«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз

Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз
Ашық дереккөз
Тіл – халықтың жаны, жүрегі. Ана тіліне деген құрмет – елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Өкінішке қарай, қазіргі жаһандану дәуірінде ана тіліміздің қолданыс аясы мен мәртебесіне төнген түрлі қауіптер жоқ емес. Осындай кезеңде әр азаматтың басты парызы – туған тілінің қадірін түсініп, оны көздің қарашығындай қорғау.

Алаш арыстарының бірі: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, тілдің ұлт үшін маңызын терең түсіндірген еді. Расында, тілінен айырылған халық – өткенінен ажырап, болашағын бұлдыр етеді. Себебі тіл – ұлттың рухы мен жанының айнасы.

Бүгінгі таңда қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие. Бұл – үлкен жетістік. Алайда бұл мәртебе іс жүзінде де кеңінен қолданылып, қоғамның барлық саласында белсенді түрде пайдаланылуы қажет.

Осы бағытта елімізде бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Соның бірі – өңірлік деңгейде жұмыс істеп жатқан тілдерді оқыту орталықтарының қызметі. Бұл орталықтар мемлекеттік тілді үйретуде, тілдік орта қалыптастыруда және мәдени бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаруда.

Мысалы, облыстық тілдерді оқыту орталықтарында өзге ұлт өкілдері оның ішінде ересек азаматтарға қазақ тілін меңгертудің жүйелі бағдарламалары жасалған. Тіл үйренушілерге сапалы оқулықтар, тәжірибелі оқытушылар мен заманауи әдістемелер ұсынылады. Бұл – тілге деген құрметтің, оны игеруге бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.

Орталықтар ұйымдастырып отырған курстар мен түрлі іс-шаралар – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтумен қатар, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруда. Бұл еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімге қосылған үлес екені анық.

Тіл үйрену – тек міндет емес, ол – мәдениеттілік пен азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеу – кез келген азаматтың елге, жерге деген құрметін білдіреді.

«Тіл – қай ұлттың болсын ен байлығы» дегендей, тіліміз – ең асыл қазынамыз. Олай болса, өз байлығымызға өзіміз ие болайық. Ана тілімізді шұбарламай, таза сөйлейік. Көркем әдеби тілімізді дамытып, ұрпақ санасына оның құндылығын сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Қорыта айтқанда, тіл – ұлттың діңгегі, елдіктің нышаны. Мемлекеттік тілді сақтау мен дамыту – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Тіліміз – жүрегіміздің лүпілімен бірге соғып тұратын мәңгілік рухани байлығымыз болсын!

Ринат Нұрақбаев,

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы», Ақпараттық және ұйымдастыру бөлімінің басшысы

Ұқсас жаңалықтар