«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәбилердің Сәрсегі

Сәбилердің Сәрсегі
Автор
Баяғыда ғой, Алматы барамын – Әмірбектің Көпені Асқаржанды сұрайды. Қарағанды барып, Қарқаралыға қайран қалам – Ақсұңқардың Серігі Асқаржанды сұрайды... Шерхан Мұртаза көкемнің «Бішкек барсам Айтматов ауылдың амандығынан бұрын Сайлаубекті (Жұмабеков) сұрайды» дегенін естуші едім.

Асқар жан да мен үшін Сайлаубек болған сияқты. Белгілі ақын-жазушылардың Асқаржанды сұрағаны, әрине, жақсы. Әулиеатадай әруақты жерде кейде бір атым насыбай таппай қысылып жүретін можантомпай Асқаржан Сәрсектің іздеушілері бар екен ғой, «Құдая тәуба» деп, өзімше қоқырайып қалам. Ә-ә, айтпақшы балам 2-сыныпта оқып жүрген кезде «Ана тілі» оқулығын ашып, шәкірттерге арналған «Құтты біліктің» ішіне қандай қасқалар мен жайсаңдар кіріпті?» деп парақтап көрмеймін бе баяғы, сөйтсем – мұнда да әлгі Алатау мен Арқаның ақындары іздеп жүрген Асқаржан Сәрсектің өлеңіне кез болдым...

Мен тимеймін жасқанба,

Дос болайық көбелек.

Жайнап тұрған бақшамда,

Гүлдерімді көре кет.

 

Тұтқиылдан састыра,

Жаңбыр жауса себелеп,

Тақиямның астына,

Тығыла ғой көбелек.

Сөйтсем, осы тақия «киген» қазақы өлеңнің де «бармаған жері, баспаған тауы» қалмапты. Мәскеудің «Просвещение» баспасы шығарған «Хрестоматия всемирной детской литературы для старшего дошкольного возраста» деп аталатын орыстың кітабында да жүр. «Атағынан ат үркетін» кітапқа иісі қазақтан екі ақын ғана еніпті.

Біріншісі – елімізге белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі, ал екіншісі – менің (дұрысы, сәбилердің) қайда бармайын, қай ақын-жазушымен тілдеспейін алдымнан тақиясын киіп шыға келетін – Сәрсегім екен. Жапон халқының талантты жазушысы Акутагава Рюноскэ өзінің бір-ақ новелласымен ұлы ұстазы Нацумэ Сосэкиден (1867- 1916 ж.ж.) «жазушы» деген үлкен баға алыпты дегенді оқығаным бар (бұл мысалдың «деген екендерді» теріп жазатындарға қатысы жоқ).

Асқаржан Сәрсекке де «талантты балалар ақыны» деген баға бергізген бір өлеңін білемін. Белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың дуалы ауызына ілінген Сәрсектің сол өлеңдерін оның 1976 жылы шыққан «Мереке» деп аталатын жинағынан тауып алуыңызға болады.

Әлдеқашан «өліп қалған» өлеңдерін қайта-қайта кітап қып шығарып, баспагердің де, басқаның да басын қатыратын пысықайлардың сортынан болмаған соң Асекеңнің ол өлеңі де ауыздан-ауызға көшіп жүріп қазақтың қасиетті қара өлеңіне айналып кеткен сиқы бар. Біреуміреу «жекешелендіріп» алмай тұрғанда тағы бір еске түсіріп қойғанның артықтығы жоқ.

Жерде жатқан шылымды,

Есек келіп иіскеді.

Иіскеді, бірақ тиіспеді.

Жерде жатқан шылымды,

Ит те келіп иіскеді.

Иіскеді де, бірақ, ол да тиіспеді.

Сол шылымды алайда, Тауып алды Балғабек. Алақ-жұлақ етеді, – Сіріңкеңіз бар ма? – деп.

Асқаржан Сәрсек сәбилерді кәкіршүкірмен алдамайын дей ме, әйтеуір келесі кітабының жолында толғанып ұзақ жүріп алады. Көпен Әмірбек сияқты «Балдырғанның» базарын бірге «аралаған» достарының аратұра іздеп қоятыны да сондықтан шығар.

1976 жылғы «Мерекесінен» кейін бес жылдың белін үзіп барып «Қарға мен Қарлығашын» (1981ж.) берді. Бұл жинақ туралы кезінде сыншы Құлбек Ергөбеков қуанақуана жазған. «Балдырғанның» Тұманбайдан (Молдағалиев) бұрынғы «бастығы» Мұзафар аға Әлімбаевтың да назарынан тыс қалған жоқ.

Алматыда жүріп ауылдағы Асқаржанның талантына тәнті болатын абзал ағаның бірі сол кісі. Асқаржан Сәрсектің жырлары жарияланбаған «Жыл он екі ай» және кем шығар. Ақын-жазушы атаулыны абдыратқан жылдар артта қалған сияқты.

Елмен бірге Асекең де ес жиып, қайбір жылдары «Жаман ойын» деп аталатын суретті кітапшасын жарыққа шығарды.

Жапақ деген ағасы Деді бір кез ойланып:

– Таптым ойын жаңасын,

Кел, мас болып ойнайық!

Тұр кемсеңдеп інісі,

Жанарына жас толған:

– Ойнамаймын, құрысын, Жаман екен мас болған!...

Асқаржан Сәрсектің кітабына «Жаман ойын» деп ат қойып, үркіп отырған ойыны осы өлеңде өріліп тұр. Асқаржан қай уақыт та да балаларға «шылым шекпе», «шарап ішпе» деп «қабақ шытып» көрген емес.

Ақынның өлеңін оқыған жасөспірім кітаптағы құрдасының қылығына күліп отырып өз бетінің де ду ете қалғанын сезеді. Сәрсектің шеберлігі де осында. Құрғақ үгітнасихаттың мәселесін оқиғалы, ойнақы өлеңмен құтыртып жіберді.

«Арақ» деген атың өшкір бәленің «тар жол, тайғақ кешуін» Асқаржан да көрудей-ақ көрген. Бірақ ол сол үшін арақты жерден алып, жерге салмайды.

О, Арақ!

Осы сені ойлап тапқан адамның,

Ескерткішін орнатса ортасына алаңның.

Сүйер еді аяғын талай-талай боздақ кеп,

Сиер еді аузына талай қатын боздап кеп, – деп, ықылым заманнан бері «ықылық» атып келе жатқан мәселеңнің өзін ойынға шаптыра салады. Қорытынды шығару – әркімнің еркі мен жігерінде. Асқаржан көкем «қартайғанда» (ердің жасы елуге келген кезін айтам) жорға шыққан кәрібоздай орыс тілінде де бақ сынаған. Талант шіркін түртпектеп қоймаған соң, ішін жарып бара жатқан бұл мүмкіндігін де тәжірибе ретінде бір байқап көргісі келгені шығар.

 Меніңше, оның «Странный Джин» деген өлеңін егер орыстың баяғы Маршагы мен Михалковтары оқыса Қазақ елінің бір провинциясында жүрген қарапайым қазақтың талантына қызыға қарап, өздерінің ормандай орыстарына «анау қара қазақ құрлы жоқсындар ма» деп қапаланар ме еді деп та қиялдаймын...

Рыбачили как-то друзья – Роман,

Опанас и Клим.

Но проголодавшись к исходу дня Выудили лишь кувшин.

А из кувшина как дым, Появился громадный Джин

– Эй, Джин! – крикнул Джину Клим,

– Я хочу со сметаной блин.

– А Я хочу банан!

– Крикнул Джину и Роман.

– А я хочу ананас!

– Дал приказ и Опанас.

Джин сначала оробел,

А потом как гром прогремел:

– А я что ль не хочу!?.

Да я тыщу лет не ел.

И превратил мигом Джин Клима в блин,

Романа в банан,

Опанас в ананас.

С аппетитом все съел,

И улетел

За море, за океан,

Ко всем своим чертям.

Такой уж Джин попался странный.

Наверное иностранный...

Асекең баяғыда, көзі тірісінде «Қайда жұмыс істейсіз?» дегендерге:

«ЖұмЖур» ЖШС-нің жетекші маманымын» дейді әзілдеп.

«ЖұмЖур» дегені – «жұмыссыз журналист» дегені. Тараз – баспасы мен баспасөзі көп Астана мен Алматы емес. Облыстағы тәуелсіз газеттер де бүгін бар, ертең жоқ.

Ал сәбилер үшін Асқаржан Сәрсек керек ақын. Алатау мен Арқадағы достары оның талантына бекерге табынбаса керек.

***

Есті халқымыз ет-бауырыңды елжірететін «жан» сөзін оңдысолды қолдана бермейді. Сондықтан болар, адам есімдеріндегі «бек», «бай», «хан», «мырзалардың» арасынан «жан» сирек естіледі. Неге? Мұнда не сыр бар?

Балажан қазақ балаларының атына неге «жан» сөзін қосуға құмбыл емес. Сәбилерінің «бек», «бай», «хан», «мырза» болғанын тілеген ата-ана «жан» болғанын қаламаған ба? Ой түбіне жету, әрине, қиын.

Дегенмен, қобыздың өксігі сынды бір күй ызыңдап құлаққа жететін сияқты. Қисын да осы қобыздан келіп шығады. Қараңыз, өзін ән-күйге жақынмын дейтін қазақтың кез келгенінің төрінен қара домбыра табыла кетеді. Ал қобыз... жоқ.

Неге? Өйткені қобызды «қолы» көтере алатындар ғана ұстайды. Біз іздеген «жанның» сыры да солай. Әркім тәуекел ете бермейді.

Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,

Адамзат қалмақ па екен солай сарнап.

Көз көрген құрбыларға дұғай сәлем,

Батасын оқи берсін маған арнап.

Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан,

Шешеннің сөз шығады таңдайынан.

Теміртас, Асыл, Ақық қарғаларым,

Иіскетіп кетсеңдерші маңдайыңнан.

Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,

Үкідей мен сендерді балақтадым,

Бірге өскен құрбы-құрдас замандастар,

Есіктен келе ме деп алақтадым.

Сай-сүйекті сырқырататын сырлы сөз, төбе құйқаңды шымырлататын зарлы ән – Біржан ғой. Біржан-тағдыр беу-беулеп Асқар-Жанның басынан да өтті. Біржан сал сияқты жынды атанып, аяқ-қолы маталмаса да, жұмыссыздықтың азабын тартты. Жұмыс көпте қолдан «жұмыссыздық» жасау – қой мінезді қоңыр ақынды қоғамнан қарадай шеттету еді.

Бұл – бір.

Екінші, Асқаржан «бірге өскен құрбы-құрдас, замандастары есіктен келе ме деп» аурухана төсегінде де көп алақтады. Аға-інілері барды көңілін сұрап. Бірақ жұмыстан шығарғандар жағы аяқ баспады. Бірақ бала дегенде шығарда жаны ғана бөлек жан – Асқаржан бүгінгі заманның Теміртас, Асыл, Ақықтары – бүлдіршіндерге арнап жазуын тоқтатпады. Күліп отырып жылады. Жылап отырып күлді. «Баламен бала болып», өзін-өзі жұбатты.

Келді бірде қаладан,

Әсел деген жиенім.

Қазақшасы шалалау,

Күлемін де, күйемін.

 

Алдыменен танысқан,

Көрші бала Боран кеп.

Қазір оны алыстан,

Шақырады «баран» деп.

 

Өкпелеп жүр бір апта,

Күлім көзді Күлиман.

Тілі келмей бұл атқа,

Деген еді «хулиган».

 

Енді, міне, бүгін кеп,

«Слон» деді Сланды.

Несін алам тілін деп,

Слан шатақ шығарды.

 

– Атым менің Бекжігіт,

Дедім талай ақырын.

Сонда-дағы «верблюд»,

Деп жүр мені батырым.

Түсінбеді сөзіме,

Әй, Әселбек, Әселбек

Сондықтан да өзіңе,

Атақ бердім «осел» деп.

Асқаржанның мұндай ойнақы өлеңдері өте көп. Олардың біразына белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев, ақын Мұзафар Әлімбаев, сыншы Құлбек Ергөбеков кезінде жақсы баға бергенін айттым.

* * *

Облыстық «Ақ жол» газетінде Асқаржанмен көп жыл қызметтес болдым. Фельетонды «құтыртып» жазатын. Ұмытпасам сондай бір шағын дүниесі «Өзі биік, көзге күйік» деген жұмбақпен басталады. «Бұл не жұмбақ?» деп фельетонды аяғына дейін оқып шыққаныңды өзің де білмей қаласың. Әлгі «өзі биік, көзге күйік» - қаланың төріндегі тұрғын үйдің құрылысы болып шығады.

«Күйік» болатын себебі – «сақалды құрылыс» атанып, жұмысы жүрмей тұр. Шынында тапқырлық емес пе?!. «Асқаржан айтыпты» деген әлқисса да көп. Бір күні ақын Маралтай ішек-сілесі қатып күліп келді.

– Не болды?

– Асқаржанға жолықтым.

– Жолықса несі бар?

– Қатырды.

– Қалай?

– «Бас жазатын тиын-тебенің бар ма?» деген соң Асекеңе арақшараптан бас тартқанымды меңзеп «мен қазір мұсылман болып жүрмін» деп едім, жұлып алғандай «бірақ кәпір болып кетпеген шығарсың» дегені...

Көз алдыма Асқаржанның күлкілі әңгіме айтқан кездегі қуақы бетбейнесі келе қалып, оның арақшараптан іргесін аулақ салған Маралтайға «бірақ сараң болып кетпеген шығарсың» дегенді астарлап жеткізгенін түсіндім де, мен де күліп жібердім.

– Сен не дедің?

– Не деймін.

Жоқ, кәпір болған жоқпын деп, бір шиша арақ алып бердім.

* **

Ақындардың «ауруы» белгілі. Асқаржан бұл «кәсіптік дерт» туралы «Шабыт пен шампан» деген өлеңінде бүй депті.

Пері дейді ақынды бесенеден,

Не көрсем де көрермін пешенемнен.

Ақ шампанды кей күні, бокал емес,

Ішкен кездер болды ғой кесеменен.

Көз сүйсінтіп кесемде күміс нұры,

Жүрегімде оянды күн ыстығы.

Шөл қандырып жарықтық, толғандырып,

Құйылады жаныма жыр ұшқыны...

Жә, осы да жетер...

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

жазушы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

 

Ұқсас жаңалықтар