«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Глютенсіз тағам ол қандай ас?

Глютенсіз тағам  ол қандай ас?
Автор
Глютенсіз тағам дегенді естігеніңіз бар ма? Бүгінде бүкіл әлем деннің саулығын ойлап осы глютенсіз тағамдарға көшкен. Бұрындары көп балалы отбасы болғандықтан бір қап ұн, бес литр майдан әкеліп қоюшы едік. Қазір олай ете алмаймыз. Себебі бидай ұнынан пісірілген тағамдар, ас әзірлеп жүрген күнбағыс майы саулығымызға қауіпті болып шықты.

Глютенсіз тағам ол қандай ас? Глютен деген не? Адамдар неге одан жаппай бас тартуда? Осыған жауап іздедік. Глютен – астық тұқымдастарда, бидайда, қара бидайда және арпада кездеседі. Яғни нан түрлері торт, кондитерлік өнімдер, баклава, печенье барлығында глютен бар. Осы глютен ішектің, асқазанның ауруларын тудырады екен. Глютенсіз тағамдарға ет, жемістер, көкөністер, сүт өнімдері, бұршақ, жаңғақ, қарақұмық жатады. Бүгінде еліміздің нарығында глютенсіз ұн, глютенсіз тағамдар жетерлік. Бірақ барлығы шет елден келеді. Бұл ас адамды семіздікке шалдықтырмайды.

Іштің, асқазанның, ішектің ауруларын болдырмайды. Нан өнімдерінсіз дастарқанның сәні кірмейтіні белгілі. Сол себепті бидай ұнының орнына күріш, қарақұмық, какос, бадам ұндарын қолданған жөн. Олардан да тәуір тәттілер, бауырсақтар әдемі піседі. Әлеуметтік желіні ашсаңыз ашытқысыз, глютенсіз нан пісіріп, сатып жатқандар мен глютенсіз түрлі тағам әзірлеп жүргендер көп. Себебі уақыт бір орнында тұрмағаны секілді адам да, әлем де өзгерді.

Мадина Қуатбекованың нутрициологиямен айналысқанына бес жыл болды. Ол бастапқыда өзінің бес баласының денсаулығын ойлап дұрыс тамақтануға көшкен. Бүгінде отбасымен глютенсіз тағамдар жейді. Майлы, ашты тағамдарға жоламайды.

– «Ауру – астан» деп атам қазақ бір-ақ ауыз сөзбен түрлі аурудың астан екенін айтып кеткен. Бұрынғы заманғы адамдардың денсаулығында кінәрат жоқ еді. Себебі оларда физикалық қимыл-қозғалыс көп болатын. Бүгінде көп адамда ішек құрылыс аурулары көбейіп кетті. Сондықтан өттің толуы, асқазанның түрлі аурулары, артық салмақ, балалардағы аутизм, ішек аурулары, экзема сынды тері ауруларының алдын алу үшін глютенсіз тағамдар жеген пайдалы. Мұны мен ойдан құрап айтып отырғаным жоқ. Отбасы мүшелері түгел дұрыс тамақтануға көшкен жағдайда саулығыңызға қуат әрі ұзақ жасауыңызға себеп болады. Орыстарда «сен не жесең, солсың» деген мәтел бар. Қолға түскеннің барлығын жей бермеу керек. Немесе обал екен деп балалардан қалып қойған тағамдарды жеп салмақ қосып алуға болмайды. Талғап жеу керек. Асқазаның ас ішкісі келіп тұр ма, ағзаң, мүшең не дейді? Тыңдаған дұрыс. Ішкі дауысқа құлақ түрген жөн, – дейді нутрициолог маман Мадина Ержанқызы.

Халида Жорабаева глютенсіз нан жасау маманы. Екі жылдан бері әлеуметтік желіде 10 мыңнан аса қыз-келіншектерге «глютенсіз нан» курсын үйретіп, ақша тауып жүр. Курста ол нанды ашытқысыз, глютенсіз табиғи қоспасыз жасап үйретеді.

– Не ішіп жесек сол бетімізден шығып тұрады. Мен 14 жыл бойы экземамен күрестім. Халық еміне де, медицинаға да жүгіндім. Ешқайсынан көмек болмады. Содан бір күні глютенсіз тағамдар әзірлеуді үйрендім. 6 түрлі глютенсіз нан дайындаймын. 4-5 күнде экземам жоқ болды. Глютенсіз тағамдар асқазанда жақсы қорытылады. Ішек жолдарына сіңімді. Іш қатуды болдырмайды. Қанша жерден нан жеме десе де нансыз өмір жоқ. Сондықтан нанды ақ ұннан емес, ашытқысыз табиғи жолмен жасаған жөн. Бұлай жасалған нанды қанша жесеңіз де толмайсыз. Көп сыры жоқ. Қарақұмықтан, жүгеріден ұн жасап, ашытқы қоспай илеймін. Алайда, өзіндік құпиялары бар. Соны мен халыққа айтып, үйретіп жүрмін, – дейді ол.

Нан – ас атасы. Күнделікті тұтынатын өніміміздің бірі де осы – нан. Нансыз ішілген астың қадірі болмайды. Не жесек те нанмен жейтін қазақ болған соң ақ нан мен қара нанның қадірін енді қалай түсінеміз? Дүкендерде сатылып жатқан осы ақ ұннан жасалған нандар. Глютені бар екен деп алмай қоймайтынымыз анық. Наубайханадан азанда жеткен нанның дүкен сөресінен бірі де қалмай түске дейін өтіп кететінін көзіміз көріп жүр. Сонда өзімізге өзіміз ауру тілеп алып жүрміз бе?

Халықтың көбінің глютенсіз нанды, глютенсіз тағамды пайдалануға шамасы жетпейді. Үйде ашытқысыз, глютенсіз нан пісіріп отыруға көбіміздің уақытымыз да, пешіміз де, арнайы қалыбымыз да жоқ. Арнайы сатылатыны кәдімгі наннан 6 есе қымбат. Алайда деннің саулығын, ауырмаудың жолын да ойлаған жөн.

Бүгінде үлкендер түгілі кішкентай балалардың тілінің кеш дамуы, зейіннің ауытқуы, аутизм сынды жас балалардың арасында ауру түрлерінің көбейгені сонша дәрігерлер балаларға да диета тағайындауда.

Диеталық ас та міндетті түрде глютенсіз нан өнімдері көрсетіледі. Ал сіз не тұтынып жүрсіз, қадірлі оқырман? Қандай ас ішіп, қандай нан жеп жүрсіз? Уақыт өткен сайын тұтынатын өнімдеріміздің де өзгеріп отыратыны анық. Сондықтан ас ішкенде де абай болған абзал.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар