«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Татулықтың жемісін күн сайын көремін»

«Татулықтың жемісін күн сайын көремін»
Автор
Республика күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовтың қатысуымен «Ауыл» партиясы облыстық филиалы активтерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шарада Ассамблея мүшесі, күрді ұлтының өкілі Зарина Караосманоглы «Қазақстаным – жайлы мекенім!» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ел бірлігі мен татулықтың маңызын атап өтті.

– Мен – күрді ұлтының өкілімін. Бірақ осы елдің азаматы ретінде, мен үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігі – ортақ құндылық. Өйткені бәріміздің Отанымыз – бір, туымыз – бір, тағдырымыз – ортақ. Республика күні – мен үшін де, менің отбасым үшін де мақтаныш пен рухтың мерекесі. Қазақстан тәуелсіздікке жеткен күннен бастап барлық этностарға тең мүмкіндік берді. Қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, неміс тағы басқа ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақтың астында татулықта өмір сүріп келеміз. Біз егеменді ел болудың маңызын ұғындық. Бұл – тек тәуелсіз саясат жүргізу ғана емес, бұл – өз мәдениетіңді, тіліңді, тарихыңды сақтап, сонымен бірге біртұтас ұлт болып ұйысу деген сөз. 35 жыл – аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде Қазақстан әлемге танылған мемлекетке айналды. Бүгінде Қазақстан – бейбітшілікті, тұрақтылықты, бірлікті жоғары қоятын ел ретінде бүкіл әлемге үлгі. Мен «Ауыл» партиясының мүшесі ретінде осы ұлтаралық келісім мен татулықтың нақты жемісін күн сайын көремін. Біз Республика күні арқылы өз тарихымызды еске алып қана қоймаймыз, болашағымызға жаңа сеніммен қараймыз. Бұл күн – жаңару, жаңғыру, жауапкершілік күні. Біздің Республика – көпұлтты, көпмәдениетті мемлекет. 130-дан астам этнос, 18 түрлі діни қауым өкілдері бір елде тату өмір сүріп отыр. Мұндай тұрақтылық кез келген елдің маңдайына бұйырмаған бақыт. Елімізде әрбір ұлттың тілі мен мәдениетіне құрмет көрсетіледі. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағида – біздің қоғамның басты ұстанымы. Республика күні сол бірлікті одан әрі нығайтуға, әр азаматтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті күшейтуге бағытталған мереке. 35 жылдық жол – жетістікке толы жол. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Бүгінде Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде. Президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Әділетті Қазақстанды» құру идеясын көтеріп келеді. Бұл – әр азаматтың құқығы қорғалған, еңбегі бағаланған қоғам құру деген сөз. Менің ойымша, нағыз патриот – өз ұлтын ғана емес, өз елін сүйетін адам. Біз – ортақ тағдырдың ұрпағымыз. Республика күні бізге осыны тағы да еске салады. Бізге аманат – бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау, келешек ұрпаққа мықты мемлекет қалдыру. Барлығымыз, ұлтқа қарамай, бір мақсат – Қазақстанның өркендеуіне үлес қосу жолында еңбек етуіміз керек, – деді ол өз сөзінде.

Партияның барлық мәслихат депутаттары мен белсенді мүшелері қатысқан жиында еңбегі еленген бірқатар партия белсенділері мен еңбек адамдары 25 жылдық мерейтойлық медальмен марапатталды.

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар