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу, экологиялық сараптама салалары бойынша жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылған. 2025 жылы басқарма теңгеріміндегі 6 су қоймасына жөндеу жүргізу үшін 48 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 3 нысанда жұмыс аяқталып, 10 миллион теңге игеріліпті. Қалғандары бойынша мердігерлер анықталып жатыр. Қосымша 22 су қоймасына ағымдағы, тағы бесеуіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжат әзірленуде.

– Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жұмыстарына тоқталар болсақ, 2025 жылы бекітілген жол картасына сәйкес, облыс аумағындағы 40 су нысанына су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жобасы дайындалуда. Жобаға 148 миллион теңге бөлініп, жобалаушы ұйым анықталып, қазір әзірленген жобалар тиісті мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде. Жерасты су ресурстарын пайдалану бойынша ауыл шаруашылығы мақсаттарына жарамды 11 жерасты су кен орнының картасы әзірленді. Сонымен қатар, 40-45 жыл бұрынғы зерттеулердің хаттамалары жинақталды және алдағы уақытта пайдалану үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне жолданды. Одан бөлек, облыс аумағындағы ұңғымаларға түгендеу жүргізіліп, қазір меншікке қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Су нысандарын меншікке өткізу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Жасөркен ауылындағы гидробекет бойынша берешектер 50 миллион теңге толық өтеліп, нысан республикалық меншікке өткізілді. Сондай-ақ, аудан әкімдіктерінің коммуналдық меншігіндегі 20 канал «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Су ресурстары министрлігі және Жекешелендіру комитетінің келісімдері алыну сатысында. Бұл каналдар Ислам даму банкінің 2 траншы арқылы жаңғыртылатын болады. Жалпы құны 33,081 миллиард теңге. Сонымен қатар 1 канал Қордай ауданындағы Благовещенский каналы республикалық меншіктен коммуналдық меншікке қабылданды. Бұл каналды 2026 жылы республикалық трансферттер есебінен жаңғырту көзделуде. Жалпы, 2026 жылы трансферттер есебінен 11 каналды жаңғырту жоспарланып отыр. Олар – Т. Рысқұлов ауданындағы Ботпай, Ботпай-Сихым, Көгершін, Көкдөнен, Шөңгер каналдары, Жуалы ауданындағы Теке Камал, Көксай №10, Госфонд, Көксай-2, Көксай №11 каналдары. Бұл жобалардың жалпы құны 8,020 миллиард теңгені құрайды, – дейді Б. Молдашев.

Экологиялық сараптама жүргізу бойынша департамент біраз істерді жүзеге асырған. Биылғы 9 айда ІІ санаттағы 73 нысанға қоршаған ортаға әсер етуге рұқсат берілді. 5 объектінің рұқсаттары иелерінің өтініші негізінде күшін жойған. 65 объектіге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген. 163 өтініш дәлелді себептермен кері қайтарылыпты. 48 объектіге қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялар қабылданған.

Ecoportal.kz арқылы қоғамдық тыңдауға 250 өтініш түскен, оның 95-і ашық жиналыс түрінде өткізілген. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын жаңғырту бойынша Байзақ ауданында 1 жоба жүзеге асырылуда. «Жасыл даму» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылып отырған «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұл жобасының құны 883,6 миллион теңгені құрайды.

Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша ауқымды іс атқарылуда

Жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік сала және жергілікті инфрақұрылымдарға бөлінген қаржы өткен жылы 1,077 миллиард теңгені құраған, 2023 жылғы бұл көрсеткіш 612 миллион теңге болған еді. Кең таралған пайдалы қазбалардың 2024 жылғы лицензиялық келісім шарттық (ЛҚШ-1) есептілігіне сәйкес қаржылық міндеттемелері бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевтің айтуынша, жалпы қаржылық міндеттемелер – 10 757 351 300 теңгені, әлеуметтікэкономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға – 71 047 100 теңгені, мамандарды оқытуға – 66 490 070 теңгені, тарату қорына – 37 696 800 теңгені құрап отыр.

– Облысқа түсетін салық төлемдерін ұлғайту мақсатында ірі жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарында көзделген әлеуметтік салаларды дамытуға арналған төлемдер мөлшеріне зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оларды 3 есеге ұлғайту бойынша ұсыныс хаттар жолданды. Анығырақ айтсақ, «Алтыналмас АҚ» акционерлік қоғамы 12,2 миллион теңгеден 50,3 миллион теңгеге, «Корпорация Қазақмыс» акционерлік қоғамы 68 миллион теңгеден 80 миллион теңгеге, «Golden Compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 16,3 миллион теңгеден 39,5 миллион теңгеге, «Разведка и добыча QazaqGaz» («Амангелді Газ») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 миллион теңгеден 123,2 миллион теңгеге ұлғайтып, аударымдар жасалды. Кең таралған пайдалы қазбалар бөлігінде 128 келісімшарт, 5 лицензия бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған міндеттеме төлемдері ұлғайтылып, 2024 жылы 85,2 миллион теңге аударымдар жасалды. Бұл келісімшарттарда көзделген мөлшер 29 миллион теңге 340 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Көрсеткіш 2022 жылы 51 миллион теңгені, 2023 жылы 56,1 миллион теңгені құраған болатын. Қазіргі таңда, кең таралған пайдалы қазбаны өндіруге арналған келісімшарттар және жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы отырысында келісім шарттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған міндеттеме, кадрларды оқыту міндеттеме мөлшері және тарату қорының міндеттемесі мөлшері бойынша төлемдері комиссия ұсынысымен айтарлықтай ұлғайтылып жатыр. Мысалы, кіші кәсіпорындарға 24 000 теңгеден 500 000 теңгеге өсіруді, орта кәсіпорындарға 100 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге, ірі кәсіпорындарға 3 000 000 теңгеден 5 000 000 теңге аралығында. Өйткені, аталған келісім шарттардың басым бөлігі 2000-2015 жылдар аралығында жасалып, жыл сайын төленетін міндеттемелер 12000- 30000 теңге аралығында бекітілген. Одан бөлек, өңірде жер қойнауын пайдаланушыларды облысқа салық төлеуші ретінде тіркеу бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытқа қатты пайдалы қазбалар бөлігінде 3 кәсіпорын тіркелген, олар – «Шокпар-Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Zhanashyr Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кең таралған пайдалы қазбалар бөлігінде 1 кәсіпорын «Оргстрой» жапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген, – дейді Бауыржан Момынқұлұлы.

Тапсырмаларға сәйкес, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесу бағытындағы жұмыстардың көлемін арттыру, жақсарту мақсатында 2024 жылы облыс аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Іс-шара жоспарына сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күресу жөніндегі мобильді топ құрылған.

Топ құрамында ауылдық округ әкімі, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінің, аудандық және қалалық ішкі істер бөлімдерінің өкілдері, қоғам белсенділері бар. Мобильді топтарға аудан аумағына қарасты жер учаскелерінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтап, заң бұзушылықтар туралы материалдарды шара қолдану үшін тиісті уәкілетті органдарға жолдау, сонымен қатар аталған материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде тұрақты жариялау жүктелген.

Мобильдік топтар анықтаған заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілері бойынша маркшейдерлік қызмет көмегімен пайдалы қазбаларды заңсыз өндірген жер учаскелерін анықталып, түсірілімдер жүргізілген.

Облыс аумағы бойынша заңсыз өндірілген жерлердің көлемі 173 гектарды құраса, ал жер қойнауы ресурстарына келтірілген жалпы залал мөлшері 2,6 миллиард теңгені құраған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар