«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы

Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы
Автор
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.

Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жина лысы Федерация Кеңе сінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Валентина Матвиенкомен кездесу барысында Президент бұл сапарын Қазақстан-Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.

– Бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан тарихи маңызға ие, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуі жайында айтып, екі елдің ресми делегация өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздердің күн тәртібіне назар аударды.

– Кеше Владимир Владимировичпен екі сағатқа жуық жүзбе-жүз отырып әңгімелесіп, көптеген мәселені, өзара ынтымақтастықты және халықаралық ахуалды талқыладық, – деді Қазақстан Президенті.

Валентина Матвиенко кездесу үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына Ресейдің ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

– Сіздің сапарыңызға өте үлкен дайындық жүргізілгенін білемін. Мазмұнды бағдарлама мен мемлекетаралық құжаттар пакеті әзірленді. Бүгін бұл құжаттарға мемлекеттер басшылары қол қояды. Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің «Российская газета» басылымына жарияланған мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Шынымды айтсам, Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына қатысты тұстарына алып-қосарым жоқ. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихы, бүгіні және болашағы жайында өте терең толғам жасағансыз, – деді Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, сондай-ақ парламентаралық диалогтың өзекті мәселелерін талқылады.Жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық келісімге заңнама тұрғысынан сапалы қолдау көрсетудің және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңызын атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко екі елдің мемлекетаралық және парламентаралық қарым-қатынасына арналған фотокөрмені тамашалады.

Келелі келіссөздер жүргізілді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде келіссөз жүргізді. Жоғары деңгейдегі келіссөз алдында Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің ұлттық әнұрандары орындалды. Мемлекет басшысы Мәскеуге шақырғаны, сондай-ақ дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Ресей тарапы сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымыз орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Ро сатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы екіжақты ықпалдастықты қарқынды дамытуға баса мән берді.

– Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Кремль сарайында қарсы алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

– Бүгін Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақст анмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші саудаэкономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМДға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, – деді Ресей Президенті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси, саудаэкономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды.

Инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын нығайып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы басқосу тақырыбы «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы аталған бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезеңкезеңімен жүзеге асырылып жататынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады. Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге 9 миллиардқа жуық инвестиция құйды. Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның тарихи-мәдени мұраға бай, индустриялық әлеуеті зор Орал қаласында ұйымдастырылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды. Орал шаһары ғасырлар бойы халықтарымыздың бірлігін бекемдеуге дәнекер болып келеді.

– Форум тақырыбының мәні ерекше. Өйткені жұмысшы мамандық иелері шын мәнінде елдеріміздің экономикалық өрлеуіне үлкен үлес қосады. Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл бастаманы қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандарды жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Жасанды интеллект технологиясының кеңінен енуі, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын қазірдің өзінде түбегейлі өзгерте бастағанына куәміз. Өркениет көші еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты.

– Инновациялық басқару, цифрландыру және интернационалдандыру қағидаттары негізінде 2025-2027 жылдарға арналған жоспар қабылданды. Колледждер теорияны практикамен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық. Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құралжабдықтарды жаңғыртуға атсалысады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан соң Президент форум қатысушыларына елімізде ақысыз негізде техникалық және кәсіптік білім беру жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар екенін атап өтті.

– Біздің елдеріміздің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы. Барлық деңгейде сенімді диалог жүргізудің арқасында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының мән-мазмұны ұдайы толығып келеді. Екі елге ортақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өтетін шекара – халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы. Орайлы сәтті пайдаланып, Форум қызметіне және барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым назар аударып, қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бірге күш-жігер жұмылдыру арқылы алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей Президенті Оралда өтіп жатқан форум аясында өңірлер арасында ондаған жаңа келісім мен меморандумға, коммерциялық келісімшартқа қол қойылғанын атап өтті. Бұл Ресей мен Қазақстан аймақтарының тығыз ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

– Келесі форум 2026 жылы Қазан қаласында ұйымдастырылады. Біз Қазақстан делегациясын о сы шараға қатысуға шақырамыз. Екі ел аймақтарының білім беру мен кадр даярлау с а ла ларында ғана еме с, экономикалық және әлеуметтік өмірдің басқа да бағыттарында ықпалдастық орнатуына мүмкіндік мол. Ресей мен Қазақстанның өңірлері бұрынғыдай жұмылып жұмыс атқаратынына сенімім кәміл. Бұл ретте өңірлеріміз тікелей, сондай-ақ түрлі деңгейде жолға қойылған кең ауқымды байланыстарға арқа сүйеп, Ресей мен Қазақстанның серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі өркендетуге салмақты үлес қоса алады, – деді Владимир Путин.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарымқатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды. Cонымен қатар мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.

Бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Президент Ресейге мемлекеттік сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарымқатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.

– Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде. Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сынқатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді. Осындай берік негізге құрылған стратегиялық серіктестігіміз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бірқатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты деңгейде мерекеледік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен патриоттарды еске алып, құрмет көрсеттік. Әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл – ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық ынтымақтастығымызды танытып келе жатқан бірегей жоба. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы – маңызды меже. Біздің құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекарамыз – тату көршіліктің жарқын символы, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің ықпалдастығы жаңа мазмұнмен ұдайы толығып келеді.

– Әлгінде ғана біз құрметті Владимир Владимировичпен бірге Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойдық. Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар Ресей Президентін жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп біледі әрі құрметтейді. Оның есімі әлемге мәлім және қазіргі алмағайып заманда орыс халқы мен Ресей мемлекетінің мүддесін қорғау ісінде сенім мен қажымас қайраттың символы ретінде қабылданады. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей–Қазақстанның маңызды саудаэкономикалық және инвестициялық серіктесі саналатынына тоқталды.

– 2024 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды құрап, биылғы 8 айда 17 миллиард доллардан асты. Алдымызға екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Ресейден Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция құйылды. 2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 миллиард долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды. Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы да артып, оның өзіндік құны 15 жылда шамамен 9 миллиард долларға жетті. Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Бұл елімізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаластық. Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы және Іс-шаралар жоспары қабылданды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Ақтау қаласында Ресей Бас консулдығының ашылуы өңіраралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, көлік-транзит саласындағы байланыстардың да келешегі зор.

– «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келістік. Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өттік. «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниеттіміз. Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады, – деді ол.

Энергетика саласындағы серіктестік келіссөз арқауына айналды.

– Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткіздік. «Росатом» компаниясымен еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатқанын атап айтқым келеді. Біз мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келістік. Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондайақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент экономикалық байланыстар жаңа салалар есебінен ұдайы кеңейіп келе жатқанын айтты. Сапар аясында қол қойылған құжаттар елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ІТ секторының болашағы зор екенін айтып, Қазақстанның бұл салада тәжірибесі мол екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтарымыздың бірлігін арттыруда мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқаратынын жеткізді. Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылғанын атап өтті.

– Саясат, қауіпсіздік, саудаинвестициялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ұзақ мерзімді перспективадағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттары үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен меморандумдарда белгіленді. Әрине, келіссөздерде экономикалық ықпалдастыққа басымдық берілді. Қазақстан – Ресейдің ТМД және тұтас еуразиялық кеңістіктегі ірі сауда серіктестерінің бірі. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы алыс-беріс үнемі әртараптандырылып келеді. Онда шикізаттық емес өнімдердің үлесі көп, – деді Ресей Президенті.

Мәдениет күндері аясындағы рухани диалог

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Қазақстан өнерпаздарының гала-концертіне барды. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мерекелік кеш Үлкен театрда өтті.

Сахнада қазақтың музыкалық және хореографиялық өнерін насихаттап жүрген танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Бұл концерт Қазақстанның бай мәдени мұрасын танытып, екі елдің рухани диалогын нығайтуға ықпал етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге хат жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатта Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Жылы жүздесу, өзара сенім, түсіністік пен ашықтық сипатында өткен келіссөздер сапардың сәтті болуына септігін тигізді. Қазақстан халқы мұны зор ықыласпен қабылдады. Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық қарым-қатынасын жанжақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларация айрықша мәнге ие. Бұл құжат елдеріміздің сан қырлы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады, – деп жазды Мемлекет басшысы.

 

Дайындаған Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар