«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі үйдің мәселесі енді қалай шешіледі?

Екі үйдің мәселесі енді қалай шешіледі?
Автор
Қастерлі Ата заңымызда жазылғандай, біздің мемлекетте қоғамның басты факторы – адам. Яғни, адамдардың құқығы, тыныштығы мен денсаулығының қорғалуы бірінші кезектегі іс. Редакциямызға Тараз қаласындағы Күләш Байсейітова көшесінің тұрғыны, 70 жастағы ақсақал Бекасыл Үсіпбеков келіп, өзін алаңдатқан мәселе туралы айтып берді.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, ақсақалдың айтары әріден басталады. Біз оқырманға түсінікті болу үшін барлығын ретімен айтайық. Жоғарыда аталған Күләш Байсейітова көшесі, №36 үй шаруашылық меншік жүргізу құқығындағы «Жамбыл облыстық оңалту орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны» мекемесімен қабырғалас орын тепкен.

Бұл мекеме ғимараты 1988 жылдары Жамбыл химиялық зауытының профилакториялық орталығы болып ашылып, дәл іргесінен екі тұрғын үй салынған. Бұрын бәрінің кәріз жүйесі ортақ болыпты. Аталған екі үйдің бірі сол уақытта белсенді жұмысымен көрінген Бекасыл Үсіпбековке беріледі де, екінші қанаттағы үйге Әділ Яхияев деген азамат қоныстанады. Ал содан бергі жылдардың ішінде бұл үлкен ғимаратқа түрлі мекемелер орналасып, ауысып отырды.

Бір кездері «Бөбек» сауықтыру мекемесі қоныстанса, кейіннен «Ана мен баланы қолдау» орталығы орналасты. Бірақ 38 жылдан бері №36 үй тұрғындары үшін ешқандай мәселе туындамаған. Тек 2019 жылы қабырғалас мекемеден келетін кәріз құбыры кенеттен ажыратылған. Ол туралы тұрғындарға алдын ала ештеңе ескертілмепті.

«Біз осында тұрып жатқанымызға 38 жылға жақындады. Ал соңғы 6 жылдан бері мәселе туындады. Кәріз суы қиылған соң, аталған екі үйде мәселе көбейіп, жағымсыз иістерден немерелеріміз ауырып жатыр. Үш немерем бар. Одан бөлек кәріз жүйесіне қатысты шұқырды апта сайын 5 мың теңгеге тазалатып тұрмыз. Біз неге ауырып, неге артық шығын төлеуіміз керек? Көрші мекеменің бас дәрігеріне де, «Жамбыл су» мекемесіне де бардым. Ешбірі уәжіме құлақ аспады. Мен заңгерге де шағымдандым. Заңгер Серік Омаров менің құқығымның тапталып отырғанын, тіпті сотқа жүгіну арқылы да мәселемді шешуіме болатынын айтты», – дейді Бекасыл Үсіпбеков.

«Менің үйде 7 немерем бар. Барлығы да осы келеңсіз жағдайдың кесірінен екі күннің бірінде ауырып, сабаққа бара алмай жатыр. Бұл мәселенің бір шешімі болса дейміз. Тараз қалалық санитарлық қадағалау басқармасының мамандары келіп, жағдайды көзімен көрсе де артық болмас еді», – дейді аталған №36/2 үйдің тұрғыны Әділ Яхияев.

Біз қабырғалас орналасқан «Жамбыл облыстық оңалту орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны» мекемесіне бас сұқтық. Бас дәрігері жиналыста болғандықтан, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Бодаубековаға жолықтық. Ол кісінің бізге жасаған жақсылығы шаруашылық бөлімінің меңгерушісін тауып беру болды. Ал шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Райхан Құралбекқызы да сөзді қысқаша қайырды.

«Бұл екі үйге баратын кәріз құбырын қию мәселесіне біздің мекеменің ешқандай қатысы жоқ. Егер «Жамбыл су» мекемесіне барып, заңға қайшы емес екенін дәлелдеп, қостырып алса, қарсы емеспіз», – деді.

Біз «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына да арнайы бардық. Мекеме директорының міндетін атқарушы Гауһар Сапаралиева мәселемізді құлақ қойып тыңдады.

«Мен сіз айтқан мекенжайға мамандарымды жіберемін. Егер бәрі заңға сәйкес болатын болса, біз ол үйлерге кәріз жүйесін қостырып береміз», – деді.

Біз зерделеген бір мәселе осындай. Аталған ақсақалдар кезінде еңбек озаты ретінде алған пәтерлерінің кәріз жүйесін ретке келтіре алмай әлек. Болып жатқан келеңсіз жағдайлар аталған үйде тұратын ақсақал кісілердің жүйкесіне тиетіні анық.

Біз «Жамбыл су» мекемесінің араласуымен мәселе оң жағына шешіледі деген үміттеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар