Күні кеше ғана 5 жасар ұлымды көз ауруханасына апардым. Дәрігерлер гиперметропия деп анықтама берді. Бұл алыстан көрмеушілік емес, жақыннан көрмеушіліктің жаңадан басталған түрі екен. Бүгінде көзін тексерткен әрбір адамнан бір ахау шығатын секілді. Ата-анамыздың, әріптестеріміздің, туыс-бауырларымыздың бір күнде көз әйнек тағып, кейбірінің отаны өткеріп келуі осыған дәлел. Қазақта көзі сұлу қыздарды «Айнамкөз», «Күлімкөз» деп еркелетсе, бұрыннан жүзі таныс адамды, кейде ата-анамыздың құрбы құрдастарын «Көзкөрген» деп жақын тартқан.
Алайда қанша сұлу болса да көздер сыр алдырмай семе береді екен. Яғни, білдірмей, байқатпай көз жанары суалып, түрлі ауруларға бой алады екен. Бұлай дейтінім көз аурулары баяу дамиды. Біріншіден көздің өткірлігі төмендейді, жанары солғын тартады. Әрмен қарай әр түрлі факторларға байланысты ауру түрлері айқындалады.
Бүгінде смартфон барлық саланы жаулап алды. Телефонға телміргендердің дені жас та, кәрі де көз әйнек киіп жүр. Ауруын асқындырып алғандар қаншама! Уақытылы окулист дәрігерге көрінбей, ем алмай, тақ деген көзәйнекті тақпай жүргендер де жетерлік. Отаға жарамсыз, тек линзамен күнелтіп жүргендер баяғы шоқтай жарқыраған жанарын аңсайды. Облыстық офтальмологиялық орталығы 1987 жылы құрылған және облыстағы ең ірі медициналық кешен. Орталық аурухананың қатардағы бөлімшесінен бастап елдегі ең жақсы клиникалардың бірі-офтальмологиядағы заманауи озық медициналық орталыққа дейінгі үлкен жолдан өтті.
Жоғары білікті дәрігерлердің қарамағында кез келген көру патологиясын сапалы және уақытылы анықтауға және емдеуге мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық диагностикалық жабдықтар бар. Көз ауруларын хирургиялық емдеу үшін орталық жаңа микрохирургиялық операциялық жүйелермен жабдықталған. Аурухананың күндізгі бөлімшесінде 25 төсек, тәуліктік бөлімшесінде 40 төсек бар.
Жыл он екі ай ауруханадан науқас үзілмейді. Кейде арнайы алыстан іздеп келіп көзін емдететіндер бар 12 жылдық еңбек өтілі бар Абзал Райқұлов – осы ауруханадағы беделді дәрігерлердің бірі. Ол консультативті диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі. Көз – өте нәзік орган. Оған қатысты процедуралардан адамдардың қорқатыны да содан шығар. Бірақ, медицинаның дамуымен көз ауруларын оп-оңай анықтайтын аппараттар да пайда болған. Бұрындары мынау қай әріп, қай сан деп тексеруші еді.
Қазір бәрі жаңарған. Мен де жаңа жабдықталған аппараттарға тексерілдім. Көзімнің қысымын анықтау үшін отыз секунд, алыстан не жақыннан нашар көруімді анықтау үшін бес минуттай уақыт кетті. Яғни, көз қысымы еш қолайсыздық тудырмайтын аппаратта өлшенеді. Екі көзіңізге кезек-кезек жел үрлегендей болады. Ал аппараттың келесі жағынан қай көзіңізде қандай деңгейде қысым бар екені қағазға басылып, дайын тұрады. Абзал Мұқатайұлының айтуынша, көздегі қысым «22» деңгейінен асса, дабыл қағу керек. Ондай адамдарды әрі қарай тексеріп, су қараңғылық ауруының ашық не жабық түріне шалдыққанын анықтайды. Адамның жасы 35-40 тан асқан соң міндетті түрде көз қысымына тексерілгені жөн екен. Тексеріле жүріп дәрігермен әңгіме өрбіттім. Ауруханадағы науқастармен тілдестім.
– Көз ауруханасында ем алып жүрген науқастардың көбі катаракта диагнозымен жатыр. Көздің бұл ахауы жас талғамайды. Катаракта дегеніміз – көз бұршағының бұлыңғырлануы, көздің үдемелі ауруы. Нәтижесінде жарық сәулелері көз торына жетпейді. Катаракта белгілерін объективті түрде маман ғана бағалайды. Олар тұрақсыз, өйткені аурудың бірнеше сатысы бар. Екінші орынды алып тұрған көз ауруы – глаукома. Бұл дегеніміз көзішілік қысымның жоғарылауынан туындаған оптикалық жүйкенің зақымдалуына әкелетін көз аурулары тобы. Егер ұзақ уақыт емделмеген болса, көру қабілетінің нашарлауына әкеледі.Глаукома «көрудің тыныш ұрысы» деп аталады, өйткені көру және көру өрісінің жоғалуы әдетте асимптоматикалық, баяу және ұзақ уақыт бойы жүреді. Бұл қартаюға, глаукоманың отбасылық анамнезіне және кейбір ауруларға немесе дәрі-дәрмектерге байланысты. Глаукома көру қабілетінің тұрақты жоғалуы мен соқырлықтың негізгі себебі. Енді неліктен адамның көзі ауырады деген сұрағыңызға жауап берейін. Рас, оған әр түрлі факторлар бар. Заманымызға байланысты, гаджеттер мен смартфондар да кінәлі. Десек те көбіне көз аурулары тұқым қуалаушылық немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде пайда болады. Мысалы, құрамында канцерогеннің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болады. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге қырыққабат және жүгері жатады. Олардың құрамында дәрумендер мен минералды заттар көп болғандықтан, көздің қалыпты көру қабілетін сақтайды. Көздің жақсы көруі үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет. Ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Сонымен қатар көздің сау болуы үшін С, Вi, Be және В12 дәрумендерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді. Көру қабілетіне тағы басқа факторлар зиян келтіреді. Бүгінде көптеген адамдар компьютермен жұмыс істейді, ал кейбіреулері тіпті күндіз-түні алдында отырады. Соның салдарынан көз шаншып, қызарып ауырады. Сондықтан көздің шаршауын болдырмау үшін бірнеше минуттан кейін назарды ауыстырып, демалдырып, бөлмені желдету қажет. Егер ауа тым құрғақ болса, құбырлардың астына су құйылған ыдысты қою керек немесе ауа ылғалдандырғышын пайдаланған дұрыс. Көз – адамның жанары. Ал жанарың суалса өміріңнің мәні кетеді. Әр алты ай сайын дәрігерге көзді тексертіп тұрған абзал. Көз – тіршілікті танып білуге арналған, Алланың берген бір мүшесі, – дейді дәрігер офтольмолог Абзал Райқұлов.
Атыраудан арнайы келіп, көзіне ота жасатқан Гүлназ Байжігітова аурухана басшысы, білікті дәрігер Бақыт Сағатқызына ота жасатқанын айтты.
– Негізі әлеуметтік желіден көріп, арнайы Атыраудан келдім. Көзіме жасалған ота сәтті өтті. Бір көзімнің екіншісінен айырмашылығы бар еді. Ем алмасам арты су қараңғылыққа ұласатын еді. Мен дер кезінде көрініппін. Тараздағы осы аурухананы бүкіл Қазақстан біледі. Бәрі мақтайды. Шетінен қолы жеңіл, білікті дәрігерлер жұмыс істейді екен. Риза болдым, – дейді ол.
Шын мәнінде облыстық офтальмологиялық орталықтың әлеуметтік желідегі барлық парақшасы күн сайын жаңалықтарын бөлісіп, заман ағымынан қалыспай отыр. Мекемеде арнайы SMM маманы бар. Мобилограф та жұмыс істейді. Олар науқастардан сұхбат алып, пікірлерін салып отырады. Бүгінгі таңда халыққа офтальмологиялық көмектің барлығы дерлік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетіледі. Түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер жергілікті емханаларда МӘМС аясында қолжетімді.
Глаукоманың әр түрлі кезеңдері, көздің алдыңғы және артқы бөлігінің күрделі патологиялары, катаракта және көз бұршағының орнынан қозғалған жағдайлары, көздің туабіткен ахаулары сияқты тағы да басқа көз ауруларында жоғары технологиялық медициналық көмек, күрделі оталар МӘМС бойынша ауруханаларда халыққа тегін көрсетіледі. Айта кеткен жөн, мұндай медициналық көмек жалпы жоспарлы түрде жасалады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




