«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың жаны, өзегі - ауылда

Қазақтың жаны, өзегі - ауылда
Автор
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын ауыл тұрғындары бар ықыласымен қабылдады. Маған алдыңғы Жолдауларға қарағанда бұл Жолдау өте өтімді көрінді. Президент тарапынан айтылған бағдарлар елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге бағытталған.

Мәселен, Мемлекет басшысы Жолдауында өнеркәсіпті өркендету, азаматтардың жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бірқатар оңды ұсыныстар айтты. Бізге қазір өндірілген өнімді терең өңдеу, өнімнің шикізат күйінде қалып қоймауына назар аудару қажет. Ауыл шаруашылығында ғылымды дамыту – өте орынды көтерілген мәселе. Агроғылым дамымаса ауыл шаруашылығы саласы алға жүрмейді. Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндеті жүктеліп отыр.

Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болды. Өзім аграр әрі Қазақстан Фермерлер одағының Меркі аудандық филиалының төрағасы, «ДОТ» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде, бұл – өте қажет жоба деп есептеймін. Президентіміз айтқандай, біз әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз.

Саланы дамытудың маңызы өте зор. Өйткені қазақтың жаны, өзегі ауылда. Айтылған мәселелерді кешенді түрде шеше алсақ, агросекторды одан әрі дамытар едік. Қазіргі уақытта нарыққа бейімделу, бәсекеге қабілетті болудың тиімділігі көп. Біз қазір алмағайып кезеңде өмір сүрудеміз. Осындай тарихи өтпелі шақта Мемлекет басшысының Жолдауы – Қазақстанның даму жолын айқындайтын, терең ойластырылған әрі нәтижеге бағытталған құжат ретінде қабылданды.

Тағы бір атап өтерлігі, ел Президентінің ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні дамытуға қатысты айтқан бастамалары елдің стратегиялық болашағын нақтылайтын маңызды бағдарлар. Қазақстан Фермерлер одағы филиалдары үшін ауыл мәселесі – бұл тек экономикалық сала емес, ол – елдің тамыры, ұлттық болмыстың тірегі. Сондықтан Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығына қатысты әрбір бастаманы қолдап, оны дер кезінде әрі тиімді жүзеге асыру аса маңызды. 2026 жылға дейін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу – экономикалық серпін беретін шешім.

Бұл ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ішкі өндірістің артуына және азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына жол ашады. Сонымен бірге субсидиялау мен несиелеу жүйесін реформалау – ауыл шаруашылығы субъектілерінің қолын байлап келген кедергілерді жоюға бағытталған дұрыс қадам. Әсіресе орта және шағын шаруа қожалықтары үшін бұл үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда азық-түлік мәселесі әлемдік геосаяси тұрақсыздықтың бір қырын айқын көрсетіп отыр. Қазақстан үшін бұл тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару үшін логистиканы дамыту, сақтау және өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру – ішкі нарықты тұрақтандырумен қатар, сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті де арттырады. Сонымен қатар ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту мен азық-түлік сапасын бақылау жүйелерін жаңғырту – халық денсаулығын қорғаудың әрі халықаралық стандарттарға сай өнім өндірудің кепілі.

Президент атап өткендей, әлем қазір жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Жасанды интеллект тек ІТ саласының құралы ғана емес, экономиканың барлық секторында тиімділікті арттыратын негізгі тетікке айналып келеді. Біз де ауыл шаруалары жасанды интеллектіні енгізуді толық қолдаймыз. Бұл технологиялар егіс алқаптарын тиімді басқаруға, ауа райы мен топырақ жағдайын нақты болжауға, өнімділікті автоматты түрде есептеп, оңтайлы шешім қабылдауға, сондай-ақ мал шаруашылығында ауруларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Демек, ауыл мен жасанды интеллект қарсы ұғымдар емес, қайта бірін-бірі толықтыратын болашақтың құралдары.

 

Тасқын АТАШЕВ

Қазақстан Фермерлер одағы Меркі аудандық филиалының төрағасы, «ДОТ» шаруа қожалығының жетекшісі.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар