Әкем 1915 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майлыбас ауылдық кеңесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ата-анадан 5 жасында жетім қалып, ағасы Нұрғали мен жеңгесінің тәрбиесінде болады. Бірақ, Кеңес үкіметін орнату кезіндегі қақтығыстарда ағасы қаза тауып, жеңгесі әкемді балалар үйіне тапсырып, балалық шағын сонда өткізеді. Әкем еңбек жолын 1934 жылы Қазалы аудандық балалар үйінің тәрбиешісі болудан бастайды. Сол жылдың желтоқсан айынан Қазалы ауданындағы Көларық жеті жылдық мектебінің оқу меңгерушісі, Ғ. Мұратбаев атындағы колхоздың Калинин атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі болып ұстаздық қызметін жалғастырады.
1940 жылдың ақпан айында қызыл әскер қатарына шақырылып, Беларусь КСР-дағы 298-ші арнайы зенит артдивизионындағы әскери борышын өтеуден бастайды. Соғысты әкем 1941 жылы 22 маусымда Брест қаласында әскери борышын өтеу кезінде қарсы алды. Гвардия ефрейторы Ерғали Қожаназаров соғыс жылдарында Батыс, Брянск, Орталық және 1-ші Беларусь майдандары құрамында Орел, Сталинград, Курск, Брянск, Сумск, Речица, Брест, Познань, Варшава, Берлин және тағы басқа қалаларды азат ету үшін болған ұрыстарға қатысқан. Зенитті-артиллериялық гвардиялық полкында батарея командирінің орынбасары-наводчик ретінде жаудың 13 ұшағын, 5 жауынгері мен офицерін жойған.
Майданда көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинград қаласын азат еткені үшін», «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін» медальдарымен және одан басқа бас қолбасшылықтан 8 рет Алғыс хатпен марапатталған. Майдан шебінде көрсеткен ерліктері үшін және өзінің өтініші негізінде 1943 жылдың сәуірінде коммунистік партия қатарына қабылданады. 1945 жылдың қараша айында аман-есен елге оралған. Соғыстан кейін әкем бейбіт өмірге араласты. 1946-1948 жылдар аралығында Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1948-1956 жылдар аралығында Қазалы аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімінің бастығы болды. 1956 жылы КОКП ОК мен Министрлер Кеңесінің 1955 жылғы 25 наурыздағы №577 қаулысына сәйкес, Энгельс атындағы колхозға 30 мыңдықтар құрамында төраға болып жіберілді. 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Қазалы автобазасында мамандар жөніндегі аға инспектор болып қызмет атқарды.
Көп жылғы еңбегі ескеріліп, әкем дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты. Әкемнің бейбіт өмірде де ұрпақ тәрбиесіне атсалысуын үзген жоқ. Мектептердегі, комсомол ұйымдарындағы кештерде соғыс даласында көрген қиындықтарын, жолдастарының көрсеткен ерлігін, бейбіт өмірдің құндылығын айтып, ұрпақ тәрбиесін салауатты қалыптастыру бағытында көп еңбек сіңірді. Ал неміс басқыншыларының көрсеткен азабын ешқашан да айтқан емес. Ол кісінің соғыс жайлы естеліктерінде де соғыс кезіндегі бейбіт өмір, тыныштық кезеңі айтылатын. Сондай бір әңгімесі былай суреттелетін. Белоруссия жері қара топырақты болып келеді, сәл жаңбыр жауса жер лайсаң, батпаққа айналады. Ауыр техника түгілі адамдардың өзінің жүріп-тұруы, қозғалуы өте қиын болады.
Солдаттардың шинелін су басып, қажыр-қайрат азайғанда тамақ ішіп әлденбесе, тіпті жүре алмай қалады. Сондай бір кезде Белоруссия жерінде бір үзім нан таба алмай қиналады. Жергілікті тұрғындар нан орнына картоп жеп дағдыланған екен. Картоп өте көп. Оны жегенмен адамға күш бермейтін көрінеді. Сол кезде бір үйдің ұрасынан көп бидай табылып, солдаттар қатты қуанады. Бірақ оны диірменге тартып, ұнын илеп, пісіріп отыратын уақыт қайда. «Қап» деп командирі қиналып отырғанда әкем Ерғали дереу бір қазан тауып, бидайды тұз қосып қуырып береді. Соны жеп әлденген солдаттар қуанса, командирі алғыс айтып, «Мұндайды қайдан білуші едің?» деп сұрайды.
«Бұл біздің ұлттық тағам ғой» деп жауап бергенін айтатын әкем. Қиын шақта жол табуына көмектескен ұлттық құндылықты әкем әрдайым жастарға айта отырып, халқымыздың қастерлі қазынасының мәнін ұғындыратын. Кейін соғыстағы майдандас достары Төлепбай Меңеев, Ахмет Әуесбаев, Раманқұл Қабақбаев және басқаларымен де араласып тұрды. Олардың орыны бөлек дейтін әкем, себебі майдандастары ажалмен арпалысқан сәттерде ең жақындары, жанашырлары болған еді. Әкем Ерғалимен бірге қазақтың бірнеше зиялы қауымы әскер қатарында болды. Олардың ішінде соғыстан кейін Қазақ ССР Білім министрі болған Кенжалы Айманов, Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы Бақи Бакиров, аудандық партия комитетінің хатшысы болған Әнапия Ұзақбаев, қазақтың сауатты жігіттерінің қатарында ағарту саласының маманы Төлепбай Меңеев болған еді.
«Толассыз тағдырлар жайында естелік» деген кітабында Төлепбай ағамыз: «Ерғали бір сөзді, адамға қамқор, қайырымды адам болатын. Мен соғыстан кейін тағдыр тәлкегіне ұшырап, қалжырап жүргенімде, көмек қолын созған адамдардың бірі еді. Ол жеке үй салуыма, ауырған кезімде дәрігерге қаралып, демалыс орнына баруыма көмектесті» деп әкемді еске алады. Анамыз Мұңсыз Ідірісова өмір бойы мемлекеттік банкте аға кассир болып қызмет атқарды. Жұмысына адалдығы және соғыс кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Анам мен әкем бауырым Нұрлан екеуімізді де туған халыққа адал қызмет етуге тәрбиеледі.
Бүгінде мен де Сарысу ауданының ардагерімін, түрлі қоғамдық жұмыстарға араласып келемін. Еңбек туралы сөз болғанда, менің көз алдыма әкемнің биік бейнесі елестейді. Ал ерінбес еңбекқорлық туралы айтылса, үйінің шаруасымен қоса өзіне сеніп тапсырылған міндетін орындайтын қызметін қатар алып жүрген анамның жылы жүзі елес береді. Мен үшін Жеңіс мерекесі – тек соғыстағы жеңістің қуанышы ғана емес, сол жылдарда күндіз-түні дамыл таппай, елі үшін еңбектің қайнаған қазанында жүрген аналар мен балалардың да бақытқа бөленген күні. Бұл күн сонысымен де құнды. Қаншама жанға қасіреттің ащы дәмін татқызған қасиетті мерекенің мәнін жас ұрпаққа жеткізе алсақ деген ниетпен әкемді айтып отырып, сол уақыттың еңбекқор жандарын еске алып отырмын.
Светлана ҚОЖАНАЗАРОВА
аудандық Қазақстан халқы ассамблеясының жетекшісі,
аудандық аналар алқасының төрайымы,
кітапхана ісінің ардагері.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




