Мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүруін жақсарту үшін барынша жағдай жасалыпты. Орталықтың жалпы аумағы 4,932 гектар. Кіріп барғаннан-ақ зәулім сарайдай мекемеде тәртіп пен жанға жайлы шуағы көзге түседі. Сәулетті ғимаратты сауықтыру-жүзу бассейні, мәжіліс залы, спорт залы, үш қабатты емдеу корпусы, ас блогы, екі қабатты стационар, демалу, қолөнер мен үйірмелер, ем-шара блогы деп әр блогқа бөліп тастапты.
Өмірге құштар жандар өз бөлмелерінде кеңінен тыныстап, ем алып, денсаулығын дұрыстап, салауатты өмір салтын қалыптастырып, мұнда 43 күннен бастап, алты айға дейін оңалтудан өтеді екен. Бірақ өзін-өзі қамтамасыз ете алатын I және II топ мүгедектері ғана ем ала алады. Әлеуметтік оңалту орталығын Қарлығаш Бибазарова басқарады. Күніне төрт мезгіл ыстық ас беріліп, барлық қолөнердің түрлері, заманауи креативті шаштараз, тырнақ сәндеу сынды үйірмелері жұмыс істеп тұр.
Қызмет алушыларды тек сәндеп қана қоймай, олардың кәсіп ашып, еңбек етуіне де алғышарттар жасалыпты. Қол-аяқ моторикасын дамыту үшін емдік жаттығулар залы, инемен емдеу, аппараттармен емдеудің сан түрі бар. Тіпті компьютердің құлағында ойнап отырған жандар да кездесті.
Күнделікті информатика сабағында заман талабына сай пернетақтада еркін жазу, электронды поштаны қолдану, цифрлық құзыреттілікті пайдалану үйретіледі екен. Мұндағы әрбір қызметкер жүрегі жұмсақ, жүзі жылы, қызмет алушыға елпілдеп тұрады. Қай бөлмеге кірсең де емделушілердің бірі ұсақ моншақтарды жинап немесе жасыл бұтақтарды құрастырып, енді бірі тоғызқұмалақ ойнап, келесісі бассейнде бой сергітіп, тағы біреуі тігін тігіп, инемен ем қабылдап, қысқасы бос отырған адам жоқ. Тағы біреулері арнайы ағашты күйдіру техникасы арқылы графикалық картиналар жасауда.
Ерекше жандардың сауығып кетуі үшін мұнда қолөнершілер де, мүсіншілер де, суретшілер де қызмет етуде. Солардың бірі – атақты суретші Қазым Аманқосов. Ол мұнда қызмет алушыларға қолөнердің түр-түрін үйретеді. Тіпті сурет, кескіндеме өнерінің де қыр-сырын меңгертуде. Арнайы 8 бағыт бойынша қызмет көрсететін орталық 2008 жылы алдымен А. Асқаров көшесінің бойынан ашылған екен. Алайда ерекше жандардың жыл санап көбеюіне байланысты ол жерде орын тапшылығы сезілген. Жаңа орынға 2023 жылдың күзінде көшіп келіпті.
Бұл нысанға келгелі қызмет көрсету аясы да кеңіп, жаңа құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен толығып, төсектік орын саны да көбейген. 150 орындық бірінші және екінші топ мүгедектеріне арналған әлеуметтік орталықта 14 емдік бөлме, 5 жаттығу бөлмесі жұмыс істейді. Физио емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлекссотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, галокамера, жарықпен емдеу бар. Ол аз десеңіз театр студиясы, кітапхана, зейнетақы, жәрдемақы алуға көмек, заңды кеңес беру, хат жазу мен жолдау бәрі үйретіледі. Оңалтудан жыл сайын мың мүгедектігі бар адам өтеді екен.
– Оңалту орталығында қызмет алушыларға барынша жағдай жасалған. Емдік бөлмелерде бағасы он миллионнан асқан гидрованналар, ең қымбат аппараттар бар. Тұзды шахта жұмыс істеп тұр. Емдік жаттығу бөлмелерінде шведтік БТЛ аппараттары орнатылған. Бұл аппарат 11 функция атқарады. Ең қымбат құрылғы егзоскелет аппараты да бізде. Ол дегеніміз мүгедек адамның жағдайын көрсететін аппарат. Арбаға таңылған адамды тұрғызып, отырғызып, аяқ-қолын созып, жаттығу жасатады. Бізге түскенде қандай еді, ем біткенде немесе он күнде қандай дәрежеге жетті, осыны көрсететін аппаратты мақтанышпен айтамыз, – дейді аға медбике Роза Сабырқұлова.
Орталықты аралатып, таныстырып, мәнжайды айтып жүрген де осы аға медбике. Оның қарамағында 33 медицина, 80 техникалық қызметкер бар. Мекеменің тазалығына, құрал-жабдықтар мен аппараттар, кадрлар, бейнебақылау, қойма ісі, бәріне осы кісі жауапты. Біз сұхбат жасап отырғанымызда қасымызға ерекше жан Жұлдыз Елемесова келе қалды. Оның бұл орталықтан ем алып жүргеніне жеті жылдай болыпты. Арбасын қозғалтып, бізге жақындап, жуырда тұрмыс құрайын деп жатқандығын айтты.
– 19 жасымда жазатайым оқиға болып, осылай арбаға таңылдым. Оңалту орталығы менің екінші үйіме айналды. Мұндағы әрбір қызметкер – ата-анамдай, аға-әпкемдей. Шыны керек, осы орталықтан көп нәрсе үйрендім. Тамақ жасау, тігін тігу, тоқыма тоқу, ән айту. Өзімнің ашылмаған қырымды байқап, шыңдала түстім. Бастапқыда арбада отыруымның өзі мұң болатын. Оңалтуға келгелі жазыламын деп талпынып жатырмын. Емдік шаралардың түрі көп. Оңалту орталығында екі жүректің бір-бірін тауып, қосылып жатқандары да бар. Теңін тауып, бала-шағалы болып отырғандар жетеді. Сау адамдардың өзі сәл ғана қиындықтан сынып кетіп жатады. Біздер денсаулықпен сыналған соң денсаулықтың қадірін жете түсінеміз. Қол-аяғы бар болса да өмірге деген шағымы көп адамдарды көп кездестіремін. Соларға бір ауыз сөз айтқым келеді. Құладың ба, қайта тұр, сіздердің қолаяқтарыңыз бүтін. Тау қопаруға, жетістіктерге қиналмай жетуге шамаларыңыз мол. Сондықтан тек қана алға. Қиындық өтеді, кетеді. Тек қана сынып кетпеңіздерші, дегім келеді. Мен жақын арада сүйген жігітімнен ұсыныс қабылдадым. Тұрмысқа шықпақшымын, – деді жүзі бал-бұл жанып.
Өмірге құштар жанға бақыт тілеп, орталықтың басқа да емделушілерімен, дәрігерлермен, медбикелермен сөйлесуге асықтық. Медбике Сәуле Мұратованы жұмыс үстінде жолықтырдық. Аппаратпен массаж жасап жатыр екен. Емделушілерге түрлі құрылғылармен емдік уқалау ем-шарасын жүргізеді. Ал Серғазы Аманқұл – бірінші жаттығу бөлмесінің тренері. Ол жаңа құрылғы БТЛ аппаратының шебері. Аппаратты бізге таныстырды. Шын мәнінде бір өзінде бір аттың күшіндей салмағы бар құрылғы бірнеше тәсілмен адам емдейді. Артрит, артроз сынды небір ауруды емдеудің шебері. Басқа да, аяққа да түрлі емі бар. 2021 жылдан бері осында жұмыс істеп жүрген маманның сөзі тиянақты, ісі де жылдам. Ел мақтаған егзоскелет аппаратын да көрдік. Оның нұсқаушысы Асылқан Орынбековпен де таныстық.
Ерекше жандарға, әсіресе жұлын омыртқасы зақымданғандарға нағыз дәрумен екен бұл құрылғы. Аппараттың экранында бәрі көрсетіліп тұрады. Қызмет алушының қан айналымы, жүрек қағысы, қанша текше метр жүргендігін, нәтижесін, бұлшықеттердің қозғалысына дейін көрсетіп тұр. Бөлмеде Рима Залыбаева есімді ерекше жан осы аппаратпен емделіп жүргенін айтып өтті. Сосын біздер компьютер бөлмесіне бас сұқтық. Ержан Амирхан есімді қызмет алушы ғаламторға кіріп, тест тапсырып отырды.
– Жасым 25-те. Төрт жыл бұрын суға шомылып жүріп бел омыртқамды сындырып алдым. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғынымын. Жеке кәсібім бар. Сол бойынша грантқа тест тапсырып отырмын. Мұнда бәрі мамандандырылған, орталық маған ұнайды. Бастапқыда отыра алмаушы едім. Оңалтудан өткелі жақсарып қалдым. Отыра аламын. Өздігімнен шаруамды жасаймын. Дәрігерлер емделеді деп жатыр. Мамандығым – информатик. Жеке кәсібімді дамытып жүрмін, – дейді Ержан Амирхан.
Тігін бөлмесіне кіргеніміз сол еді, ондағы қолдан тігілген бұйымдар көздің жауын алды. Құрақ көрпелер, жастықтар, тюрбандар, қолдан тігілген ойыншықтар, қазақша киім үлгілері, тойбастарға тігілген бұйымдар жайнап тұр. Бұл игі істің басықасында жүрген бес жыл еңбек өтілі бар Салтанат Берікбаева. Салтанаттан үйреніп алып, өз кәсібін ашқан қызмет алушылар жетіп артылады. Амангелді Болатбекұлы 2019 жылдан бері медицина саласында невропатолог дәрігер болып жұмыс істеуде.
– Пациенттің көбі инсульттан кейін келеді. Қарағанды қаласындағы медициналық университетті тәмамдап, осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Әу баста дәрігерлік саланың ішіндегі мамандықтарды таңдағанда-ақ мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтінімді білдім. Бәріне дайын болдым. Қолдан келгенше көмектессем деп талпындым. Бүгінде сау адамдардың көбінде неврологиялық ауытқушылықтар бар. Былай қарасаңыз ешкім жетісіп жүрген жоқ. Қаншалықты заман дамыған сайын у-шу, жағымсыз ақпараттар, жаман аурулар көп. Стресс, күйзеліс барша адамды шарпып өтеді. Осындай жағдайда уақытылы дәрігерге қаралу керек, – дейді Амангелді Болатбек.
Мұнда Қытайда оқып, ол жақтың дәстүрлі медицинасын, оның ішінде инемен емдеуді игеріп келген дәрігер Анастасия Попивухина жұмыс істейді. Анастасия Олеговна Қытайда 7 жыл білім алған. Инемен емдеуші терапевт дәрігер бастапқыда бір жыл Қытайда, екі жыл Біріккен Араб Әмірлігінде жұмыс істепті. Орталықта 8 айдан бері жұмыс істеуде. Әлеуметтік жағынан әлсіз топқа қолдау көрсету – парызымыз. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірін қайтсек жарқын етеміз деп, қоғамда сау адамдармен қатар жүруіне септігін тигізіп жүрген оңалту орталығының қызметкерлеріне дән риза болып, басымызды иіп қайттық. Өмірдің сынағына қайтпас қайсарлық танытып жүргендерге құрметпен қарайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




