«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кеңес ұсынысы назардан тыс қалмады

Кеңес ұсынысы назардан тыс қалмады
Автор
Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі партияның 2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын және партияның басқа да бағдарламалық құжаттарын, мәдениет және өнер саласына, қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімді сақтауға, сондай-ақ тіл саясатын және өзге де мәселелерді тиімді іске асыру мақсатында жұмыс атқарып келеді.

Өткен жылы «Miras» аймақтық кеңесінің үш отырысы және көшпелі бір отырысы Жамбыл ауданында өтті. Кеңестің күн тәртібінде 6 мәселе қаралып, тиісті әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелерге 27 ұсыныс жолданды. Ұсыныстың орындалу барысы партия назарында және жыл соңында орындалған ұсыныстарға талдау жасалады. Сонымен қатар өткен жылғы кеңес отырыстарының қорытындысында облыста 197 мәдениет үйлері мен клубтардың штаттық кестесіне зерделеу жүргізу нәтижесінде 96 үйірме жетекші штаттық бірлігінің қажеттілігі анықталған болатын.

Бұл проблеманы кеңесте талқылап, мәдениет басқармасына тиісті ұсыныс жасағанбыз. Бүгінде мәдениет басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, мәдениет ошақтарына берілген 47 штаттық бірліктер орнына 35 маман қабылдаған. Әрине, мәселені түбегейлі шешпесе де ілгерілеу бар. Алдағы уақытта бұл бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады. Ал мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жасалған ұсыныстар оң шешімін тапты. Мысалы, аймақтағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 457 миллион теңге бөлініп, қажетті құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Рас, бүгінде облыстағы тарихи-мәдени нысандардың қаусап, адам бармайтын жағдайға жеткен көріністер де бар. Бұл жайлы кеңесте талқыланған. Аталмыш мәселені облыс әкімдігінің білім мен туризм басқармалары бірлесе тарихимәдени нысандарға ұйымдастырылатын экскурсияларға тартылатын мектеп оқушыларының санын арттыру және тарихи орындарда түрлі форматтағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ұсыныс жасадық. Бұл мәселе де шешімін тауып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тағы қоса кетерлігі, оқушылардың тарихимәдени орындарға қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру сайты жұмыс жасайды. Сайтта оқушылар Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды экскурсия жасауға, музыкалық шығармаларды тыңдауға мүмкіндік алып отыр. Бұл сайтқа 314 мектептен 76 948 оқушы тіркелген екен. Онлайн форматта тарихи-мәдени орындарды насихаттаудың да бір пайдасы осы. Кеңес отырысында айтып жүрген сауалдардың бірде біреуін қалдырмай хаттамаға енгізіп, тиісті мекемелер мен әкімдіктерге жолданып тұрады және жауаптылардан келген хаттарға мониторинг жүргізіліп отырады.

Алайда жолданған ұсыныстарымыздың кейбірі шешімін таппай жатса, кейбіріне тіпті жауап берілмей жатады. Мысалы, республикаға жолдаған «QosLike», «Бір болайық» бағдарламаларын жабу туралы министрлікке ұсыныс хатқа жауап берген министрлік «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның бабтарына сүйеніп, бұқаралық ақпарат құралдарының ішкі саясатына араласуға құқығы жоқ екендігін жеткізді.

Бұл «ол бағдарламалар ұнамаса, басқа арналарды қараңыздар» деген сыңайды танытып отыр. Ал облыстық Жастар театрын және мәдениет саласының мамандарын дайындайтын оқу орнын ашу туралы мәселеге келетін болсақ, облыс әкімінен тікелей жауап болмай, тек салалық басқармалардан жауап келді. Айтар болсақ, мәдениет басқармасы үшін бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі – облыстық орыс драма театрына жеке ғимарат қарастырып, жеке шығару болып отыр. Сондықтан облыстағы кәсіби театрлардың мәселесі шешілмей, тағы бір өнер ұжымын, атап айтқанда, «Жастар театрын» ашуға мүмкіндік жоқ екен. Сондай-ақ облыс әкімдігінің білім басқармасы «Мәдениет және өнер колледжін» ашу үшін осы саладағы мамандарға еңбек нарығындағы қажеттілік анықтағанын алға тартады.

2025 жылға дейін қалыптасқан қажеттілік саны 122-ні құрайды. Ал аталған қажеттілікті Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі қанағаттандырып отыр екен. Осыған орай, облыста мәдениет және өнер колледжін ашу, экономикалық және кәсіби тұрғыдан тиімділігі жоқ деген жауап келді.

Дегенмен бұл жауаптарға қанағат тұтпай, мәселені қаңтар айында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен партияның облыстық мәслихаттағы фракциясы отырысында облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт әкімнің назарына жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі бұл мәселені ерекше қарап, шешу жолдарын қарастыратындығын айтқан болатын. Аталған мәселе облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қайта көтеріліп, мәселе оң шешімін тапты. Қазіргі уақытта жастар театры облыс орталығындағы Ы. Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің базасынан ашылды. Сөйтсе де, кеңес мүшелерінің ұсыныстарына жергілікті атқарушы орган тарапынан жауаптар келмей жатады.

Айтар болсақ, облыста туризм саласын дамыту мақсатында Жуалы ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның мұражайларын ашу мәселесін қарастыру бойынша, облыс әкімдігінің туризм басқармасы мен Жуалы ауданы әкімдігіне ұсыныс жолдаған болатын.

Жауаптылар бұл ұсыныстарға толық жауап бермей, тек ұсыныс бойынша жұмыстар жүргізілуде деп ауызша жауап берген еді. Дегенмен бұл ұсыныс бойынша қазіргі уақытта Жуалы ауданының орталығында тұрған Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткішке демонтаж жұмыстары жүргізіліп, батыр ескерткіші «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Жуалы ауданы шекарасына қойылатын болды.

Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселені Жуалы ауданында өткен көшпелі кеңесте кеңес мүшесі Жалғас Саңғыл көтерген болатын. Міне, бұл да болса кеңестің кішкене ғана бір жетістігінің айқын көрінісі.

 

Асқар АБДУАЛЫ

Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар