«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Капитан Байтасов» фильмі көрерменге жол тартты

«Капитан Байтасов» фильмі көрерменге жол тартты
Автор
Ерлік ешқашан ескірмейді. Оттан да ыстық Отанын қорғап, елдің тыныштығын күзету жолында жанын қиған батырлардың ісі әрқашан ұрпаққа үлгі. Жамбылдан шыққан патриот ұлдың бірі – Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов. Оның халықтың бейбіт өміріне қауіп төнген сын сағатта көрсеткен ерен ерлігін дүйім жұрттың ұмытпасы анық.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Капитан Байтасов» атты фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынды. Аталған фильмнің тұсаукесері Астана қаласында өтті.  Жиында Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы маңызды екенін, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне қолдау үнемі жоғары болу қажеттігін ерекше айтқан болатын. Сондықтан, Отан қорғауда ерлік көрсеткен батырларымызды ардақтау – парыз. Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған бұл фильмнің тәрбиелік, патриоттық, тағылымдық мәні зор. Ғазиз Байтасов еліміздің қауіпсіздігі жолында өмірін қиған ержүрек азамат. Отанын сүйген батырға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Жас ұрпаққа осындай фильмдердің әсері үлкен» делінген құттықтау хатта.

Осындай тұсаукесер жиын Тараз қаласындағы Mart сауда кешенінің «Арман» кинотеатрында да өтті. Кездесу Халық Қаһарманын бір минут үнсіздік жариялап, еске алудан басталды. Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев сөз сөйлеп, Ғазиз Байтасовтың ерлік жолына тоқталды.

– Елін сүйген азамат қай кезде де Отанның амандығы мен бейбіт тұрғындардың тұрақты өмірі үшін қатерге басын тігеді. Осындай ерлікке барған Ғазиз Байтасовтың ерлігін біз әріптестері үнемі жоғары бағалаймыз. Қазіргі құрамға алынып жатқан жас полицейлерге батыр ұлдың ерлік жолын үлгі етеміз. Жерлесіміз, Халық Қаһарманы Ғазизға арнап фильм түсірген, осы жолда еңбек еткен режиссерлер мен актерлерге шынайы алғыс білдіреміз, – деді ол.

Келесі кезекте Ғазиз батырдың жары Гүлжамал Тәжиева тебірене сөйледі.

– Біздің отбасымызға Ғазиз секілді адал жар, үлкен жүректі әке керек еді. Ол отбасымыздың тірегі, жанашыры, жарқыраған нұрлы шуағы болатын. Өмірден ерте кеткені өкінішті. Алайда, Отан қорғау жолындағы көрсеткен ерлігі ел жадында мәңгілік сақталады. Осыған шүкір дейміз. Ұлдары әкелерін сағынып жүрсе де, біз батыр Байтасовтың ұлымыз деп кеуделерін көтеріп, еңселерін тік ұстайды. Мемлекеттің қолдауына, ішкі істер саласының және полиция департаментінің барлық қолдауларына алғыс білдіремін. Фильмге атсалысқан барлық азаматтарға рақмет, – деді ол.

Жиыннан кейін көпшілік «Капитан Байтасов» фильмін тамашалады. Фильм көрермен көңілінен шықты. Кинода 2011 жылғы 12 қараша күнгі оқиға қамтылған. Фильмге белгілі актерлер Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат, Самал Еслямова және басқалар түсіп, өз образдарын сәтті ойнап шыққан.

– Ғазиз Байтасов жерлесіміздің ерлігі – жастарға үлгі екені анық. Ол өз қызметіне адалдықтың биік шыңын көрсетіп кетті. Фильмде басты қаһарман – Байтасовты Азамат Сатыбалды ойнады. Азамат Ғазиз Байтасовтың мінезін, ой талғамын, болмысын өте жақсы аша білді. Сендіріп ойнады. Оның шыңдалған шеберлігі фильм барысында көрініп тұрды. Фильмнен үлкен әсер алдық. Бағасы да қолжетімді. «Арман» кинотеатрына келіп, әр ата-ана ұлдарымен бірге осы фильмді көрсе дейміз. Ол да ата-ана үшін баласын батырлыққа баулудың бір жарқын жолы болар еді, – дейді облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар