Уақыт тезінен өткен сенімді серіктестік
Финляндия – Қазақстанның Солтүстік Еуропа аймағы мен тұтас Еуропа Одағындағы сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі. Қазақстан мен Финляндия арасында екіжақты дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 13 мамырда, Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін алты ай өткен соң орнатылды. Дегенмен дипломатиялық қатынас кейінгі онжылдықта ғана нығая түсті. Мәселен, Финляндияда Қазақстан Елшілігі тек 2010 жылы ашылса, екі жылдан кейін Қазақстан достас елде өз Елшілігін құрды.
Содан бері екі ел арасындағы ынтымақтастық экономика, экология, білім беру салаларында жүйелі дамып келеді. Геосаяси артықшылық та өзара тиімді ұсыныстарды ілгерілетіп үлгерген. Финляндия біз үшін Еуропалық Одақтың белсенді мүшесі ретінде кәрі құрлыққа жол ашса, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика санатында шикізат пен сауда жолының балама бағытын ұсынып отыр.
Қазақстан мен Финляндия президенттері биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Нью-Йоркте кездескен болатын. Оның алдында былтыр қараша айында Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың Баку қаласында өткен 29- шы конференциясы аясында ҚасымЖомарт Тоқаев пен Александр Стубб кездесіп, мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынасты, атап айтқанда, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды одан әрі дамытуға бейіл екенін жеткізген болатын.
Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер бір-біріне сапармен баруға келісіп, бұл сапарлар Астана мен Хельсинки арасындағы саяси және экономикалық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретіні айтылған еді. Ал биылғы 12 наурызда фин тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы қарымқатынасқа тың серпін беру үшін Финляндия Президенті қазан айында Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізген болатын.
Жалпы, Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін Финляндия президенттері Қазақстанға бес мәрте табан тіреген екен. Ал Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Финляндия билігімен 4 рет кездесу ұйымдастырыпты.
Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға келісті
«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келген Александр Стуббты салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін президенттер шағын құрамда кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббтың бұл сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ.
Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар.
«Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін», – деді Президент.
Финляндия Президенті Қазақстанға үшінші мәрте келіп отырғанын жеткізді.
«Алғаш рет 2008 жылы мен сыртқы істер министрі, ал сіз сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарымқатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз», – деді Александр Стубб.
Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен жалғасты. Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады. Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі.
«Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысыгң пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкіметаралық комиссиясының жұмысы маңызды рөл атқарады. Президент фин делегациясының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды. Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.
«Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді.
Бұл дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай», – деген Финляндия Президенті фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Ақорданың хабарлауынша, келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб 20 тараудан тұратын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тараптардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапқан.
15 құжатқа қол қойылды
Жалпы, Финляндия Президентінің елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндия Республикасының Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану бағытындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасындағы су ресурстарын басқару мәселелері бойынша өзара түсіністік, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Фин су форумы (Finnish Water Forum) және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасындағы су ресурстарын цифрландыру және басқару бағытындағы зерттеушілік және білім беру әлеуетін қалыптастыру жөніндегі өзара түсіністік, «Бурабай» курортында туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық, Қазақстанда экологиялық ауылды дамыту жобасы жөніндегі өзара түсіністік, «Теңіз жасағы» АҚ мен «Lamor Corporation Plc» компаниясы арасындағы мұнайдың апаттық төгілуін жою және теңіз операцияларын қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Фин су форумы арасындағы гидрометеорологиялық және ауыл шаруашылығын бақылауға арналған, экологиялық мониторинг жүргізетін онлайн-автоматтандырылған жүйенің (AMS) жергілікті өндірісін жолға қою туралы ниеттестік декларациясы секілді келісімдер бар.
Қазақ-фин бизнес форумында не талқыланды?
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президентін қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.
«Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы саудаэкономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халықтарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
«Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізген келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенімізді растадық. Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты миллиард долларға жуықтады. Финляндия инновация және технология салаларындағы көшбасшылығымен дамыған елдердің бірі ретінде әлдеқашан мойындалған. KONE, Nokia, Fortum секілді компаниялар ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өркендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылғы үшінші тоқсанда Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйымдардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады деп күтілуде. «Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады.
Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 миллиард долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Біз бұл прогреске экономикада, сонымен бірге саясатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отырмыз.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» стратегиялық қағидаты – еліміздің саяси бағытының негізгі өзегі. Бұл 2027 жылы жалпыұлттық референдум барысында қабылданатын конституциялық реформалардан кейін де Қазақстанның президенттік республика болып қала беретінін көрсетеді. Сәйкесінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ішкі саясатымыздың басты бағдарына айналды. Заң үстемдігі экономикалық реформаларды табысты жүргізуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасайды деп сенемін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы UNCTAD мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 миллиард доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті салаларына назар аударды.
«Еуразияның қақ төрінде орналасқан Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғастыратын стратегиялық аймақ. Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміздің аумағымен өтеді. Бұл құрлықтағы қатынастың маңызды күретамыры саналады. Жұртшылық Орта дәліз деп танитын, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыта отырып, Қазақстан құрлықаралық сауданың орталық арнасы ретіндегі рөлін нығайта түседі. Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo бірегей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күшжігерін жоғары бағалаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаңғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.
«Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және ХаминаКотка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент атом қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылға қарай екі есе артады.
Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электрэнергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген . Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген.
«Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салалары да озы шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 миллион тоннаға жуық бидай және 2 миллион тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.
«Елдеріміздің өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндігі бар. Осылайша, аграрлық өндірістің бүкіл тізбесінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға болады. Біз ынтымақтастықтың нақты тетіктерін қалыптастырдық. Академиялық алмасуды жандандыру және Erasmus+ бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды ілгерілету мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті серіктестік орнатты. Қазақстан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруашылығының инновациялық, орнықты әдістерін енгізу саласында бірлескен зерттеулерді дамытуға мүдделі», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бизнес форум қатысушыларына Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді.
«Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуде мол әлеует бар екенін атап өтті. «Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар.
Біз ағаш кесудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз. Финляндияның осы салалардағы озық тәжірибесі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Бұдан бөлек, бірлескен зерттеулер мен инвестицияға жол ашады», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты.
«Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасалмайды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байланыс орнатылып, сенім нығаяды», – деді Мемлекет басшысы.
Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.
«Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық», – деді Александр Стубб.
Фин инвесторларының Қазақстан экономикасына қызығушылығы артқан
Финляндия Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктесі ретінде көреді. Бұл саяси ұстаным кейінгі жылдары экономикалық өсімге ұласып, мемлекетаралық жобалардың жүзеге асуына түрткі болып отыр. Соңғы жылдары Финляндия инвесторларының Қазақстан экономикасына деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Бұған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің өсу қарқыны дәлел. Мысалы, 2023 жылы 22,7 миллион АҚШ доллары, 2024 жылы – 41,8 миллион, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 24,2 миллион долларға жетті.
Осылайша Финляндиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 84,2 пайызға өскен. Өсім фин бизнес өкілдерінің қазақстандық нарыққа деген нақты қызығушылығын көрсетеді. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар-тамыз аралығында екіжақты алысберіс 89,5 миллион АҚШ долларына жетсе, соның 84,4 миллионы импорттың үлесінде. Достас ел ауыл шаруашылығы техникалары, дәрі-дәрмек, жеңіл автокөлік, бағдарламалық қамтамасыз ету, экологиялық жабдықтар әкелуді үдеткен.
Қазір Қазақстанда Nokia, Orion Pharma, Tikkurila, Metso, Kone, Lamor, Peikko сияқты фин капиталы бар 70 компания тіркелген. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондайақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім беру саласындағы жұмыс топтары қызмет етеді. Энергетика саласында – Wärtsilä, кен байыту саласында – Outotec, экология бағытында – Vaisala тиімді қадам жасап отыр. Сарапшылардың айтуынша, Финляндия бизнес секторының пайдалы қазбаларды өндіру және энергетикалық жобаларға да қызығушылығы мол.
«Еуропаның аса маңызды және сирек кездесетін металдарға деген сұранысын ескерсек, кәсіпкерлер пайдалы қазбалар саласына енуге мүдделі. Оның үстіне бұл бағытта Қазақстанның технологиясы орнықты және шикізат өндіру секторына арналған финдік компаниялармен бұрыннан тәжірибе алмасып келеді. Еліміз үшін жаңартылатын энергия көздері мен энергияны сақтауға арналған Еуропа технологиясын қолға түсіру стратегиялық тұрғыда аса маңызды», – дейді сарапшылар.
Айта кету керек, энергия тиімділігін арттыратын технологияларды қазақфин кәсіпкерлері ортақ пайдаланып келеді. Есте болса, фин корпорациясы – Wartzilla Маңғыстаудағы гибридті электр стансасына жел паркі мен күн генерациясын газ қозғалтқыштарымен біріктіретін жабдық жеткізуді міндетке алған. Финляндия қазір «жасыл» технологиялар мен циркулярлық экономиканың жаһандық көшбасшысы саналады.
Бұл тәжірибе Қазақстан үшін аса өзекті, себебі ел 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына жетуді мақсат тұтып отыр. Қазақстанның экономикалық әлеуетін Орта дәлізсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда Фин басшылығы үшін де Қытайдан келетін жүкті Орта Азия арқылы жеткізу тиімді. Сарапшылардың ойынша, Финляндия Солтүстік Еуропаға бағытталған дәліздің бір тармағын құру үшін бірнеше жылдан бері жұмыс жүргізуде. Қазақстан арқылы транзитпен Қытай, Финляндия және Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымалды дамыту үшін ресурсын аямауға әзір. Орта дәлізді дамытуға Norman Logistics Service логистикалық операторы белсенді қатысуда. Тараптар Қытай мен Финляндия арасындағы тұрақты бірлескен контейнерлік сервисті іске қосуды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, 2022 жылдың наурыз айында Алтынкөл – Қорғас ірі шекаралық теміржол торабында пилоттық режимде контейнерлік пойыз жөнелтілді. Ал өткен жылы Қазақстан мен Финляндияның логистикалық операторлары меморандумға қол қойып, еліміз арқылы Қытай – Финляндия арасында контейнерлік сервисті дамытуға уағдаласты. Қазақстандық GTG Express компаниясының фин логистикалық операторларымен бірлескен жобалары да жетерлік. Қорыта айтқанда, қазақ-фин қатынасы прагматикалық сипатта дамып келеді.
Болашақта екі ел «жасыл» экономика, цифрлық даму, көлік-логистика бағдарын ілгерілетуге бейіл. Мұның барлығы қос тарап үшін экономикалық әртараптандырудың негізгі жолына айналмақ.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
- 2 желтоқсан, 2025
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




