«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батыр қыз Жамбыл жерінде білім алған

Батыр қыз Жамбыл жерінде білім алған
Автор
Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімін қадір тұтпайтын адам елімізде жоқ шығар деп ойлаймын. Оның небәрі 19 жасында қыршынынан қиылған ерлік пен өрліктен өрілген өмір жолы бәрімізге де бала күнімізден таныс. Біздің бүгінгі толғанысымыз мерген қыздың жасаған ерлігі жайында емес, қысқа ғұмырында соңына өшпес із қалдырып кеткен тағылымды тарихындағы беймәлім тұстар туралы болмақшы.

Жақында Алматы қаласындағы «Нұрлы Әлем» баспасынан жарық көрген «Ержүрек батыр Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл» атты кітапша қолыма түсті. Туынды Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жарық көрген екен. Бұл жөнінде кітапшаны құрастырушы-автор Майдан Орынбаевтың өзі алғысөзінде:

«2025 жылы елімізде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығы мен сол отты жылдары ерлігімен елін қорғап, Кеңес Одағының Батыры атанған Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Қазақтың ержүрек, батыр қызы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында 1925 жылы дүниеге келді. Алматы, Әулиеата (Тараз), Мәскеу, Ленинград (Санкт Петербург) қалаларындағы мектептерде үздік оқушы болып, білім алды. Мерген, снайперлер мектебін бітіріп, соғысқа аттанды. Бір өзі 78 жауды атып, жойды. 19 жасында ерлікпен қаза тапты. Кеңес Одағының Батыры атанды. Тарихта даңқты орын алған Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтті. Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз және басқа қалалар мен өңірлерде халықтың сүйікті, ержүрек қызын еске алу іс-шаралары ұйымдастырылды. Жастармен көп кездесулер өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде мақалалар жарияланды. Сондықтан келер уақыттары да осындай игі істер жалғасып, қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімі ел есінде әрқашан сақтала беретіні шын, ақиқат», – дейді.

Кітапшамен танысу барысында оның 3-ші бетінде жарияланған мына бір тың дерек қатты қызықтырды, әсерлендірді. Оны да оқырмандарымызға түпнұсқасында ұсынуды жөн көріп отырмыз. Мұнда анасынан бала күнінде айырылып қалған Әлияны әкесінің амалсыздан нағашыларына апарып бергендігі, осыған байланысты оның кейінгі тәрбиесімен нағашысы Әбубәкір Молдағұловтың айналысқандығы баяндала келе: «Әбубәкір Молдағұлов білікті маман ретінде әскеритемір жол саласында жұмыс істеді. Қызмет ету барысында Алматы қаласында еңбек етті. Уақыт өте келе Әулиеата, қазіргі Тараз қаласында Түркістан-Сібір темір жолына қарасты 3-ші пайдалану мекемесінің саяси бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарды. Сол кезде Әлия темір жол бекеті маңындағы мектепте оқыды.

Ұлы Отан соғысына дейін салынған мектептер бүгінгі уақытта Таразда сақталмаған. Ал батыр қыздың ескерткіші қаладағы №11 мектептің ауласына 2006 жылы орнатылды. Ескерткіштің авторы архитектор Серік Әлібаев, скульпторы К. Темірхан», – делінген деректер келтірілген. Осы жердегі «Сол кезде Әлия темір жол бекеті маңындағы мектепте оқыды» деген мәлімет тараздықтарды елең еткізетін жаңалық екені рас. Өйткені батыр қыздың өмірбаянында 1933 жылы Молдағұловтар отбасы Шалқардан Жамбылға, ол кезде Әулиеата деген кішкентай стансаға көшіп барғаны, үйлері теміржол вокзалының жанында болғандықтан, Әлия алғаш мектеп табалдырығын теміржол мектебінде аттағаны туралы көп жазылған емес.

Бұл мәлімет алдағы уақыттары құжат түрінде айқындалып, дәлелденіп жатса, онда мұнымыз батыр қыздың өмірбаянына қосқан жаңа тарихи дерек болатыны ақиқат. Ал кітапша авторы Майдан Орынбаев қазіргі таңда облыс орталығындағы кітапханаларда және орта білім беретін мектептерде батыр қыздың ерлігі мен өрлігін жастарға насихаттап, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, сауапты іске септесіп жүр.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар