«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмыспен қамтуға байланысты жоспар жүз пайыз орындала ма?

Жұмыспен қамтуға байланысты жоспар жүз пайыз орындала ма?
Автор
Осы жылдың 10 қаңтарындағы жағдай бойынша өңір жұртшылығының әл-ауқат деңгейі төмен «Д» және «Е» санаттарындағы халық саны – 98,8 мың отбасыны құраған. Бұл – облыс халқының 29,1 пайызына тең. Ал Үкімет тарапынан белгіленген межеге сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін аймақта аталған санаттардағы отбасыларды 6 916 отбасыға азайту көзделген. Демек, есепті кезеңде 7 пайызға бәсеңдету жұмыстары өз деңгейінде орындалуы тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жоспар белгіленген межеден 62,5 пайызға орындалғанын атап өтті. Ол өз сөзінде «Д» және «Е» санаттарындағы халық саны 4-ші қазан күнгі жағдаймен 87,5 мыңды құрағанын жеткізді.

– Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне қойылған межелер толығымен орындалды. Тиісті облыстық мекемелерде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне пайдаланушы ретінде қарау мүмкіндігі бар. Осы мәселелер бойынша «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған тиісті ақпараттық жүйелері бар мекемелер ат алған азаматтардың тізімін ала отырып, нақтылау жұмыстарын жүргізуі қажет, – деді Еркін Егембердіұлы.

Сондай-ақ спикер төлқұжаттары жарамсыз немесе құжаттарының мерзімдері өткен адамдар санының ұлғайғанын да баяндады. Бұдан бөлек ол AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта жұмыссыз ретінде 23720 адам тіркелген. Оның ішінде 9493 адам ғана жұмысқа орналасқан. Бұл жоспардың 40 пайызға ғана орындалғанын білдіреді. Ал жыл басынан бері «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты 31 500 отбасы жоғары санаттарға ауысқан. Тиісінше, «Д» және «Е» санаттарына 18 400 отбасы қосылған.

Аталған отбасылардың осы санаттарға қосылуының негізгі себептерінің бірі – отбасы мүшелерінің тоқсан күннен асқан институционалды белгілерінің болуы және кейбір отбасы мүшелерінің кредиттік несиелерін тоқсан күннен аса өтей алмауы. Мұндай жағдайларда несие тарихы бойынша көрсеткіш 250 балға дейін төмендеп кетеді екен. Бір қуанарлығы, дәл қазір қаржылық тұрақсыздыққа тап болған нақ осындай отбасылармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы жауапты маманнан бейресми жұмыс атқаратын және жұмыссыз азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ұсыну туралы берілген тапсырманың орындалу барысы жөнінде сұрады.

Өз кезегінде Еркін Егембердіұлы биыл халықты жұмыспен қамту картасы аясында 65 мың жұмыс орнын құру жоспарланғанын, қазіргі таңда 50 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылғанын мәлім етті. Бұл – жоспардың 76 пайызға орындалғанын көрсетеді.

– Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар жұмыссыз ретінде тіркелген 23 720 адамның 12 мыңы субсидияландырылған жұмыс орындарына орналасса, төрт мыңнан аса тұрғын жұмыстан айырылғаннан кейін жергілікті бағдарламалар арқылы қайта жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек 1 800 азамат мемлекеттік грант алып, жеке кәсіпкерліктерін ашқан. Осы азаматтар кәсіп ашқаннан кейін жұмыссыздар қатарынан шығарылады, – деді спикер.

Мұнан соң облыс әкімі білім басқармасының басшысы Нұрбол Оршыбековтен ақпараттық жүйе деректері бойынша орта білім беру мекемелеріне бармайтын 5 903 бала тіркелгенін, олардың білім процесінен тыс қалу себебін және мектепке дейінгі біліммен қамтылған 7 мыңнан астам балаға қатысты қабылданып жатқан шаралар жайын сұрады. Ал өңірдің бас ұстазы барлық баланың біліммен қамтылғанын, негізгі мәселе ұлттық білім беру деректер қоры мен отбасылық цифрлық карта жүйесінің өзара интеграциясының болмауында екенін айтты. Соның салдарынан деректерде 4 мыңнан астам сәйкессіздік анықталған. Бұл күнде тізім өзектендіріліп жатыр.

Айта кетейік, мектепке дейінгі білімге қатысты 3-6 жас аралығындағы балаларды ақпараттық жүйеде қамту көрсеткіші 98,7 пайызды құрап отыр. 5 мыңнан астам бала ата-аналардың шешімімен үйде тәрбиеленсе, олардың басым бөлігі үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер.

Биылдан бастап 2 жастан бастап балабақшаға қабылдау басталғандықтан, бұл көрсеткіш азаяды деп күтілуде. Сондай-ақ басқосу барысында жеке кәсіпкерлік, шаруа және фермерлік қожалықтарда әлеуметтік төлем жүргізбейтін 9 058 адам тіркелгені де баяндалды. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысынан түсініктеме алып, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен «Отбасының цифрлық картасы» мен тіркеусіз жүрген тұрғындар бойынша нақты атқарылып жатқан шаралар туралы сұрады.

– Облыс әкімдігінің білім басқармасы, Тараз қаласы және аудан әкімдіктері заңнама талаптарына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын, орт а және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне тартылмаған балаларды нақтылап, оларды білім беру с а ласының ақпараттық базасына толық енгізсін. Аталған санаттағы балаларды біліммен қамту шаралары күшейтілсін. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері сақтандырылмаған «Д» және «Е» санатындағы азаматтармен түсіндіру жұмыстарын кеңейтіп, оларды жұмысқа орналастыру бойынша шараларды күшейтсін. Облыстық полиция департ аменті көші-қон қызметімен және әкімдіктермен бірлесіп тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген немесе басқа өңірлерге, елдерге көшіп кеткен азаматтарды тіркеуден шығару жұмыстарын қамтамасыз етсін. Жеке куәлігінің мерзімі өткен азаматтар бойынша түзетілген мәліметтер ұсынылып, әкімдіктермен бірлескен шаралар бекітілген алгоритм аясында жүзеге асырылсын. Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғалардың заңды түрде тіркелуін және міндетті жарналарын толық әрі уақтылы төлеуін қамтамасыз етсін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Ал жиынның күнтәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі табиғи ре сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев мәлімдеме жасады. Сөзінше, облыс аумағында қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін жүзеге асыратын 40 мекеме басаяғы 191 арнайы техникамен жабдықталған. Жалпы, қазіргі таңда облыс тұрғындарының 88,1 пайызы бұл қызметпен қамтылған. Әйтсе де, бұл көрсеткіш Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарында төмен деңгейде қалып отыр. Өйткені ат алған аудандарда қалдықтарды шығару жұмыстары тек аудан орталықтарында ғана жүргізіледі. Соның салдарынан кездейсоқ қоқыс тасталған орындар жиі анықталуда.

Бұдан бөлек Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеу үшін қаржы қарастырылмаған. А л аталған бағдарламаларды әзірлеуді аяқтау бойынша бұған дейін бірнеше рет нақты тапсырмалар беріліпті. Соңғы мерзім 2025 жылғы 1 қарашаға белгіленген. Дегенмен, аталған аудандарда белгіленген мерзімде орындамау қаупі бар.

Басқосу соңында облыс әкімі жыл басынан бері рұқсат етілмеген қоқыс орындарының қалыптасуына жол бергендер жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті. Сондай-ақ аймақ басшысы бұл бағытта профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін алға тартып, аудан әкімдерінен қоқыс орындарын ретке келтіру мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы экологиялық кодекс талаптарына сәйкес, қалдықтарды басқару бағдарламалары әзірленбеген аудан басшыларына 10 күн ішінде бұл жұмысты толық аяқтап, сапалы әрі уақтылы орындауды жүктеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар