«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»
Автор
Облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралы өкілдеріне арналған «АПВ-ға қарсы вакцинация бойынша сұрақтар мен жауаптар» атты семинар өткізді. Жиынның мақсаты – халық арасында жатыр мойны обырының алдын алу және АПВ вирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығы туралы ақпараттандыруды арттыру.

Облыстық қан орталығында өткен басқосуды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ашты. Семинарды ДДҰ елдік кеңсесінің иммундау бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Қанат Суханбердиев жүргізді. Сондай-ақ жиында Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, денсаулық сақтау басқармасының, санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің өңірлік департаментінің, облыстық онкодиспансердің және ДДҰ Қазақстандағы өкілдігінің қызметкерлері және дәрігерлер баяндама жасады. Олар ДДҰның кеңейтілген иммунизация бағдарламасы мен оның тарихына шолу жас ап, Қазақст андағы иммунизация бағдарламасының 50 жылдағы негізгі көрсеткіштері мен жетістіктері туралы ақпарат беріп, облысымыз бен елдегі жатыр мойны обырының аурушаңдығы мен өлім-жітім көрсеткіштерін талдады.

Сонымен қатар АПВ вакцинациясы туралы кең таралған мифтер мен фактілерді талқылап, журналистердің вакцинацияға қатысты сұрақтарына жауап берді. Семинардың екінші күні ұйымдастырушылар облыс әкімдігінің, денсаулық сақтау басқармасының, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, білім және дін істері басқармаларының, үкіметтік емес ұйымдардың, мектеп директорларының, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ тәжірибелі гинекологтар мен онкогинекологтардың өкілдеріне «Қазақстан халқы ассамблеясы» ғимаратында «Өзгерістер жолында: жатыр мойны обырын жою мақсатында АПВ-ға қарсы вакцинация саласындағы әйелдердің мықты көшбасшылығы» тақырыбында жиын өткізді.

Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің және Еуропалық Одақ делегациясының қолдауымен ұйымдастырылған ісшара «2023–2025 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспар» аясында өткізіліп отыр. Дөңгелек үстел отырысында жатыр мойны обырын жою бойынша ғаламдық стратегияны іске асыру жолындағы жоғары деңгейдегі саяси қолдауды, жетекшілікті және көпсалалы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы сөз болды. Жиынның мақсаты әртүрлі мүдделі тараптар мен салалық ұйымдардың күш-жігерін біріктіре отырып, жатыр мойны обырының алдын алу шараларын, оның ішінде АПВ-ға қарсы вакцинацияны тиімді әрі үйлесімді іске асыруға арналды.

Басқосуда мамандар еліміздегі жатыр мойны обырының таралуына шолу жасап, АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу барысын талқылады. Оның ішінде әлеуметтікмәдени және гендерлік факторларды, жатыр мойны обыры туралы мифтер мен қате түсініктерді, олардың алдын алу және емдеу жолдары сараланды. Сонымен қатар халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіріп, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділердің, соның ішінде әйел көшбасшылардың рөлін арттыру мәселелерін көтерді. Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 1900 жаңа жағдай тіркеліп, олардың ішінде 600-ге жуық әйел көз жұмады. Ғылыми зерттеулердің арқасында жатыр мойны обырының пайда болу себебі анықталды. Ол – адам папиллома вирусы (АПВ). Е

ліміздегі ст атистика лық мәліметтерге сәйкес, жыл сайын жатыр мойны обырының 1600-ден астам жаңа жағдайы тіркеледі. Жатыр мойны обыры – әйелдер арасында АПВмен байланысты ең көп тараған қатерлі ісік түрі. Жалпы аурушаңдық құрылымында жатыр мойны обыры 5-6 орында тұр. Әйелдердегі қатерлі ісіктер құрылымында ол сүт безі обырынан кейін екінші орында. АПВ-ның көптеген серотиптері бар, алайда ең патогенділері – 16 және 18 типтері болып саналады. Жатыр мойны обырының пайда болу себебі анықталғанымен, ғалымдар одан да үлкен ғылыми жаңалыққа қол жеткізді. Ол адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина жасау. Әлемнің 115-тен астам елінде жатыр мойны обырының алдын алу мақс атында вакцинация жүйесі енгізілген.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда 11 жастан асқан қыз балаларға ерікті және тегін вакцинация басталды. Қазіргі таңда 6 лицензияланған вакцина қолжетімді. Олар: еківалентті: Cecolin, Cervarix, Walrinvax, төртвалентті: Cervavac, Gardasil және тоғызвалентті Gardasil 9 вакциналары.

Бүгінгі күні елімізде төртвалентті Гардасил (Gardasil) вакцинасын қолданады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы өкілдігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі 2024 жылғы онкологиялық аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обыры 12,6 пайыз (206 жағдай), екінші орында өкпе обыры 10,3 пайыз (168 жағдай), үшінші орында колоректалды обыр 8,4 пайыз (137 жағдай), төртінші орында асқазан обыры 7,9 пайыз (130 жағдай), бесінші орында жатыр мойны обыры 5,8 пайызды (95 жағдай) құрайды.

Сондай-ақ өткен жылғы онкологиялық өлім-жітім құрылымында бірінші орында өкпе обыры 15 пайыз (102 жағдай), екінші орында асқазан обыры 12,8 (87 жағдай), үшінші орында сүт безі обыры 8,1 (55 жағдай), төртінші орында колоректалды обыр 7,6 (52 жағдай), бе сінші орында ұйқы безі обыры 4,5 пайыздан (31 жағдай) көріп, жатыр мойны обыры 9-орында 2,5 пайыз (17 жағдай) болып отыр. Ал 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша онкологиялық аурушаңдық құрылымында жатыр мойны обыры 5-орыннан көрініп, 6,4 пайыз, яғни 80 жағдай тіркелген. Осы кезеңдегі өлім-жітім құрылымында жатыр мойны обыры 8-орында, яғни 3,6 пайыз деп көрсетілген.

Адам папилломасы вирусы (АПВ) – қазіргі таңда әлем бойынша ең кең таралған инфекциялардың бірі. Ол тері мен шырышты қабаттарға әсер етіп, адамның денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Ғалымдар АПВ-ның 200-ге жуық түрін анықтаған, олардың кемінде 13-і қатерлі ісікке, соның ішінде жатыр мойны обырына себеп болуы мүмкін. Көп жағдайда вирус ешқандай белгісіз өтеді, бірақ кейде аногениталды сүйелдердің пайда болуына әкеледі.

Өкінішке қарай, адамдар мұндай белгілерге мән бермей, дер кезінде дәрігерге жүгінбейді. АПВ, әсіресе әйелдердің жатыр мойнына әсер етеді, ал ол бүгінде әйелдер арасында ең қауіпті онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. Бұл дерттің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ғылыми тұрғыда дәлелденгендей, жатыр мойны обырының басты себебі – АПВ, ал оған қарсы вакцина қауіпсіз әрі тиімді болып саналады. Қазіргі таңда аталған вирусқа нақты ем жоқ, сондықтан ең дұрыс шешім – алдын алу.

Елімізде адам папиллома вирусына қарсы ауқымды вакцинациялау науқаны жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – әйелдердің онкологиялық ауруларынан болашақ ұрпақты қорғау. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 11-13 жас аралығындағы қыздар иммундау бағдарламасымен қамтылуда. Осы уақытқа дейін 278,2 мыңнан астам профилактикалық екпе егілді. Бағдарламаның басты мақсаты – әйелдерді жатыр мойны обырынан қорғау.

Вакцинация сондай-ақ жыныс сүйелдері сияқты басқа да қатерлі ісік түрлерінің дамуын болдырмауға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын әлем бойынша жатыр мойны обырының шамамен 600 мың жағдайы тіркеледі, олардың 90 пайызға жуығы табысы төмен және орта деңгейдегі елдерге тиесілі. АПВ-ға қарсы вакцинаны ұлттық екпе күнтізбесіне енгізу – аурудан болатын өлім-жітімді азайтудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.

Өткен жылы АПВ-ға қарсы вакцинация Ұлттық иммундау бағдарламасына енгізіліп, қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыз балаларға алғашқы дозалар салына бастады. Бұл – еліміздегі онкологиялық аурулардың алдын алу жолындағы маңызды қадам. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша өткен жылы жатыр мойны обыры онкологиялық аурулар құрылымында бесінші орында (5,8 пайыз – 95 жағдай), ал 2025 жылдың алғашқы 9 айында бұл көрсеткіш 6,4 пайыз (80 жағдай) болды. 2025 жылғы қыркүйек айының өзінде 80 әйелде жатыр мойны обыры алғаш рет анықталды.

Алғаш анықталған жағдайлардың 48,7 пайызы – 0–I сатысында, 41,3 пайызы – II сатыда, ал қалғаны – аурудың кеш сатыларында. Бес жылдық өмір сүру көрсеткіші бойынша 53,3 пайыз (383 науқас) анықталып отыр. Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Жандос Сейдахметовтың айтуынша, жатыр мойны обырын ерте анықтауда әйелдердің 35 және 45 жас кезеңінде өтетін скринингтік тексерудің маңызы зор.

Республикалық скринингтік бағдарлама 2008 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Скринингтің негізгі мақсаты – көпшілік әйелдерді қамти отырып, жатыр мойны обырын 0–1 сатысында анықтау.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, скринингтік жас тобы арасында 19 әйелден жатыр мойны обыры анықталды. Оның ішінде 9 жағдай скрининг аясында табылып, бұл жалпы көрсеткіштің 47,3 пайызын құрады. Скрининг арқылы анықталған 9 әйелдің тек 6-уына ғана диагноз аурудың 0–1 сатысында қойылған, бұл 66,6 пайызды құрайды.

Скринингтің ұзақ уақыт бойы жүргізіліп келе жатқанына қарамастан, жатыр мойны обырына шалдыққан науқастарды анықтау тиімділігі әлі де жоғары деңгейде емес. Сонымен қатар скринингтің басты мақсаты – ауруды ерте сатысында анықтау, ол да толық көлемде орындалып жатқан жоқ.

2025 жылы скринингтік бағдарламаның оң өзгерістерінің бірі оның тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілуі болды. Бұл жаңашылдық скринингтен барлық әйелдерге, сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтарға бірдей өтуге мүмкіндік береді. Бүгінде әлемнің 147 елі АПВға қарсы вакцинацияны ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізген.

Қазақстан да АПВ-ның алдын алу стратегиясын белсенді жүзеге асырып жатқан елдердің қатарына қосылды. Бұл ДДСҰ-ның жатыр мойны обырын қоғамдық денс аулық сақтау мәселесі ретінде жою жөніндегі жаһандық мақсаттарына толық сәйкес келеді. Жоғарыдағы аты аталған іс-шаралар оның айқын көрінісі десек болады.

Статистика бойынша, жатыр мойны обыры көбіне 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі. Бірақ бұл аурудың алдын алуға болады. АПВ-ға қарсы екпе көмегімен болашақта жатыр мойны обырын мүлде жоюға толық мүмкіндік бар. Таразда өткен семинар «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» керек екенін түсіндірді.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар