«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі достың өмір жолы осылай басталған

Екі достың өмір жолы осылай басталған
istockphoto.com
Шақпақ өңіріндегі Бала Құлан тауының төскейін мекендейтін Нұрабай ауылының адамдары түс қайта Қоңыртөбе түбінен ағып өтетін өзеннен бері шыға, жердің шаңын бұрқырата шауып келе жатқан салт аттыға аңыра қарап қалған-ды. Оның әкеле жатқаны қуаныш па, әлде күйініш пе, мұны әзірше ешкім білмейді. Қазақтың салтында жайшылықта естияр адам ешқашан да ауылға қарай шаппайды. Біраздан кейін байқадық, көк жорғасын үстін-үстін қамшылап, құйғыта түскен салт атты менің әкем Сағындық болып шықты.

Біздің атамыз бен әжеміз:

– Әй, не боп қалды? – деп қосарлана дауыстады.

– Ештеңе де болған жоқ, – деп ентіге жауап қайырған әкем маған: – Дереу жуынып-шайын, балақай! – деп әмір етті.

– Әулиеатадағы интернатқа оқуға баратын болдың!

Біздің үйдің маңына жиналып қалған бір топ халық көкемнің әкелгені жақсылық хабар екенін біліп, көңілдерін демдеді. Тек менің шешем ғана әбігерленіп жүр: мені жылдам жуындырды, таза іш киім кигізді. Тек сыртқы киімім мәз емес: үстімде тозығы жеткен көкшіл бөз шапан, басымда үлкен ағамның ескірген елтірі бөркі, аяғымда жыртық шоқай.

Сәлден соң көкем мені аттың артына мінгестіріп алды да, Бурное стансасына қарай тартты. Жол-жөнекей байтана тайпасындағы жездеміз Байдалының ауылына соқтық. Енді мен сол кісінің ерттеулі тайына мініп алдым. Ұзамай базар басындағы шайханада бізді күтіп отырған Сауранбай болыспен, Шақпақ өңірінің атқамінерлері Ақаш және Асанқұлмен амандастық. Соңғы екеуінің ұлдары – Сейіткерім мен Мақсұт та Аса интернатына бармақшы екен.

Біз көп аялдамай Әулиеатаға жүріп кеттік те, Күйік асуынан әрі өткеннен кейін, қаңлы руына тән майда тайпасына жататын бір ауқатты шаруаның үйіне қонып шығып, ертеңіне сәске түсте интернатқа барып жеттік.

Сол тұста уезд орталығы болған Әулиеатадағы Аса интернаты қаланың батыс жағында, Үшбұлақ деп аталатын атыраптағы қаңылтыр шатырлы үйлерде орналасқан болатын. Қырғыз Алатауынан бастау алатын Күркіреу суы Күйік шатқалында Боралдай жақтан ағатын Теріс арнасына қосылады да, бұдан кейін Аса өзені деп аталып, Қаратаудың солтүстік жағындағы Билікөлге барып құйылады. Алғаш рет бізді тәрбиелеп өсірген оқу орнының аты да, міне, осыған байланысты еді.

Интернат түлектері біздің топты жамырай қарсы алды. Солардың бірі – мен құралпы, талдырмаш, аққұба бала қасыма жетіп келді: екі көзі танадай, қос жанары жарқ-жұрқ етеді. Ол менің бөз шапанымның әрбір жыртығын саусағымен нұқып, орысша: «Что это, что это?» – деп қайта-қайта сұрай берді. Сірә, менің кейпім, әсіресе жыртық шапаным мен шоқайым қөзіне тым сұмпайы көрінсе керек. Мен қатты қысылып, үнсіз төмен қарадым.

«Жаңа түскен келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, өзіме әбден ұнап қалған бұл бала екеуіміз содан былай жақсы сөйлесіп таныс-біліс болып алдық. Өзінің аты – Бауыржан, әкесі – құлый тайпасына жататын, сол өңірдегі дүйім жұртқа әбден танымал болған Момыш молда екен. Мен де өз әкемнен осынау әзіз кісінің есімін талай рет естігенмін.

Ешқашан да жұбы жазылмаған жуалылық екі достың – Бауыржан М о м ы ш ұ л ы м е н Қ ұ р м а н б е к Сағындықовтың – өмір жолы, міне, осылай басталған.

Аса интернаты

Интернат Әулиеатаның Үшбұлақ дейтін өңірінде бұрын орыс көпесінің меншігінде болған қаңылтыр шатырлы бірнеше үйде орналасқан-ды. Ауланың ортасындағы үлкен үйде жатақхана, кішілеу үйде үш оқу сыныбы болатын. Бұлардан жарты шақырымдай жердегі оқшау үйде негізінен интернаттың оқу құралдары мен жабдықтары сақталатын. Интернат үйлерінің бәрі қаланың Полторацкая көшесінің бойында еді. Алғашында интернат тәрбиесіндегі балалардың саны жүзден асатын.

Бізге интернат меңгерушісі Уәли Байшин дейтін татар жігіті орыс тілінен, оның зайыбы Хадиша қазақ тілінен сабақ беріп жүрді. Осынау ерлі-зайыптылар жөнінде менің жадымда сақталып қалғаны – күйеуі қаншалықты байсалды да салмақты болса, әйелі соншалықты ұшқалақ, әрі ашуланшақ еді. Хадиша ханым өзіне ұнамаған баланы ешбір дәлелсіз «ит, шошқа, хайуан» деп тілдей бастайтын. Бұлар қалалық оқу бөліміне ұнамай қалды ма, әлде басқа бір себептен бе, әйтеуір жарты жылдан кейін интернаттан кетті де, бізге енді Зейнолла Есімов дейтін зиялы кісі басшылық ете бастады. Ол интернаттағы төрт кластың шәкірттеріне қаланың байырғы мұғалімі Михаил Васильевич Пинчук дейтін кісі орыс тілінен сабақ беретін етті. Бұл кісі орысшаны ғана емес, қазақ тілін де жетік білетін зерделі де инабатты ұстаз болатын. Интернатта бұрын-соңды сабақ берген мұғалімдерден бұл кісінің ерекше бір қасиеті – сабағын әзірлеп үлгермеген немесе бұған салдыр-салақ қарайтын, тіпті рабайсыз сотқарлық жасайтын баланы қатты жазғырып та, тілдеп те көрген емес. Қайта, мұның керісінше, қандай бейбастақ, тәртіпсіз баланы болса да, ақыл-парасатымен, байсалдылығымен, салиқалығымен жөнге сала білуші еді. Осыған орай, біз де бұл кісіні өте жақсы көретін едік...

Интернаттың қора сыпырушысы әрі арбамен отын және азық-түлік тасушысы Дүйсен дейтін орта жастағы кісі еді. Мұның Сейсенкүл дейтін он жасар қызы да Бауыржанмен бірге екінші класта оқитын. Дүйсеннің өзіне тапсырылған толып жатқан жұмысты дер кезінде дұрыс атқаруына Жантай дейтін жасөспірім жетім бала көмектесіп жүрді.

Кейін бүкіл Әулиеата қаласында аты аңызға айналып кеткен осы Жантай туралы кейбір мәліметтер келтіре кетейік. Бұл ашаршылық жылдары қаршадай бала кезінде әке-шешесінен, туған-туысқандарынан айырылып, тақыр жетім болып қалған да, өзінің бір қабырға ағайыны мұны Әулиеатадағы бір туысына әкеліп тапсырған. Бірақ тұрмыс жағдайы адам айтқысыз нашарлап кеткен бала ол үйден біржола қашып шығып, панасыз балалар тобына қосылады да, бірде қайыр-садақа сұрап, бірде қалтаға түсіп, күнелтеді. Есейе бастаған шағында өзбек саудагерлері мен қазақ байларына жалданып, әр түрлі жұмыс атқарады. Кейінірек ішкі базар жалдаптарының жылпос та тындырымды қолқанатшабарманына айналады. Жантай туралы әңгіме етерлік жайттар көп. Оның жиырмасыншы жылдары Бауыржан екеуімізге, отызыншы жылдары менің өзіме көрсеткен үлкен көмегі жайында ғана кейінірек осы естелік-дастанның тиісті тарауларында баяндалмақ.

Интернатта жиырма екінші-жиырма үшінші жылдарда Бауыржан екеуімізге ерекше қамқорлық жасап, қол ұшын берген, бізді көп нәрседен хабардар етіп, тәрбиешілік міндет атқарған апалысіңлілі Лена мен Маша туралы бірекі сөз айта кетейін. Ә дегенде бұл екі қызды бір-бірінен ажырату өте қиын еді. Тек аңдап қарағанда ғана Ленаның әнтек ақ сары, Машаның шикіл сары екенін байқайтынбыз. Бұлар біздің интернатқа комсомолдың жолдамасымен келген. «Компартия», «Пионер» деген ұғымдарды да біз алғаш рет осы қыздардан есіткенбіз. Біздің орысша мүлде шала білетінімізді ескеріп, олар әр сөзін бізге ежіктеп түсіндіреді. Пролетариаттың ұлы көсемдері Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ильич Ленин туралы қабырғада ілулі тұрған портреттер бойынша, бізге қысқаша айтып берген де, кейінірек интернатта пионер ұйымын құруға жетекшілік еткен де – осы қыздар.

Лена мен Маша оңаша қалғанда баяулата ән салады. Кейінірек білдік, екеуінің орындайтыны – көбінесе орыстың халық әндері екен. Бізге көбірек ұнайтыны – «Көктемде күн күлімдеп, қарлығаш ұшар қалықтап» деген сөздермен басталатын өлең. Мұның себебі, сірә, осы тәріздес өлеңнің қазақша да кездесетіндігінен болуы керек. Бір айта кетерлік жайт, қыздар өздері ғана ән салумен тынбай, бізге де әнді нәшімен айтқызуды көздейді, түсініксіз немесе көмескілеу ұғымдар мен сөздердің мәнісін кездескен сайын құлағымызға құя береді. Біздей қарапайым қазақ балалары үшін мұндай кештердің пайдасы мен әсері ерекше болды.

Мен бірінші класта орыс тілі мен емлесінен алғашында қатты кібіртіктеп жүрсем де, кейінірек әбден машықтана бастадым. Орыс тілінде диктант жазғанда кететін қате бірден-бірге азая түсті, орысша сөйлеуге де төселе бердім. Қазақ тілінен ылғи алда болдым деп ұялмай айтуыма болады, бұған ескіше оқуымның үлкен септігі тигені де даусыз. Сонымен, орысша мен қазақшадан алған бағаларым жақсы және өте жақсы болып жүрді.

Оқудан босаған сәттерде біздер, интернат түлектері, әр түрлі қара жұмыс атқарамыз: күн сайын қораны қоқыстан тазартамыз, төсектеріміз бен жастықтарымызды, сейсептеріміз бен сүлгілерімізді сыртқа шығарып жаямыз, арықтар мен атыздарды, ат қора мен дәретхананы тазартамыз. Бұдан кейін түлектердің дені қабілеттеріне қарай кітап түптейтін шеберханада, ағаш ұсталығында, суретшілік студиясында жұмыс істеп машықтанады.

Қысқасы, алғашқы оқу жылында мен бірінші класты ойдағыдай аяқтадым, ал Бауыржан екінші кластан үшіншіге өтті. Интернат меңгерушісі Зейнолла Есімов маусым айының аяғында бәрімізді жинап алып, үй-жайы бар балаларды бірінші шілдеден бастап тамыздың аяғына дейін ауылдарына барып қайтуларына рұқсат етілетінін, ешбір туысы жоқ тақыр жетімдердің интернатта қалатынын, ал барлық кластарда сабақтың ежелгісінше бірінші қыркүйекте басталатынын жариялады.

Жазғы каникул басталысымен-ақ, бір топ бала Жуалыға, атап айтқанда, Бурное станциясына жету үшін Әулиеата темір жол станциясына бардық. Бұл топтың ішінде Бауыржан екеумізден басқа Қошқараталық сиқымдар Рысқұлбек Жолдыбаев пен Қабылбай Үсенов, Бақатейлік қожық Дәулетжан Ыбырайымов бар. Ешқайсымыздың қалтамызда ақша дегеннен соқыр тиын жоқ. Бәріміздің ойымыз әр түрлі. Вагондарға ұрланып мініп кету еді. Бірақ ешқайсымыздың жолымыз болған жоқ: әбден әккі болып алған кондукторлар бесеуімізді де пойыздан түсіріп тастады.

Бұдан соң бәріміз ақылдаса келіп, Жуалыға жаяу тартуға тәуекел еттік те, даңғыл жолға түсіп, Күйік асуына қарай беттедік. Біз Головочевка селосына жеткенде, кеш батып, ымырт жабыла бастады. Сонда бәріміз Айша бибінің зиратына барып түнемекші болдық. Зиратқа жақындай бергенде, сол маңнан жылтыраған от көрінді де, соған қарай бұрылып, күзетшінің күркесіне тап болдық. Ерлі-зайыпты егде кісілер бізді жатсынып, алғашында кірпідей жиырылған еді, бірақ біздің мәнжайымызды білгеннен кейін жадырай бастады, тез арада бізді қуырған бидаймен қоректендірді де, жатып тынығуымыз үшін астымызға текемет төсеп берді.

Келесі күні елең-алаңда біз қара жолға түсіп, Күйікке қарай беттедік. Тастақ жолмен өрге қарай жүру қандай қасірет десеңізші! Ешкімнің де аяқ киімі мәз емес: негізінен жыртық бәтіңке немесе көнетоз шоқай.

Күйік асуынан өтіп, жазық далаға жеткенімізше, бәріміздің табанымыз ойылып қалды. Әсіресе, қатты қасірет шеккен Бауыржан болды. Жерге сұлап жата кеткен серігім енді өздігінен ілгері аттап басуға да, менің сүйемелдеуіме де көнбей қойды. Сондықтан бәріміз түгел аялдап, біраз тынығып алуға келістік. Бір тәуір жері, бірер сағаттан кейін бізге қала жақтан бір салт атты келіп жетті. Бауыржанның бағына қарай, жолаушы оның ауылдасы, әрі ағайыны болып шықты да, ол біздің талдырмаш серігімізді атына мінгестіріп әкетті. Енді қалған төртеуіміз жолға шықтық. Мен өздігімнен Шақпаққа қарай тіке тартпай, үш жолдасымның азғыруына көніп, өз ауылымнан едәуір қиыстап кеттім. Ал ауылға төтесінен тартқанымда, кеш батқанша барып жететін де едім. Бірақ енді төртеуіміз де кешті орта жолда батырып, елсіз даладағы егістік басында түнеуге тиісті болдық. Содан елең-алаңда ояндық. Бақсам, Төскейдегі өз мекенімнен онша алшақ кете қоймаппын, қайта ауылдың нақ өкпе тұсында екенмін. Үш жолдасыммен қош айтысып, мен өз мекеніме тіке тарттым да, Қабылбай мен Рысқұлбек Боралдайға, Дәулетжан Бақатейге қарай беттеді...

Демалыс біткеннен кейін, интернат түлектері түгел бас қосып, бәріміз сабаққа әзірлене бастағанбыз. Ұзамай біздің мұғаліміміз Пинчук бірінші класты бітірген шәкірттерді түгел жинап алды да, диктант жаздыра бастады. Мұның өзі бір жағынан өткен сабақты пысықтау болса, екіншіден, бірінші класты өзге мектепте бітіріп, бізге келіп қосылған жаңа шәкірттердің білімін сынақтан өткізу тәсілі еді.

Біздің дәптерлерімізді жинап әкеткен мұғаліміміз Василий Михайлович ертеңіне класқа кіріп, бізбен сәлемдесіп болғаннан кейін:

– Сағындықов Құрманбек! – деп дауыстады.

– Мен! – деп орнымнан ұшып тұрдым.

– Сен үшінші класқа бар, – деді ол.

Үшінші кластағы шәкірттер саны небәрі он төрт екен, кірген бетте бос орын іздеп, бөлмені көзіммен шолып өттім. Ең алдымен шеткі партада отырған Бауыржанды, оның қасындағы қараторы талдырмаш қызды көзім шалды. Мен бұдан былай осы класта оқитынымды айтып едім, Бауыржан жалма-жан қасындағы қызға:

– Сейсенкүл, сен Қабылбайдың қасына барып отыр, енді бұл орын Құрманбектікі болады, – деді.

– Қасыма келіп отыр, Сейсенкүл, ұялма, – деді де Қабылбай енді маған қарап: – Екінші класты аттап өткенін қарашы мұның. Білгіш болсаң, көбейту кестесіне де жетік шығарсың. Жеті жердегі жеті қанша болады? Айта қойшы, –деді.

– Оны білемін ғой, – дедім мен салмақпен.

– Бұдан сабақ сұрайтын мұғалім бе едің сен! – деп шүйілді Бауыржан Қабылбайға.

Сол арада класқа мұғалім кіріп келді де, өрши бастаған егес кілт тына қалды.

Міне, нақ осы сәттен бастап, орта мектепті бітіргенге дейін Бауыржан екеуіміздің жұбымыз жазылған емес. Сабақ оқитын партамыз бір болды, асханада бірге отырып, дәл бір мезгілде тамақтандық, ұйықтайтын төсегіміз қатар тұрды, әсірелеп айтқанда, әрқайсымыз егіздің сыңарындаймыз, әрі арамыздан қыл өтпестей тату болдық, бір үзім нанды бөліп жеп, бір жұтым суды бөліп іштік...

Екеуіміздің сабақтағы үлгеріміміз де, әр түрлі пәндерден алған бағамыз да жақсы болып жүрді, тек Бауыржан арифметикадан, мен қазақ тілінен екінің бірінде үздік баға алатын едік.

Біз 1923 жылы апалы-сіңлілі екі қыздың – біздің тәрбиешілеріміз Лена мен Машаның – ақыл-кеңесі бойынша жас ұландар (пионерлер) қатарына өтіп, мойнымызға қызыл галстук тақтық. Ал сол жылдың күзінде интернат түлектері түгелдей қара сатиннен тігілген жаңа куртка киіп, мойнымызға қызыл галстук тағып, алғаш рет Полторацкая көшесінде шеру құрған кезімізде, біздің қуанышымызда шек болған жоқ. Осыдан кейін іле-шала интернат меңгерушісі Зейнолла Есімов Бауыржан екеуімізді жаңа формадағы киімімізді сынақтан өткізіп қайту үшін уездік оқу бөліміне жіберді. Мекеме басшысы Әзіз дейтін кісі біздің бойымызға шақ, жарасымды киімімізді көріп, ерекше қуанып кетті де, көңілі елжіреп, екеумізді кезек-кезек құшып сүйді...

Бұл жылы ұмытылмастай есте қаларлық тағы бір жаңалық – біздер, интернат түлектері, бәріміз қосылып айтатын түрлі әндерді үйрене бастадық. Біз шеру құрып жүрген кезімізде көбінесе Сәкен Сейфуллиннің мынадай жаңа өлеңін нақышымен жиі-жиі айтатын едік:

Кел, қазақ, кедейлер,

Ұйымдас жалшыңмен.

Молда мен байларды

Қойдай қу қамшыңмен.

Бұл заман сенікі,

Өз еркің қолыңда.

Кеңеспен бірлесіп, Т

аптың түс жолына...

Б і з д і ң ұ с т а з д а р ы м ы з б е н тәрбиешілеріміз интернат түлектерін оқта-текте қаланың Полторацкая көшесінің бойындағы клубқа бастап апаратын. Онда түрлі-түрлі ойынсауық көрсетіліп тұратын-ды. Аса интернатының кейбір түлектері, олардың ішінде Бауыржан да жатқа өлеңдер оқып, тақпақ айтып жүрді. Жаңылмасам, авторы сол кездегі жас ақын Асқар Тоқмағамбетов болуы керек, «Қойшының зары» деген өлеңді Бауыржанның нәшіне келтіре, әдемі де асқақ дауыспен жатқа айтқаны, бәріміздің сүйсіне қол шапалақтағанымыз есімде.

1923 жылдың екінші жартысында интернат меңгерушісі маған бір қосымша міндетті – наубайханадан күн сайын арбамен нан мен ұн әкеліп тұруды тапсырып қойған-ды. Бұл міндет менің сабақты дер кезінде, ойдағыдай пысықтап үлгіруіме едәуір қиындық келтіріп жүрді. Мұның бір тиімді жағы, Бауыржан екеуіміз күн сайын бірекі үзім нанды ыстығы басылмаған қалпында жеп алатынбыз...

Сол жылы түрлі жұқпалы аурулар, әсіресе, бөртпе сүзек індеті қаланы жайлап алған болатын. Бір күні нан әкеле жатқанымда, басым айналып, көзім қарауытып құлап қала жаздадым. Қора сыпырушы Дүйсен мені арбадан әзер түсіріп, нанды қоймаға кіргізіп болғаннан кейін, сүйемелдеп жатақханаға жеткізді де, нәубетші мұғалімді шақырды. Менің бақытыма орай, бұл менің өз мұғалімім, әрі бәріміздің инабатты тәрбиешіміз Василий Михайлович Пинчук екен. Келген бетте ол менің науқасымның бөртпе сүзек екенін анықтады да, емдомын жасауға кірісті. Құлыптаулы тұрған қобдишадан дәрі-дәрмегін алып, маған дененің аптабын басатын, бастың сырқырауын жеңілдететін ішірткілерін жұтқызды, сәлден кейін бір стакан ыстық сүт ішкізді.

Айта кету керек, интернатқа келгелі біз сүт атаулыны, әсіресе, ыстық күйінде, әсте жұтып көрген емеспіз. Соңынан білдім, менің ұстазым, әрі шипагерім өзінің бір көршісінен әдейі сұрап әкелген екен. Сол сәтте айналамызда бір топ бала тұрған. Өзім алаулап жатып, топтың ішінен Бауыржанды байқадым. Өңі қуарып кеткен, танадай көздері жыпылықтап, ұзын кірпіктері діріл қағады: өзі жылап жіберуге әзір тұрғандай. Басқалары көбінесе сүт құйылған стаканға тесіле қарайды. Мұғалім иегімен ымдап балаларды сыртқа шығарып жіберді.

Сүт жайында менің көбірек әңгіме етуімнің себебі – жатақханада нақ сол сәтте бір ерсі оқиға болды. Сейдуәлі дейтін біз құралпы бала сырттан қайтып келді де, аһілеп-үһілеп төсегіне сұлай кетті, өзі байбалам салып, дөңбекши бастады. «Ойбай, өліп барамын, жанып барамын!» деп зарлайды ол. Тәрбиешіміз сол заматта оның қолтығына градусник салып, біраздан кейін алып қарады да, Сейдуәліге сұстия қарап: «Дереу тайып тұр, әйтпесе өзіңді қатты жазалаймын! Сенің жаман қулықтан басқа ешқандай дертің жоқ!», – деп қуып жіберді. Содан кейін Василий Михайлович мені зембілге салып, екі балаға көтерткізді де, интернаттан бір квартал жердегі оқшау үйге жеткізіп, оңаша бөлмеге жатқызды. Жоғарыда айтқанымдай, осынау үш бөлмелі оқшау үйде интернаттың артық басты мүлкі сақталатын.

Келесі күні таңертең көше жақтан терезеден телміре қарап тұрған Бауыржанды байқадым. Сол сәтте маған ем-домын жасап жүрген Михаил Васильевич Бауыржанды ымдап шақырды да, есіктің алдында оған бірдеңелерді айтып жатты, бірақ сөздерін анық ажырата алмадым. Кейіннен білдім, мұғаліміміз оған жедел тапсырма беріпті. Бауыржан нақ сол күні базарға келген бір танысты тауып, оған менің қатты науқастанып қалғанымды үйіне хабарлаңыз, етбауыр жақындарының, ең абзалы, анасының Әулиеатаға тез жеткені мақұл депті.

Содан бір-екі күн өткеннен кейін басына су жаңа кимешегін киген, оның үстінен аппақ жаулығын биіктеп ораған өз анам да келіп жетті. Екеуіміз құшақтасып, жылап-сықтап көрістік.

– Енді тез жазылып кетесің: ишанға дұға оқытып, үшірткізіп, бойтұмар алып келдім, – деп кәміл сенім білдірді абзал анам.

Содан былай қарай Василий Михайловичтің мен жөніндегі әбігерлігі азайып, жүгі едәуір жеңілдеді. Ол кісі күніне тек екі рет келіп, ем-домын жасап кетеді. Ал өзі жоқта маған дер кезінде дәрі беріп, жеңіл тамақ жегізіп, сүт ішкізіп тұруды менің шешеме қазақша егжей-тегжейлі түсіндіріп берген.

Ұ с т а з ы м м е н а н а м н ы ң а д а л қызметінің, айрықша қамқорлығының арқасында мен тез айыға бастап, ұзамай қатарға қосылдым да, өзге түлектер сияқты күнделікті сабаққа қатысып жүрдім. Мен ауырып жатқан айларда, үшінші класта өткізілген сабақтарды пысықтап, жаңаларын зердеме тоқып үлгеруіме ұлағатты ұстазым Пинчук пен айнымас досым Бауыржан маған күн сайын көмектесіп отырды.

Құрманбек САҒЫНДЫҚОВ.

Ұқсас жаңалықтар