Алдымен, жергілікті полиция басқармасынан қанша жасөспірімдер суициді тіркелгені туралы сұрадық.
– Жасөспірімдер қылмысы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, ағымдағы жылы тиісті профилактикалық шаралар қабылданды. Биылғы 8 а й қорытындысы бойынша қала аумағында кәмелетке толмағандар 30 қылмыс жасаған, өткен 2024 жылы 31 болған, яғни 3,2 пайызға төмендеген. 2025 жылдың 8 айында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 45 қылмыс тіркелген, 2024 жылы 44 қылмыс тіркеліп, биыл 2,3 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Өзіне өзі қол салу бойынша биылғы 8 айда суицидтің 7 дерегі тіркелді, оның 4 дерегі өліммен аяқталған, 3-еуі әрекет еткен. Өткен жылы 9 осындай жағдай болған, оның 6-уы суицидке талпынса, ал 3-еуі ойын іске асырған болатын, – дейді Тараз қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаров.
Бейбіт заманда жас өмірдің қыршынынан қиылуы ата-анасы үшін ғана емес, тұтас елге ауыр қайғы. Ата-ананың, отбасының, елінің үкілеген үмітінің сөнгені. Өз өмірін қиюға кез келген жағдай себеп бола бермейді, ешбір амалының жоқтығы соған апаратыны анық. Көкейдегі көп сауалға жауап іздеп, оқушылардың психологиясын зерттеп, алаңдайтындай күйін байқаса, көмектесуге тиіс облыстық білім басқармасының психологиялық қолдау орталығына хабарластық.
– Оқушылар арасында жиі болып жатқан суицидтің басты себептері көбінесе отбасында баламен дұрыс қарым-қатынастың жоқтығынан болады. Соның салдарынан отбасында дау-дамай орын алып, балаға түсіндіруден бұрын кінәләп шығу немесе физикалық тұрғыда атаана тарапынан күш көрсету болып отыр. Сол сияқты тағы бір себеп болып отырған – смарт телефондағы ойындар. Енді бір өкініштісі, жоғары сынып оқушылары арасындағы бопсалау суицидке апаратынын құқық қорғау органының қызметкерлері анықтап, оны да көрсетіп жатыр. Облыста балалар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінезқ ұлықтың және интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында 2024-2025 оқу жылы ішінде 3 рет 5-11 сынып оқушылары арасында диагностикалық жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде «Бек шка ласы» бойынша сауалнамаға 113 мыңнан аса бала қатысып, нәтижесінде психоэмоционалды қобалжуы «орта» және «жоғары» деңгейдегі 300-ден аса оқушы, виртуалды ойынға бейім 186 оқушы анықталды. Бұл көрсеткіш сауалнамаға қатысқан 106254 баланың ішінен анықталғандары. Талдау жұмыстардың нәтижесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы ата-аналардың келісімімен 100 бала жалпы тәжірибелі дәрігердің, 31 жасөспірім жастар денсаулық орталығына кеңес алу үшін жолданды. Ал 32 бала психологиялық қолдау орталығы арқылы көмек алуда, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының әдіскері Гүлзира Дәрібаева.
Ауырып ем алғанша, ауырмаудың жолын іздеу әлдеқайда тиімді. Психологиялық зерттеу нәтижелері көбіне қандай жағдай өз өмірін қиюға жеткізетінін көрсеткенін де сұрадық. – Белгілі бір күрделі мәселенің жауабын таба алмаған соң, психоэмоционалдық күш-жігері әлсіз, стреске бейім бала суицидке барады. Сондай-ақ телефон арқылы түрлі сипаттағы көріністер де адамның психикасына әсер ететіні де бар, мысалы, «Аниме»-жапондық мультипликация секілді суреттер мен сюжеттерге тәуелді болған жағдайда және соны қайталау арқылы бала өзіне қол салуы әбден мүмкін. Себебі, сондай видео, суреттерді көп көрген бала агрессияға еліктей бастайды. Сол сияқты, орын алып жатқан жасөспірімдер арасындағы төбелестерге байланысты 2025 жылдың қыркүйек айында облыстық психологиялық қолдау орталығы «Бопсалаудың алдын алу» тақырыбы бойынша 448 мектеп және колледждерде 68 мыңнан астам оқушы қатысқан сауалнама жүргізді. Қорытындысы бойынша мәліметтер облыс әкімдігіне, облыстың құқық қорғау саласына, яғни прокуратура, полиция департ аментіне және аудандық, Тараз қалалық әкімдіктерге жолданды. Анықталған мәлімет басшылыққа алынып, жергілікті құзырлы сала қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта ата-аналарға көрсетілетін психологиялық қолдаудың да маңызы бар. Бала денсаулығына жіті көңіл бөлу үшін білім мекемелерінде «Атаананың балаға бөлген уақыты – бала тәрбиесінің негізі» тұжырымдамасы бойынша ата-аналар жиналыстары мен «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында психологиялық айлық ұйымдастырылды. Түрлі іс-шараларға 231900 оқушы, 18125 педагог қызметкер, 110256 ата-ана қатысты. Айлық аясында оқушылар арасында 149 ашық құқықтық сабақтар өткізілді, білім беру ұйымдарының сайттарында, Facebook, Tik-tok, Instagram әлеуметтік желілерінде «Кез келген мәселенің шешімі бар» тақырыбында оқушылардың 210 үздік бейнероликтері жарияланды. 5-11-сыныптан 20332 оқушы қатысқан «Интернетсіз қоғам» атты челлендж ұйымдастырылды. Орталық ашылғалы бері мектептерде жүргізілген диагностикалық жұмыстардың нәтижесінде ата-ананың және білім мекемелерінің сұраныстары бойынша 1672 адамға психологиялық көмек көрсетілді. Оның ішінде 932- сі оқушы болса, 74-і білімгер, 107 педагог және 559 ата-ана бар. Баланың күнделікті немен айналысып жүргенін, кімдермен араласып, қандай тақырыпта сөйлесетінін ең әуелі ата-ана қадағалауы керек, осыны ата-аналар ұмытпаса екен, – дейді Гүлзира Лесбайқызы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы, яғни отбасында ата-анасынан қандай әрекетті көріп, қандай сөздерді жиі естіп өссе, бала қоғамда да соны қайталайды. Сондықтан баланың бойына қиындықтарға қарсы тұрып, дағдарысты жағдайдан дұрыс жол тауып шығу секілді ізгі қасиеттер үйдегі ата-ананың жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен сіңеді. Облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Қалышевтің айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша 3065 отбасылық тұрмыстық салада агрессор, яғни қорғау нұсқамасы, ерекше талаптар белгіленген, есепке алынған тұлғалар бар. Соның ішінде 12 ата-ана балаға қатысты агрессор ретінде танылған.
– Жыл басынан бері білім бөлімдері, жаст ар ре сурстық орталықтары, комиссия мүшелері, прокуратура органдары мен полиция қызметкерлерінің бірлесуімен «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Учаске» және «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 2246 рейд, 1123 мектеп жанындағы рейд өткізілді. Әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлі баптары бойынша 12285 әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция бөліністеріне 8414 кәмелетке толмаған тұлға жеткізілді. 125 жасөспірім қылмыстық әрекет жасаған, 8289 жасөспірім әкімшілік құқық бұзған. Ал кәмелетке толмағандар ісі бойынша анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтарға тоқталсақ, 127 бап, яғни ата-аналардың міндетін орындамауы бойынша 1040 дерек, 127-2 бап, яғни буллинг және кибербуллинг 18 рет тіркелді. 195 ойын-сауық мекемелерінде болу, 217 бұзақылық, 37 алкогольдік ішімдік ішу, 7013 түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүру анықталды. Кәмелетке толмағандар мен жайсыз отбасылар бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысында 472 жасөспірім, 175 жайсыз отбасы есепке алынды. Қазіргі таңда 415 есепте тұрған кәмелетке толмаған тұлға, 279 жайсыз отбасы бар. 19 бала арнайы мектепке жіберілді, 63 адам ата-ана құқығынан айырылды. 177 тұлға өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап агрессорлармен жұмыс «FSM Social» бағдарламасы арқылы жаңа форматта жүргізілуде. Учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен облыстық психикалық денсаулық орталығының нашақорлық пен маскүнемдік емдеу бөліміне 3 айдан 8 айға дейінгі мерзімге мәжбүрлі түрде емделуге 22 тұлға, 15 тәуліктен 30 тәулікке дейінгі мерзімге ерікті түрде емделуге 30 тұлға жатқызылды. Отбасылық тұрмыстық қатынас саласында құқықбұзушылық жасаған 2 тұлға сот шешімімен 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылды. Отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарының арнайы психолог мамандарымен 20 тұлғаға ерікті түрде психологиялық көмек көрсетілді. Атқарылған жұмыст ардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда, 2 дерекке төмендеген. Бұл көрсеткіштер алдын алу шараларының оң әсерін көрсетті және жаңа міндеттерді айқындап отыр. Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде оң динамика байқалады. Сонымен қатар буллинг пен кибербуллинг деректерінің ресми тіркелуі бұл бағытта кешенді шараларды қажет ететінін көрсетті. Ал жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, алкогольдік ішімдіктерді тұтынуы және бұзақылық деректерінің өсуі әлі де алаңдатарлық жағдай болып қалып отыр, – дейді Ә. Қалышев.
Бұл бағытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлері нендей іс атқарады? Бұл сауалымызға жауап берген штаттан тыс суицидолог Сәуле Бурашева облыстық психикалық денсаулық орталығы өз құзыретіне сай функциялары аясында аутоагрессивті мінез-құлыққа бейім тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізетінін айтты.
-Көмек кризистік психология саласында тәжірибесі бар білікті психолог мамандар арқылы көрсетіледі. Жұмыстың мақсаты – азаматтарға дер кезінде қолдау көрсету, психоэмоционалдық кернеуді төмендету және қауіпті мінезқұлықтың алдын алу. Облыстық психикалық денсаулық орталығы жанында шұғыл психологиялықпсихиатриялық көмек кабинеті және «сенім телефоны 556-776» жұмыс істейді. Көмек құпия түрде, қолжетімді және күйзеліс, мазасыздық, суицидке бейімділік немесе өзге де дағдарыстық жағдайды бастан кешіріп жүрген кез келген тұрғынға бағытталған. Биыл аталған кабинетке атаанасымен бірге 1 кәмелетке толмаған бала жүгінді. Жүгіну себебі – ҰБТ нәтижелеріне байланысты атаанасының үмітін ақтай алмаудан қорқу. Ата-анасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде баланың жағдайы оң бағытта тұрақтанды, қазіргі уақытта қауіп жоқ. Консультациялар құпия түрде, анонимді негізде жүргізіледі. Ересек жастағы азаматтар тарапынан да жүгінулер бар, мысалы, биыл депрессиялық эпизодқа байланысты 1 жағдай тіркелді. Аталған азаматпен психокоррекциялық жұмыс жүргізілді, ұсыныстар берілді. Суицид жасау әрекеттеріне байланысты жүгінулер де болады. Бір балаға стационарлық көмек көрсетіліп, жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне шығарылды. Екінші жағдайда ата-анасы медициналық көмектен толықтай бас тартты. Іс-тәжірибеде депрессивтік жағдайларды, әсіресе жасөспірімдер арасында, дәл анықтауға мүмкіндік беретін «Ақ Сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешені қолданылады. Суицидтік мінез-құлық қаупі анықталған жағдайда, кәмелетке толмаған тұлға ата-анасының немесе заңды өкілінің сүйемелдеуімен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына жіберіледі. Егер қауіп жеңіл немесе орташа деңгейде болса, психодиагностикалық көмек жалпы тәжірибе дәрігерімен көрсетіледі. Қажет болған жағдайда, кәмелетке толмаған тұлға жергілікті психикалық денсаулық орталығына немесе ауыр жағдайларда облыстық психикалық денсаулық орталығына жолданады, – дейді Сәуле Тушенайқызы.
Сұрақтарымызға қарай берілген жауаптарға қарағанда, әр сала мамандары өз тарапынан көмек көрсету, алдын алу іс-шараларын жүргізіп-ақ жатыр. Бірақ жағдай бәрібір қиын. Келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып бірлесе күресіп, әрбір ата-ана дүниеге әкелген баласының толыққанды тұлға болып қалыптасуына, өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты екенін сезінсе дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




