«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихы терең, өткені кемел шаһар

Тарихы терең, өткені кемел шаһар
Автор
Талай ғасырлық тарихы бар Тараз шаһарына әлемнің ең мықты шайырлары жыр арнап, таңдаулы ғалымдары зерттеу жүргізген. Көне қаланың құндылықтарын жас ұрпақ келешекте де тани беретіні анық.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығының ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Тараз – тарих пен тағылым айнасы» атты халықаралық ғылыми танымдық конференция өтті. Конференцияның пленарлық бөлімін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей- қорығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Мергенбай ашып, жиынның мәніне тоқталды.

«Өткені мыңжылдықтармен өлшенетін көне шаһар – тарихтың алтын тұнбасы. Біз Таразды зерттеу дегенде отандық ғалымдардан бөлек, Түркі әлеміне ортақ, Азияға белгілі зерттеушілермен де байланысқымыз келеді. Қазіргі таңда Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің ғалымдарымен тығыз байланыс жасап жатырмыз. Бұл байланыстар Тараз қаласының ғана емес, Әулиеата топырағының да тарихын тереңдете түседі. Түбі бір Түркі елдеріне өткенімізді таныту қажетті қадам. Осы жиынға келген елімізге танымал ғалымдарға да құрметіміз жоғары», – деді ол.

Мұнан соң Түркия мемлекетінің танымал ғалымы, профессор Абдулла Гүндогду жиынға онлайн шығып, «Тараздан Анадолыға тасылған өркениет іздері» тақырыбында баяндама жасады.

«Түркия Қазақ халқына тілеулес және бауырлас ел. Ойымыз бен мақсатымыз бір. Терең тарих Қожа Ахмет Ясауи еңбектерінде жатыр. Тараз тағылымын ұғынып, тарихын бірге парақтағанымызға қуаныштымын. Алдағы уақытта да байланыс арта береріне сенемін», – деді ғалым.

Сонымен қатар онлайн негізде өзбекстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, «Шахрисабз» мемлекеттік музей -қорығының директоры Наби Хушваков, Қырғызстан мемлекетінің «Сулейман – ТОО» Ұлттық тарихи – археологиялық музей кешені директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Хайрулла Ибадуллаев әсерлі баяндамалар жасады. Конференцияның секциялық бөлімінде тарих ғылымдарының кандидаты, «Казархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұман Смайлов «Ортағасырлық Тараздың қазақ тарихындағы орны мен маңызы» тақырыбында тарқатып айтты.

Сонымен қатар жиында тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тәттігүл Қартаева, тарих ғылымдарының кандидаттары Жанна Сейітқұлова, Дөкей Талеев, өлкетанушылар Серік Ақылбек, Сауран Қалиев, Қайырхан Шартақов тарих көкжиегіне көз жіберіп, әсерлі ойларымен бөлісті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар