«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Барлық деңгейдегі депутаттар - ашық диалог алаңында

Барлық деңгейдегі депутаттар - ашық диалог алаңында
Автор
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыратын «Ақ жол» ҚДП-ның барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы – халық қалаулыларының ортақ ой-пікірлері тоғысатын ашық диалог алаңына айналып келеді. Қостанай қаласында өткен биылғы іс-шараның қоғамда саяси өмірдің елеулі оқиғасы ретінде қабылдануы да, сондықтан. Форумда еліміздің әр өңірінен келген халық қалаулылары мен партия мүшелері бір алаңда бас қосып, ел дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Партияның елдің саяси жүйесіндегі жауапкершілігін күшейту және аймақтардағы халықтың мүддесін нақты іспен қорғауды көздеген форумда «Ақ жол» Демпартиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев белсенді мүшелерге жоғары мемлекеттік наградалар мен партиялық марапаттарды табыстап, әр аймақтан келген депутаттардың тәжірибесі мен қоғамдық еңбегін атап өтті. Олардың қатарында «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының Меркі ауданындағы үйлестірушісі, «Меркі» шипажайының директоры Серік Мақажанов та бар.

Жерлесімізге мерейлі марапатты «Ақ жол» Демпартиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев тапсырды. «Ақ жол» ҚДП Жамбыл өңірлік филиалының кеңес мүшелері, партия белсенділері, партия атынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев, Тараз қалалық мәслихатынан халық қалаулылары Бауыржан Найзақұлов, Руслан Мырқалықов, Шахан Байкенжеев, партияның Меркі ауданындағы үйлестірушісі, «Меркі» шипажайының директоры Серік Мақажанов форум туралы жылы пікірлерін жеткізіп, өз ойларымен бөлісті.

– Бұл форум – «Ақ жол» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі депутаттарға өзара тәжірибе алмасып, ой-пікірлерін бөлісуге мүмкіндік беретін ауқымды жиын. Форумның алғашқы бөлімінде келелі мәселелер қозғалып, партиямыздың алдағы бағыт-бағдары айқындалды. Ал екінші кезекте «Ақ жол» Демпартиясының идеясы жолында табанды еңбек етіп жүрген әріптестеріміз марапатталды. Солардың қатарында Республика күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталған «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының Меркі ауданындағы үйлестірушісі, «Меркі» шипажайының директоры Серік Мақажанов әріптесіміз де бар. Марапатталған барлық әріптестерімізді құттықтаймыз! – дейді «Ақ жол» партиясынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаты Руслан Мырқалықов.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев барлық деңгейдегі форумына қатысу – үлкен тәжірибе алаңы болғанын айтады.

 – Форумның басты мақсаты – партия қызметінің тиімділігін арттыру, тәжірибе алмасу, саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылау, сондайақ барлық деңгейдегі депутаттар арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту болды. Өңірлердегі өзекті мәселелер, халықтың әл-ауқатын арттыру жолдары, бизнесті қолдау және экономикалық белсенділікті күшейту бағыттарындағы жобаларын қарап, өз ұсыныстарымызды ортаға салдық. Сонымен қатар форум аясында Қостанай өңірінің өндірістік әлеуетімен танысу мүмкіндігі туды. Делегация «КИА» зауытына, «Аллюр» автозауыттары кешеніне, «Агромашхолдинг» АҚ-на және «Камлит» өндіріс орындарына барып, жұмыс процесін көрдік. Зауыттар заманауи технологиялармен жабдықталыпты. Бастысы, кәсіпорындарда еңбек өнімділігін арттыру мен экспорттық бағытты кеңейтуге басымдық беріледі екен, – дейді Дәурен Хайроллаұлы.

Жамбылдық делегаттар форумнан кейін Қостанай қаласының тарихи-мәдени нысандарын аралап, экскурсия жасады. Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухтарына Құран бағыштады.

«Ақ жол» Демпартиясының барлық деңгейдегі депутаттарының республикалық форумының Қостанай қаласында өтуінің өзінің идеологиялық мәні бар. Себебі Алаш қозғалысы осы Торғай өңірінде бастау алған. Ал ақжолдықтардың ұст анымы – Алаш идеясын жалғастыру. Елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайту, кәсіпкерлікке еркіндік беру, әрбір азаматтың еңбегін бағалау.

 

Aq jol-Aqparat

Ұқсас жаңалықтар