«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңадан екі басқарма құрылады

Жаңадан екі басқарма құрылады
Автор
Иә, жаңа жылдан бастап облысымызда жаңадан екі басқарма құрылады. Бұл жаңалық сәрсенбінің сәтінде өткен Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХVІІ сессиясында белгілі болды. Сессия жұмысына мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев жетекшілік жасап, жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және оның орынбасарлары мен басқарма басшылары сондай-ақ аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев депутаттардың қарауына жаңадан екі басқарма құруды, яғни облыс әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасын сондай-ақ облыс әкімдігінің туризм және инвестиция басқармасын құру туралы ұсыныс тастады.

– Бұл өзгерістер облыстың әлеуметтік және экономикалық даму басымдықтарына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару ісін жетілдіруге бағытталған. Біріншіден, облыстық білім басқармасының құрамынан балалардың құқықтарын қорғау басқармасын жеке дербес құрылым ретінде бөлу көзделіп отыр. Жаңа басқарма балалардың құқын қорғау, олардың қауіпсіздігін қорғау және әлеуметтік әлауқатын қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі мақсатты саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Жеке басқарма құру – уақыт талабы, – деді Лесбек Құралбайұлы.

Ал кәсіпкерлік басқармасынан енші алып, өз алдына жеке отау тіккелі отырған туризм және инвестиция басқармасы – осы салаларды икемді басқаруды қамтамасыз етеді. Сондайақ экономикамыздың басқа да секторларына әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы С.  Абдралиева хабарлама жасап, бюджетке қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын баяндады.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектеновтың 2025 жылғы 15 ақпандағы «2025 жылы мемлекеттік тапсырыстар орналастырылған жекеменшік мектептерді жергілікті бюджеттер есебінен жете қаржыландыруды қамтамасыз ету» туралы хаттамалық тапсырмасына сәйкес «Жеке орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша – 2 миллиард теңге қарастырылған. Дәл осылайша бірнеше салалар бойынша бюджеттің шығыстары жоспарланды. Оның ішінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бойынша – 187 400 мың теңге, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бойынша – 10 423 мың теңге, денсаулық сақтау басқармасы бойынша – 159 103 мың теңге және басқа да салалар бойынша жоспарланған түрлі көлемдегі қаржылар бар.

Бұдан кейін халық қалаулылары назарына Тараз қаласындағы қауіпсіздікті және жол қозғалысы трафигін талдаудың зияткерлік жүйесін енгізу, облыс әкімдігінің дербес құрамы, Байзақ ауданының кейбір ауылдық округтерінің шекараларын белгілеу және өзгерту туралы мәселелер ұсынылды. Облыстық мәслихат депутаттары бұл мәселелердің бәріне қолдау білдірді. Тек бір мәселеде ғана депутаттар бір тоқтамға келе алмады.

Облыстың мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды пайдаланудың кейбір түрлері үшін төлемақы мөлшерлемелерін бекіту туралы мәселе қызу пікірталас тудырып, депутаттар бірауыздан мәселені күнтәртібінен алып тастау туралы шешім қабылдады. Яғни, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Н. Егембердиевке келесі сессияға дейін негізделген және теңгерімді ұсыныс дайындау тапсырылды. Себебі, кез келген төлемнің көтерілуі түптеп келгенде кәсіпкерлерге, ал содан соң халық тұтынатын еттің бағасына әсер етеді.

Сессия соңында депутаттар өздерін толғандырған мәселелер бойынша хабарламалар жасады.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар