«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халықтың игілігіне арналған қаржы орынды жұмсалуда

Халықтың игілігіне арналған қаржы орынды жұмсалуда
Автор
Республика – ұлтына, дініне қарамастан бір мемлекетті мекендеген бүтін бір елдің ортақ шаңырағы. Барлық азаматтары жасына лайықты білім алып, қажет кезде емделіп, дәрігерге қаралуға және өзге де өмірге қажетті қызметтерді алуына мемлекет тарапынан керекті қаржы бөлініп, тұрғындарға жайлы жағдай жасалады. Халықтың игілігіне арналған осындай қызметтер үшін бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артпаса кеміген емес. Ол қаражат ортақ қазынадан бөлінетіндіктен қадағаланып отырады. Ал, ортақ қазынаға елдегі өндіріс, кәсіпорындары, ауыл шаруашылығының тапқан табысына қарай түсім түседі. Мысалы, биылғы 9 айда облыс бюджетінің кірістері 577,6 миллиард теңге, яғни 100,5 пайыз көрсеткішпен жүзеге асқан. Жоспар 3,1 миллиард теңгеге артық орындалған.

Облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің мәлімдеуінше, меншікті кірістер 105,1 пайызға орындалып, 7,8 миллиард теңге жоспардан артық түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға немесе 24,8 миллиард теңгеге өскен.

– Меншікті кірістер жоспары барлық жергілікті бюджеттерде толығымен орындалған. Жалпы, ағымдағы жылдың 1 қазанына облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 97,5 пайызға игеріліп, республикалық көрсеткіштен жоғары болып қалыптасты. Аудандар мен Тараз қаласы бойынша қаражаттар 96,8 пайызға игерілген. Облыстық бюджет қаражаттарының 519 миллиард теңгесі, яғни 97,4 пайызы игеріліп, мақсатты қаржының орынды жұмсалуы бақыланып отыр, – дейді басқарма басшысы Батырхан Базарбайұлы.

Ал, өңірдің осы уақыт аралығындағы, яғни қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтікэкономикалық дамуы оң көрсеткіш байқатты. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 1550,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан.

– Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында экономикалық өсім 110,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 967,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібіндегі нақты көлем индексі 113,3 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 363 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 3,1 пайызға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығынан 214 миллиард теңге, яғни 103,8 пайыз, мал шаруашылығынан 148 миллиард теңге, яғни 102,1 пайыз өнім өндірілді. Негізгі капиталға 491 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 39,1 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 254,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 16,5 пайызды көрсетті. Облыс бойынша 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, сауда айналымы 101,4 пайызды құрады. Көлік және қоймалау көлемі 469,8 миллиард теңгені құрап, 102,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Байланыс қызметі 109,1 пайыз деңгейінде қалыптасты, – дейді Сандуғаш Ермаханқызы.

Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, тұтыну бағаларының индексі 109 пайызды құраған. Елдің қамына көзделген қаражаттың мақсатына лайықты жұмсалуы, түсімнің артуы – республикамыздың әлеуетінің ілгерілеуін байқатады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар