Біздің облыста биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 640 мың гектар алқапқа орналастырылған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 362, мал азығы – 181,3, майлы дақылдар – 38, көкөніс – 31,1, бақша – 12,7, картоп – 8,2, қант қызылшасы – 6,6 мың гектар алқапқа орналастырылған. Егін жинау науқаны өңірімізде шілде айынан бастап жалғасып келеді.
Бүгінгі күні республика бойынша 15,6 миллион гектар алқаптың немесе дәнді дақылдардың 88,6 пайызы жиналып, орташа өнімділік гектарына 16,9 центнерді құрап, 26,6 миллион тонна астық бастырылған. Республикалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдегендей, биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары аясында дәндібұршақты және майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінген.
Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда. Яғни, 774 мың гектар алқап немесе бұршақты дақылдардың 99 пайызы орылып, алғаш рет 1 миллион тонна өнім жиналған.
– Осылайша, бұған дейін айтылғандай, рекордтық көлемде өнім алу күтілуде, бұл ішкі нарықтың азық-түлік, мал азығы және тұқымдық астыққа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, дәстүрлі экспорттық нарықтардағы көлемді сақтауға және жаңа бағыттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде бидай 12 миллион гектардан астам немесе 99 пайыз алаңнан жиналып, орташа өнімділік 16,5 центнер деңгейінде қалыптасып, 20 миллион тоннаға жуық астық бастырылды. Арпа мен сұлы бойынша 2,4 миллион тонна өнім жиналды, алаңның 99,5 пайызы орылды. Сонымен қатар 127 мың гектар немесе 74,5 пайыз жүгері алқабы жиналып, 852 мың тонна өнім бастырылды, – деді баспасөз мәслихатында Азат Сұлтанов.
Ал майлы дақылдар бойынша шамамен 4 миллион тонна көлемінде рекордтық өнім алу күтілуде. Қазіргі уақытта 2,8 миллион гектар немесе оның 71 пайызы жиналып, 3,3 миллион тонна майлы дақыл бастырылды. Дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өндірісінің ұлғаюы шаруаларға жақсы табысты қамтамасыз етіп, келесі ауыл шаруашылық маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Республика бойынша картоп 130 мың гектардан 2,9 миллион тонна өнім алынса, көкөністер 129 мың гектардан 3,9 миллион тонна өнім жиналған.
Бақша дақылдарының жинау жұмыстары аяқталып, 94 мың гектар алқаптан 2,6 миллион тонна өнім алынып отыр. Бұл сан көрсеткіштерінде облыс аграқұрылымдарының да жинаған өнімінің есебі бар. Мәселен, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, есепті кезеңде 340 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 316 мың гектары орылып, 283 мың тоннадан аса өнім жиналып отыр.
Гектарға шаққандағы орташа өнімділік 9 центнерді құрады. Атап айтсақ, 147 мың гектар алқаптан 145,2 мың тонна бидай, 169 мың гектардан 137,8 мың тонна арпа қамбаға құйылған. Ал 8,2 мың гектар алқапқа орналастырылған картоптан 207 мың тонна, 31,1 мың гектардағы көкөністен 1,2 миллион тонна өнім жиналса, оның көлемі жиынтерімнің жалғасуына байланысты артуы мүмкін. Бұдан бөлек 38 мың гектарға себілген майлы дақылдардан 31, 3 мың тонна, 12, 7 мың гектарға орналастырылған бақша дақылдарынан 389 мың тонна, 18,1 мың гектардағы жүгеріден 128 мың тонна өнім жиналып отыр. Кейбір дақылдар бойынша жиын-терін жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда облыста қант қызылшасы жиналуда. 6,6 мың гектарға орналастырылған тәтті түбірдің қазіргі таңда 1 мың гектары жиналып, 59,7 мың тонна өнім жиналып, Меркі қант зауытына 55,1 мың тоннасы өткізілген.
Облыста күзгі дала жұмыстарына 9,3 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның 490-ы комбайн, 4318-і трактор, 4500- і ауыл шаруашылығы тіркемелері. Өңір агроқұрылымдарына мемлекет тарапынан 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Бүгінгі күні оның 3,1 мың тоннасы шаруаларға үлестірілген. Қалғаны күздік себу жұмыстарына бөлінуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




