«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баланың қауіпсіздігіне – қоғам жауапты

Баланың қауіпсіздігіне – қоғам жауапты
Автор
Тараз қаласындағы №64 орта мектебінде Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Баланың қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз» атты тәжірибе алмасу сағаты өтті.

Іс-шараның мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен іс-әрекетінің маңызын түсіндіру, балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудағы жауапкершілікті арттыру болды. Тәжірибе алмасуға ата-аналар, мектеп директорларының құқық және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, қоғамдық ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Жиынды мектеп директоры, Amanat партиясы Әйелдер қанатының мүшесі Эльмира Қойлыбаева ашып, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы, мектеп және қоғамның өзара байланысы мен бірлесе әрекет етуінің маңызына тоқталды. Ал өңірлік Әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Ашимова өз сөзінде партияның «Бақытты отбасы», «Балаңа уақыт арна» сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларының мақсаты – әр баланың бақытты, зорлық-зомбылықсыз және қорқынышсыз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

– «Балаңа уақыт арна» жобасы аясында ата-аналар мен мұғалімдер арасында серіктестік орнату арқылы балаларды зорлық-зомбылықтан, интернеттегі буллинг пен алаяқтықтан қорғауға бағытталған көптеген түсіндіру және алдын алу шаралары жүзеге асырылып келеді, – деді ол.

Сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Атенов білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа бастамалармен таныстырды. Жиында тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу, балалар мен әйелдерді қорғау бағытында жұмыс істеп жүрген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Атап айтқанда, әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова, Ювеналды адвокаттар алқасының жетекшісі Жұбаныш Нұрахова, облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Қуаныш Ақбулатов, облыстық психологиялық орталықтың әдіскері Гүлзира Дарибаева және «Отбасын қолдау орталығының» директоры Бахыт Жақсылықова өз салаларындағы тәжірибелерін ортаға салды.

Мамандардың айтуынша, бүгінде облыста тұрмыстық зорлықзомбылық құрбандарына көмек көрсететін екі орталық жұмыс істейді. Оның бірі – 51 орындық облыстық орталық, екіншісі – Қордай ауданындағы 21 орындық орталық. Өткен жылы бұл орталықтарға 252 адам көмекке жүгінсе, биылғы жылы олардың саны 268 адамға жеткен. Оның ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар.

Жыл сайын 180- 200 бала осындай орталықтарда әлеуметтік қолдау алады. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы орталықта 46 адам, оның ішінде 13 әйел және 33 бала тұрақтап отыр. Мұнда аналарға балаларын мектеп пен балабақшаға тегін орналастыру, жұмысқа тұру немесе кәсіп үйрену бағытында көмек көрсетіледі. Мысалы, өткен жылы орталық арқылы 15 әйел жұмысқа орналасса, биыл бұл көрсеткіш 8 адамды құрап отыр екен. Сонымен қатар 5 әйел «Анаға тағзым» орталығында тегін қысқа мерзімді курстардан өтіп, сертификат алған. 7 бала тегін үйірмелерге қатысуда, 8 бала интернаттарға орналастырылған. Ал биылғы жылы 90 адам – 22 әйел мен 68 бала өз отбасына қайта оралған.

Шара соңында «Бала қауіпсіздігі – қоғам келешегі» атты тренинг өткізіліп, қатысушылар өз ойпікірлерін ортаға салды. Онда ата-аналар мен педагогтер бала тәрбиесіндегі өзара түсіністік пен сенімнің маңыздылығын атап өтті. Тәжірибе алмасу шарасында көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта өңірлік деңгейдегі бағдарламалар мен ісшаралар жоспарына енгізілмек.

Осындай форматтағы кездесулер мамандар мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайтып, өзара қолдау жүйесін күшейтуге және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді дейді мамандар.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар