Ауданда орман қорын молықтыру ісімен қатар, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін қорғауда жуалылық орманшылардың қосқан үлесі мол. Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. 2002 жылы облыс әкімінің қаулысының негізінде құрылған мекемені Дәурен Тастанбеков басқарады. Салада 20 жылдан бері үздіксіз тер төгіп келе жатқан білікті маман былтыр Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры болып тағайындалған болатын.
Табиғатты қорғауға жауапты мекемеде барлығы 90-ға жуық қызметкер жылдың төрт мезгіліндегі кез келген ауа райы жағдайында уақытпен санаспай, еңбек етіп келеді. Мамандардың 70 пайызға жуығы жоғары білімді азамат екенін ескерсек, оның ішінде, 15-і маман, 32-сі орман қорықшысы, 32-сі орман өрт сөндірушісі, сегіз адам тракторшы және жүргізуші болып еңбек етеді.
Өз ісінің кәсіби шеберлері ретінде аға орманшы-қорықшылардан табиғатты қорғау саласында 30 жылдан астам уақыт үздіксіз тер төгіп келе жатқан – орманшылық басшысы Қанат Шоматаев, Қалымхан Қолаханов, орта буын қызметкерлерден – Мадияр Дәуітов, орманшы-қорықшылар Мүсірбек Жаманқұлов, Саябек Төлеев, Бегасыл Төлеуішовты, ал аға мамандардың жолын лайықты жалғастырып жүрген жас мамандар қатарында – орман пайдалану инженері Әділет Шынасыл, орман шеберлері Нұрахмет Сапарбаев, Ердос Бибасар, Дидар Тұрарбеков, орманшылық басшысының орынбасары Байелі Сағындық, орман өсіру және молықтыру инженері Бақытжан Бекжігітов, кадр жөніндегі инспектор Айтолқын Құлжабаева, бас есепші Нағима Шыныбекова және есепші Нұрсұлтан Бектасовтың есімдерін ерекше атап өтуге болады.
– Табиғатты қорғау және орман қорын молықтыру бағытында атқарылған нақты жұмыстарға тоқталатын болсам, биыл 500 гектардан астам құмды алқапқа сексеуіл көшеттерін егуге жан-жақты дайындық жасалу үстінде. Айта кететін болсақ, Мойынқұм ауданының аумағында барлығы – 73 629 гектар жер Жуалы орманшылығына бекітіліп берілген. Ондағы «Қоянды» орманшылығының штабында қызметкерлерге үй-жай, жатын орын, азық-түлік секілді қажеттіліктердің барлығы қарастырылған. Олар құмды алқаптағы аң құстар мен өсімдіктер дүниесін қорғаумен бірге, сексеуіл тұқымын жинаумен айналысады. Қазір мекеменің 60-тан астам қызметкері сонда тұқым жинау үстінде. Сексеуіл тұқымы ең алдымен тәлімбақта өсіріліп, көшеттер кейіннен құмды алқапқа отырғызылады. Мұның орман қорын молықтыру, сексеуілі сиреген құмды алқаптарды орманмен көмкеру ісінде маңызы өте зор, – дейді мекеме директоры Дәурен Тастанбеков.
Ормандарды молайту және қалпына келтіру бағытында мекемеге қарасты орман қоры жерінде, атап айтқанда, 2023 жылы 160 гектар алқапқа 500 мың, 2024 жылы барлығы 668 гектар алқапқа екі миллион, ал 2025 жылы көктемде 200 гектарға 625 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылған. Жабайы табиғатты және далалық алқаптарды табиғат қаскөйлерімен қатар, «тілсіз жау» өрттен қорғау ісі де үлкен маңызға ие екенін жақсы білеміз. Орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады.
Қазақстанның Қызыл кітабына енген жабайы жануарларды қорғап, табиғи жолмен көбейту міндеті мекеменің білікті маманы Сұңғат Әбделі жетекшілік ететін топқа жүктелген. Аталған мекемеге қарасты жалпы жер көлемі – 103861 гектарды құраса, Қоянды орманшылығының жер көлемі – 73629 гектар, ал Жуалы орманшылығы– 30232 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда ерекше қорғалатын екі бірдей табиғи аумақ бар. Олар – Берікққара және Жуалы-Қарашат ерекше қорғалатын табиғи аумақтары. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалының жалпы көлемі – 17500 гектар болса, ал жергілікті маңызы бар «Жуалы Қарашат» аумағының көлемі – 148 300 гектарды алып жатыр.
Мекеме қызметкерлері өңірдегі ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау бағытында заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың тоғыз айында бірқатар рейдтік іс шаралар жүргізіп, барлығы 71 адамға әкімшілік хаттама толтырған. Ерекше қорғалатын маңызы бар «Жуалы-Қарашат» табиғи қаумалында жыл басында мекеменің орманшы-қорықшыларының қырағылығы арқасында рейдтік іс-шара барысында аң ауламақ болған Тараз қаласының азаматы ұсталған. Осыған сәйкес, іс құжаттары сот қарауына жолданып, соттың шешімімен қаруы тәркіленіп, оған 70 айлықтық есептегіш көрсеткішімен айыппұл салынды.
Сонымен қатар орман ресурстарын пайдалану бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Жабайы аңдардың санағы жылына жеті рет, ал өте сирек кездесетін, жоғалып бара жатқан жануарларды және олардың мекендейтін орнына жылына екі мәрте мониторинг жүргізіледі. Жануарлар дүниесін қорғау үшін мекеме қызметкерлерінен рейдтік топтар құрылып, іс шаралар тұрақты жүргізілу үстінде.
Қасиетті Жуалы өңірінің табиғатын қорғау ісінде орманшы-қорықшылардың тарапынан атқарылып келе жатқан жұмыстар ауқымды. Табиғатты молайту, оған қамқорлық жасау тоқтаусыз жүргізілетін жұмыс екенін ескерсек, далада «қар жамылып, мұз жастанып» жылдың төрт мезгілінде қызмет көрсететін сала мамандарының еңбегі адал. Тұмса табиғатты қорғау ісінде орманшылармен қатар, «Сапсан» мамандандырылған жедел тобы, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны қызметкерлері және облыстық аумақтық инспекциясы және табиғат қорғау полициясы тізе қосып еңбек етуде.
Жуалы орманшылығының шекаралары Түркістан облысының және облыстың бірнеше ауданымен шектесіп жатыр. Алатау аймағында ауданның территориясымен шектесетін әйгілі «Ақсу Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының өзінде өсімдіктің 6000-нан астам түрі тіркелген. Бұл – баға жетпес байлық. Көркіне көз тоймайтын қасиетті өңірдің тұмса табиғатын келер ұрпаққа осы қалпында сақтап, жеткізу – қасиетті борыш!
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




