Семинарды облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды семинардың мақсат-міндеттерімен және күн тәртібімен таныстырды.
– Бүгінгі оқыту-семинар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жыл сайынғы дәстүрге айналған оқыту семинарларының жалғасы. Өткен жылдары ұйымдастырылған семинарларымызда біз сайлау заңнамасының жаңашылдықтарын талқылап, тәжірибе алмасып, учаскелік және округтік сайлау комиссиялардың жұмыстарын жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасадық. Соның нәтижесінде комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығы артып, сайлау науқандарын жоғары деңгейде өткізуге ықпал етті. Семинарларда алған білім мен тәжірибенің тиімділігі уақытпен дәлелденді. Сондықтан да біз биылғы оқыту-семинарды сайлау процесін даярлап өткізуші аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Мұндай шаралар тек өткенді қорытындылап қана қоймай, сайлауды даярлаумен өткізу барысында туындаған мәселелерді ортақтасып талқылап, жаңа тәжірибелер мен озық әдістерді және елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрлық жүйелерді трансформациялау барысында енгізілген жаңа технологиялармен жаңа форматтарды енгізе отырып, алдағы саяси науқандарға сапалы дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл – сайлау процесінің ашықтығын, әділдігін және жириялылығын қамтамасыз етудегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені сайлау жүйесінің қоғамдағы сенімділігі мен кәсібилігі ең алдымен комиссия мүшелерінің білім деңгейі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сайлау процесінің ашықтығын, әділдігін және жариялылығын қамтамасыз ету дегеніміз – елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен «Әділетті мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың бірден бір жолы болуға тиіс. Сенімді сайлау жүйесін құру – әрқайсымыздың қоғам алдындағы жауапкершілігіміз, – деді ол өз сөзінде.
Бұдан кейін аталған комиссия төрағасының орынбасары Талғат Жамалов жиынның негізгі мазмұнына тоқталды.
– Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелеріне сайлауды ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздерін түсіндіру, сайлау заңнамасын іс жүзінде қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ кәсіби құзыреттілікті арттыру. Алдымызда 26 қазан күні облыстық мәслихаттағы бос орындарға сайлау өтеді. Қазіргі таңда үміткерлерді тіркеу жүріп жатыр, сондықтан нақты саны әлі белгісіз. Дегенмен комиссия жұмысы заңмен реттеледі. Егер комиссия мүшесі бекітілген ережелерді бұзса және ол дәлелденген жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламын, – деді Талғат Салқанұлы.
Семинарда учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері он топқа бөлініп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білім-біліктілігін сынға салды. Келесі бөлімде облыстық сайлау комиссиясының мүшелері «Сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің кейбір мәселелері», «Сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу, үгіт, ұлттық байқау және әлеуметтік желілерді әкімшілендіру», «Сайлау тәжірибесі: алдыңғы науқандардағы өзекті мәселелер мен дағдарысқа қарсы коммуникациялар», «Сайлауды қаржыландыру түрлері», сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген жауапкершіліктер» тақырыптарында дәрістер оқыды.
Семинар соңында қатысушылар барлық қарастырылған тақырыптар бойынша тест тапсырып, алған білімдерін бекітті.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
- 4 желтоқсан, 2025
Көкбастауда «Этно ауыл» кешені ашылды
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




