Ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген «Ана- Жер Ана» трагедиясы соғыс жылдары ел басына түскен нәубетті шынайы бейнелеп, сол тұстағы жалпақ жұрттың өмірін өрнектейді. Қойылым режиссері Еркін Оразбеков адамзат тарихында қанмен жазылып қалған сұрапыл соғыстың өшпес зардабы мен өлшеусіз қайғы-қасіретін бас кейіпкер – Толғанайдың талайлы тағдыры арқылы шынайы ашып көрсете алды. Толғанай – аяулы жары мен енді ғана ер жеткен үш бірдей ұлы майданда қаза тапқан құсалы ана. Көкірегіндегі шері тас болып қатқан бақытсыз әйел. Жалғыз алданышы – жастай жесір қалған жалғыз келіні мен колхоздың ауыр шаруасы ғана.
Қойылым барысында соғыс жылдарындағы ауыл тұрмысы мен тылдағы әйелдердің жанкешті еңбегі көрерменнің көз алдынан тізбектеле өтіп, сахнада қиын-қыстау кезеңдегі адалдық пен опасыздық, қатыгездік пен сүйіспеншілік сияқты кереғар қасиеттердің тайталасы таразы басына тартылады. Сахналық туындының көркемдік шешімі Толғанай Ана мен Жер Ананың диалогы арқылы көрініс табады. Спектакль кейіпкерлерін кілең жас актерлар сомдаған. Бір ғана Толғанай бейнесі қойылым барысында көрерменді төзімділікке, сабырлық пен қайсарлыққа шақырады. Толғанай рөлін сомдаған мәдениет орталығының жас актрисасы Әнел Жұмағазина ананың мейірімі мен туған жердің киелілігін тереңінен жеткізе отырып, бас кейіпкердің күрделі образын аша алды.
Сан ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпақтың жанына жеткізу, көрерменнің көз алдына келтірудің өзі үлкен өнер. Спектакльде Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына тән философиялық тереңдік пен ұлттық болмыс көрініс тапты. Актерлардың шебер ойыны мен сахналық шешімдер көрермендерді рухани толғаныстарға жетеледі. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыруға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған қойылым арқылы мәдениет орталығы әдеби мұраны насихаттап, ұлттық рухты нығайтуға үлесін қосуда.
«Ана-Жер Ана» спектаклі аудан тұрғындары мен қонақтары арасында жоғары бағаланып, мәдени өмірге жаңа леп әкелді. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі Нұрым Қойгелдиевтің айтуынша, «Талас халық театры» ұжымы актерларының өнері мен тынымсыз еңбегімен өмірге келіп жатқан туындылар аудан мәдениетінің алтын қорына ене береді.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Биыл Маралтай оқулары республикалық деңгейде өтті
- 4 желтоқсан, 2025
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




