«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өмірге ғашық жан еді

Өмірге ғашық жан еді
Өттің, дүние!
Жаратқанның пәрменіне бағынған әлсіз ғана пенде екенімізді тағы бір мәрте мойындадық. Алланың шешіміне ешқандай шара жоқ. 44 жасқа қараған шағында жас ғұмырын ажал қиған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің подполковнигі Серік Ермекұлының өмірден озғанына да қырық күнге таяп қалыпты.

Серік Ермекұлы 1982 жылы 6 қаңтарда Жамбыл қаласында өмірге келген. Ол еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының облыс бойынша құқықтық статистика және ақпарат орталығы басқармасының бас маманы қызметінен бастады. 2006-2013 жылдары облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеу басқармасының аға тергеуші, бөлім бастығы қызметін атқарды.

2013-2014 жылдары облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полицииясы) бюджеттік қаржыландыру саласындағы қылмыстар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу бөлімінің бастығы, 2014-2016 жылдары облыс бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің арнайы басқарма басшысының орынбасары болды.

2016-2018 жылдары Шу өңірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық басқармасының басшысы қызметінде құрметке бөленді. 2018-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті штабының аса маңызды істер жөніндегі офицері атанды.

2022-2023 жылдары облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел басқару басқармасында қызмет етті. 2023-2025 жылдарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінде анықтау және жолын кесу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері қызметінде болатын. Серіктің осы саладағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, бірқатар марапаттарға қол жеткізді.

Атап айтқанда, 2014 жылы Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», 2020 жылы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. 2023 жылы Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен берілген ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі де, 2024 жылы аталған агенттік төрағасының бұйрығымен берілген «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне 10 жыл» медалі де – Серіктің адал еңбегінің жемісі.

Серік Ермекұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және қаржы саласына өлшеусіз мол еңбек сіңірген азамат еді. Марқұмның алда атқарар қызметі, жоспарлары көп болатын. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған. «Орнында бар оңалар», – деп қазақ бекер айтпайды. Енді Серіктің орнын ұлдары мен қызы басып, әке жолын абыроймен жалғастырып, елге қызмет етуді басты мақсат етері сөзсіз. Осы ретте Тараз қаласының Құрметті азаматы Ермек Бықыбайұлына және оның отбасына сабырлық тілеп, көңіл айтамыз.

Артында ұрпағы қалған Серік Ермекұлының есімі мен атқарған қызметі ел жүрегінде мәңгі сақталатыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар