Қызмет бабымен Пернебай Әбдүтұлымен хабарласып, ой-пікір бөлісетін күндеріміз сирек емес. Әрине, оның барысында еліміздегі медицина саласының қазіргі түйткілдіпроблемалары, ондағы кадр саясаты, білімді, сапалы маман дайындау істері басым орын алады. Д.Қонаевтың «Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау», – деген пікірін ол жиі айтады. Әңгіме науаны кейде ол ағамыздың өмірі мен еңбек жолына ауатыны да бар. Сол өзара болған әңгімелерді ой елегінен өткізіп, зерделей келе ішкі дүнием қолыма қалам алғызғанын жасырмаймын.
Тағдырдың сыйлаған жарқын жолы
Пернебай аға Асқаровтың өмір мен еңбек жолы шынында кімді болса да қызықтырады, тіпті тәнті етеді десем қателеспеймін. Ол еліміздің Оңтүстік өңіріндегі Арыс қаласының тумасы. Отбасы сол қаладағы сауатты, белгілі жанұя қатарында болып, Ұлы Отан соғысының қиындықтарға толы ызғары, жоқшылық пен тойымдылықтың әлі толық қайта қоймағанына қарамай әке-шешесі балаларына жақсы тәрбие, сапалы білім беріпті. Балалық шақта көрген қиындықтарды, сол жылдардағы ел тұрмысын, өмір ағысын ол бүгінде жүрегі елжірей еске алады. Мектеп жасынан еңбекке араласып, маңдай тердің бағасын түсініп, еңбекті әрі еңбек адамын қадірлей жетіліпті.
– Әкем Әбдүт ұзақ жыл колхоз басшысы болып еңбек етті. Таңсәріден жұмысына кетіп, түн ортасында келетін. Қызметінде абыройлы болды. Анам Дәнекүл таңертең ерте тұрып үйдің қамын жасап болғаннан соң жүн түтіп, оны сабап, әртүрлі бояумен бояп, оюөрнек салып, киіз етіп басатын. Дайын болған жаңа жарқыраған текеметті қанар қапқа бүктеп салып, жексенбі күні пойызға отырып Ташкент қаласына жол тартатынмын. Онда өзіміз, арыстықтар, жақсы білетін «Шора базар» деген сауда орны болды. Сонда арқалап барған текеметімді пұлдап кері қайтатынмын. Тапқан ақшамның мұртын бұзбай апамның қолына әкеп салатынмын. Анам жарықтық бұл тындырымды ісіме риза болып, «мектепті жақсы бағамен бітіріп, сәті түсіп жоғары оқу орнына түссең, осы ақша-табысыңа жаңа киім алып беремін» деп мені қуантып, үміттендіріп қоятын. Сөйтіп сол жылдары-ақ, қазір айтып жүрген «бизнеске» кәдімгідей төселгенім бар. 1962 жылы Шымкентте орта мектепті үздік бітіріп, Ташкент қаласындағы САГУ-дің физика факультетіне қиналмай оқуға түстім. Әрине алғашқы кезде оқу жеңіл болмады, сабақтың барлығы, оқу кітаптары орыс және өзбек тілінде еді. Мен болсам сол екі тілге шорқақ болдым. Сондықтан әр уақытымды тиімді пайдаланып, басқалар сияқты оңды-солды жөнсіз қыдырмай, олардың қалжыңдарын еш көңілге алмай, қадалып оқып, барымша ізденіп, көп дүниені меңгердім. 1966 жылы Ташкентте қатты жер сілкінісі болып, шаһар жартылай қирап қалды. Сол қиын сәтте қаланы қалпына келтіру үшін көрші мемлекеттер қол ұшын берді. Біз, студенттер, ол істен шет қалмай, күндіз-түні қираған ғимараттарды тазалауға көмектестік. Студенттерге көмек ретінде Мәскеудің М.Ломоносов атындағы университетінің әкімшілігі ташкенттік студенттердің біраз тобын өздеріне ауыстырып, білімдерін жалғастыруға ұсыныс жасапты. Сөйтіп, жолым болып, Мәскеуде білім алатын жастардың тізіміне мен де еніппін. Әлемге танымал университетінің қабырғасында атақты ғалымдардың, академиктердің дәрісін тыңдап, білім алу біз үшін үлкен мерей, жетістік еді. Оқуды жақсы бітіргеннен соң мен Өзбекстанның физика-техникалық ғылыми-зерттеу институтына қызметке келдім. Сол аталған ҒЗИ-да екі-үш жыл еңбек етіп, арнайы жолдамамен Ленинградтағы А.Иоффе атындағы физика-техникалық институтына аспирантураға түстім. Онда ғылыми жетекшім белгілі ғалым, Ленин сыйлығының лауреаты, профессор Б.В.Царенков болды. Ол маған ғылым жолында көп бағыт-бағдар беріп, ғылыми диссертациямды уақытылы әрі сәтті қорғауға жәрдемдесті. Содан физикаматеметика ғылымдарының кандидаты болып 1974 жылы елге оралып, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына ұстаз-ассистент болып қызметке кірістім. Осы жоғары оқу орында жүріп студенттерге арнап оқу құралдары мен монографиялар, оқулықтар мен әдістемеліктер жаздым. Сөйтіп доцент, профессор деген атақтарға қол жеткіздім. Ерінбей атқарған ғылыми еңбекерім мен дәріс берген студенттерім және менің салама түскен ғалым-шәкірттерім арқылы елге танылдым. Оған шүкіршілік етемін. Күнделікті өмірде де, жұмыста да үш қасиетке арқа сүйедім: қарапайымдылық, адалдық, табандылық, – дейді Пернекең артта қалған мәртебелі жылдарына шолу жасап.
Болашағы кемел оқу орны
Қаламыздың орталықтағы Желтоқсан мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледждің ашылғанына 15 жылдың айғағы болыпты. Осы жылдар ішінде бірнеше мыңдаған жастар медицинаның бірнеше саласы бойынша білім алып, маман атанып, еліміздің тұрғындарының денсаулықтарын сақтау ісінде өз үлестерін барынша қосып жүр. Оқу озаттары, колледж түлектері, білімдерін одан әрі жалғастырып, медициналық универсиеттер мен академияларға оқуға түсіп, жоғары білімді дәрігерлер болып қызмет етіп жүргендері аз емес. Жылданжылға білімге қанат қаққандар саны көбеймесе азайған емес. Қазіргі кезде 1,5 мың талапты жастар білім алуда екен.
Оқу орнының қазіргі тыныс-тіршілігі жайында оның директоры, ұлағатты ұстаз Пернебай аға Асқаров былай деп сыр шертеді: – Елімізде медицина мен педагогика қызметкерлерінің әлі де тапшы екенін оқып-біліп отырмыз. Біздің облыста да бұл проблема жоқ емес. Ту сонау 1936 жылдары медбикелік мектеп болып есік ашқан қазіргі Тараз медициналық колледжі облыс емдеу орындарына орта буын қызметкерлерін дайындап, толық қамтамасыз ете алмай жатқанын ескере отырып, 2010 жылы біз осы «ТаразБолашақ» жоғары медициналық колледжін аштық. Әңгімені әріден бастасақ, қазіргі мына басты оқу ғимараты бір кездері статистикалық техникумға, одан сәл кейін қаланың ішкі істер басқармасының бір бөлімшесіне қараған екен.
КСРО тарап, еліміз егемендік алған алғашқы қиын кезеңде бұл тұрған ғимарат ешкімге керек болмай, иесіз қалып, талан-таражға салынып, есік-терезелері тоналып, қирап, қабырғалары құлап қалу алдында тұр екен. Соны көріп, көңіліміз құлазығаны жасырын емес. Елімізде білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – кәсіптік-техникалық білім беру екенін ескере отырып, «тәуекел» деп кәсіптік-гуманитарлық білім беру орнын ашуды ойластырдық. Алғашқы жұмыс, оған ғимарат тауып, лицензия алу болды. Сөйтіп, «шешінген судан тайынбас» дегендей, осы қаңырап, есік-терезелері үңірейіп, құлау алдында тұрған ғимаратты мемлекеттен сатып алып, кредитке алған қаржымызға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ерен еңбекпен тәртіпке, жөнге келтірдік.
2000 жылы «Тараз» институты ашылып, 2007 жылға дейін қызмет етті. Одан кейінгі жылы «Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік колледжі көпсалалы болып ашылды. Әрине, алғашқыда көптеген қиындықтар болғанын жасырмаймыз. Бірте-бірте бақуатты ұжым құрылып, білім беру жүйесі жетілдірілді. Оның барлығы бір адамның, тек менің, жұмысым емес, әрине. Сол сәттерде менің ісімді қолдап, көмек берген жұбайым Бибіқатшаға, ұлдарым Қайрат пен Қанатқа, күйеу балам Ғазизға, келіндерім Манат пен Айнұрға, қыздарым Фарида мен Ақмаралға, немерем Меруертке үлкен рақмет.
Барлығымыз түсіністікпен қарап, қолдап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей бірігіп, жоқтан барды жасай білдік. «Бос қиялдан гөрі еңбегіңе сен, тәуекелдің төресі – сол: тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді», демей ме дана халық. Сөйтіп, бірте-бірте колледжді қалыптастырдық. 2024 жылы ұлым Қанат өзінің басшылығымен колледж ғимаратын толық күрделі жөндеуден өткізіп, қуыршақтай етіп, жаңартып, қазіргі талаптарға сай етіп берді. Қазір колледж келбеті мен кабинеттері заманауи талаптарға жауап беретіндей дәрежеге жетті.
Бүгінгі білім беру жүйесінің мәселесі – интеграция, яғни білім беру мен ақпараттық бірыңғай кеңістік құру. Сондықтан біздің колледждің ұстаздары облыстық, республикалық, халықаралық конференция мен семинарларға қатысып, тәжірибе алмасуды тәжірибеге айналдырған. Әртүрлі конкурсбайқауларға қатысып, жеңімпаз атанған оқушыларымыз бен студенттеріміз баршылық. Білім беру үрдісін басқаруда инновациялық технологияны қолдану басты мәселелердің бірі болып отыр. Колледжімізде еңбек тәжірибелері мол, білікті Сейтхан Жошыбаев, Бесенбай Төлебеков, Сағындық Ордабеков сияқты медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар, Төленбек Сауырбаев және тағы басқа медицина ғылымдарының кандидаттары мен Оразқұл Досқұлов, Роза Жылысбаева, Динара Трюмова, Қарлығаш Жанібекова, Толқын Аймаханова көп жылдардан бері тыңғылықты еңбек етуде.
Біздің колледж қызметкерлері болашақ мамандардың кәсіптік біліктілігін арттыру мақсатында жаңа оқу құралдары мен тәсілдерін енгізе отырып, студенттердің қабілетін барынша арттыруды мақсат етіп отыр. Өткен жылдары орта медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру үшін бакалавриат курсын аштық. Ол медбикелер мен фельдшерлердің білімін одан әрі тереңдету, толықтыру үшін жасалған шара. Өйткені, медицина қызметкері бір жолда тоқтап, тежеліп қалмау үшін әркез білімін тереңдетіп, барынша жетілдіріп отыруы шарт. Егер олай болмаса, «үлкен кеме келгенде, жеңіл қайық жағаға еріксіз шығып қалады» демекші, ертеңгі күндері білімі таязданып, ойы шегерілген, көптің көңілінен шықпайтын маман болып қалуы әбден мүмкін.
Жастардың өмірлік көзқарасын жетілдіріп, білімі мен рухани байлығын толықтыру үшін әртүрлі бағытта жоспарлы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мысалы, «Аружан» сырласу клубы, «Азамат» пікірталас орталығы, «Болашақ жастары» көңілді тапқырлар клубы, «Өнеге» тәртіптік кеңесі, «Асыл мұра» жастар орталығы және тағы басқа тиянақты жұмыс істеп келеді. «Өмірге саяхат» деген тақырыпта тәрбие сабақтары өткізіліп отырады. Өнерлі жастарға да жол ашық, жиі-жиі ән мен би конкурсы, спорттық жарыстар жыл сайын өткізіліп тұрады. Бишілер мен әншілер тобы да тұрақты қызмет етуде.
Қысқаша қайырғанда, студент жастарымыз тек сапалы біліммен шектелмей, олардың жан-жақты жетілуіне толық жағдай жасалған десем артық айтқандық емес. Колледж құрамында жасақталған медициналық орталық (директоры О.Досқұлов) пен кітапхана жастарға үзбей қызмет етіп келеді. Кітап қоры жыл сайын толықтырылып, студенттердің ізденуіне, білімін жетілдіруге тиянақты жағдай жасалған. Сонымен қатар спорт кешені де жұмыс істеуде. Әртүрлі спорттық жарыстар осы кешенде өткізіліп, жастардың денсаулықтарын арттыруға мүмкіншілік жасап отырмыз. Сөйтіп, студент-жастарымызға тиянақты біліммен қатар, орынды тәрбие беру де біздің міндетіміз.
Тәрбие дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған, сараптап алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Сол бағытта колледже сантүрлі тақырыпта конференциялар мен дөңгелек столдар, белгілі тұлғалармен кездесу кештері өткізіліп отырады. Әр тақырыптағы тәрбиелік ашық сабақтар, мерекелік іс-шаралар мен қоғамдық акциялар арқылы жас ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруға үлес қосылып келеді. Бұл – сонымен бірге ұрпақ тәрбиесінің сенімді негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында білім саласындағы маңызды міндеттерді айқындап берді. Білім сапасын жақсарта түсу, жастар арасында тәлім-тәрбие жұмыстарын күшейту, оқу үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу сияқты міндеттер қойды.
Бұлардың қай-қайсысы болса да маңызды. Жастарды нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды әлеуметтік кеселдерден қорғау – бүкіл қоғамның ортақ борышы. Бұл бағытта колледжде жүйелі істер атқарылуда, – деп мақтанышпен білім ордасында жүргізіліп жатқан игілікті істер туралы баяндайды Пернебай Әбдүтұлы.
Әріптес-замандастар лебізі
Пернебай құрдасым өңірдегі жоғары оқу орындарының ұлағатты ұстазы және қабілетті ұйымдастырушы ретінде көпке танымал азамат. Жастайынан білім қуып Ташкент шаһарындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, бірер жылдан кейін Мәскеудегі атақты М.Ломоносов атындағы университетке ауысып, терең және тиянақты білім алған. Онымен шектелмей талпынып жүріп табандылықпен Ленинград қаласындағы танымал А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық ғылымизерттеу университетінің аспирантурасына түсіп білімін тереңдетіп, кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Ойлап отырсақ, бұл кез келген ауылда өскен қарапайым қазақ баласының бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет пен қабілет.
Онымен мен 1970 жылдардың басында Жамбыл жеңіл және тамақ технология институтында қызмет етіп жүрген кезде танысыппын. Ол кезде ол сол жоғары оқу орнының физика кафедрасының меңгерушісі әрі доценті болатын. Міне, содан бері сынаптай сырғып 50 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Осы жылдар ішінде мен онымен әріптес ретінде араласып жүріп зиялы қауым мен студенттер ортасында сыйлы, білікті, абыройлы азамат екеніне көзім жетті. Оның бойындағы адами жақсы қасиеттер: салмақты биязы мінез, терең мәдениеттілік, мейірімділік, қайсарлық пен тектілік оған ата-анасының қанымен бірілген болу керек, сірә. Сонысымен ол кімді болмасын өзіне еріксіз тартып тұрады. Қазақ атамыз «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», немесе «Базарда мың адам бар, әркім сүйгеніне сәлем береді», – демейтін бе еді? Сол рас шығар, біз көп жылдар бойы отбасымызбен араласып, сыйласып тұрамыз. Жұбайы Бибіқатша Бекқызы байсалды да ақпейіл жан, сыпайы да инабатты тамаша мінезімен, парасаттылығымен өзіне баурап тұрады.
Бибіқатшаның тағы бір қасиеті – оның әншілік өнері. Егер ол жоғары білім қуып, физика-математика, педагогика саласына бармай, өнер жолын қуғанда бұл күндері ол еліміздегі белгілі әншілер қатарында жүреріне күмән жоқ еді. Пернебай сүйікті жарымен бірнеше ұлдар мен қыздар өсіріп, оларды жақсы, мәнді тәрбиелеп, сапалы да саналы жоғары білім беріп, бұл күндері немере және шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Хакім Абайдың «Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген терең мағыналы сөзі бар ғой. Осы сөздерді мен Пернебай досымның бойынан табамын. «Жақсының жақсылығын айтқаннан адам аласармайды», – деп жатады ғой көпшілік.
Қысқартып бір сөзбен айтсам, білімі терең ғалым, шебер ұйымдастырушы Пернебай Әбдүтұлы Асқаров тамаша адам! Қазақтың ертеден келе жатқан жанға жайлы қоңыр бір жақсы жыр-әні бар: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды. Бауырыңда жүргеннен соң күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды-ау. Аха-а-ау, шіркін, – байқалмайды-ау...», – деген жыр толғауы осы біздің Пернебайға арналып жазылғандай болады да тұрады», – дейді өңіріміздегі белгілі азаматғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, жоғары оқу орындарының мол тәжірибелі ұстазы, Қазақ Ұлттық академиясының академигі Өскенбай Мәдиев.
– Замандасым, досым Пернебай жайлы қандай мақтау сөз айтсақ та жарасады. Ол мақтауға тұрарлық дегдар азамат. Ол, не дегенмен, дархан мінезді ұлағатты ұстаз, терең білімді, білікті ғалым-физик, сүттей ұйыған берекелі отбасындағы шаңырақтың иесі, ұл-қыз өсіріп, немере, шөбере сүйіп отырған абзал әке-ата, сенімді дос. Мен Пекеңмен ту сонау өткен жүзжылдықтың 70-шы жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербургке) білім іздеп – аспирантураға барғанымда таныстым, үш жыл бір жатақханада тұрдық. Бірінші күннен бастап ағайын-бауырдай араласып кеттік. Ол әрдайым бір сыдырғы, салиқалы, көп сөйлемейтін, не айтса да ойлап барып айтатын парасатты, мінезге бай азамат екенін бірінші күндерден ұқтым. Ұзақ уақыт өтпей екеуміздің арамызда әріптестік, достық, бауырмалдық қарым-қатынас пайда болды. Міне, содан бері қанша жылдар өтті ол достығымыз бен сыйластығымыз үзілген жоқ. Білімге деген құштарлығына, ізденімпаздығына, алдына қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен қажырлығына тәнті болатынбыз. Сол табиғи қабілеттілігінің арқасында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғалым физик-математик, доцент, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспендент-мүшесі атақтарына маңдай терімен, тиянақты, қажырлы еңбегімен қол жеткізді. Қазақтың бір жақсы, әдемі сөзі бар, сол қазір есіме түсіп тұр. «Кім хан болғысы келмейді? Халқы қаламайды. Кім бай болғысы келмейді? Құдай қаламайды. Кім батыр болғысы келмейді? Жүрегі дауаламайды». Пернебай Әбдүтұлы жоғарыдағы аталған жетістіктеріне таза ерен еңбегімен жетті. Кеңес Одағы ыдыраған берекесіз қиын кезеңде көпшілікке – елжұртқа ілесіп мемлекттік жоғары оқу орнында өмір ағысына ілесіп кафедра меңгерушісі болып қызмет етіп жүре беруіне болар еді. Бірақ ол өйтпеді. Қиынқыстау кезде, әркім өз басын сауғалап, қиындықтан шығудың жолын іздеп, төрттағандап қалған сәтте ол көзсіз ерлікке барып, «тәуекел!» деп жекеменшік оқу орнын Таразда алғашқылардың бірі болып ашты. Қызметке білімді, арлы ғалымдарды жанына топтастырып, олардың көмегімен білім ошағының дәрежесін барынша жоғары көтеріп, оларды тың жұмысқа жұмылдыра білді. Алғашқыда ол жоғары оқу орны «Тараз институты» деп аталса, кейін, 2010 жылы, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжге айналдырылды. Бұл – кішігірім батырлықпен пара-пар іс десек болады. Бұл – оның ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенін көрсетті. Сол оқу орнынан білім алған түлектер бүгіндері еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада өз мамандықтарымен қызмет етуде. Біз Пернебай досымыздың осы қасиеттеріне қызығамыз. Сол жетістіктерінің ортасында оның зайыбы Бибіқатшаның үлесі аз емес. Ал енді Пернебайдың адами қасиеттеріне тоқталатын болсам, оны айтулы тұлға деңгейіне көтеретін қасиеттері мол. Адалдық пен тазалық, әділдік пен имандылық, парасаттылық пен зиялылық, салмақтылық пен сабырлы мінез, айтқан сөзінде, уәдесінен таймай тұратындық, дархандық, басқаларға деген қамқорлық, қажеттілерге жақсылық жасау және тағы басқа ізгі қасиеттер оның бойынан табылады. Оның мәнді де, өнімді қажырлы қызметі, абыройлы да бақытты өмірі, ішкі рухани байлығы, замандастарымен қарым-қатынасы, өмірге деген көзқарасы кімге болмасын үлгі бола алады. Біз оныменен мақтанамыз, – дейді төтенше және өкілетті елші-дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Бекжасар Нарбаев.
Иә, кіммен сөйлессең де ұлағатты ғалымұстаз Пернебай Әбдүтұлы туралы жылы пікір, жүрекке жағымды сөз естисің. Соның өзі адамның жанын жадыратып, көңілін тасытып, мына мың құбылған беймаза жарық дүниеде тіршілік етіп жүрген ортаңда өзіңнің орның бар екенінің белгісі емес пе?! Ұстаздық пен ізгілікті тең ұстаған жанға бұл үлкен баға, үлкен жетістік. Адам бақыты демей оны не деуге болады?! Лайым, жақсы адамдар азаймасын.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




