Қаржылық сауаттылық – қаржы саласындағы сенімді құралдарды өмірлік тәжірибеде қалай сәтті пайдалануға болатынын түсінуге мүмкіндік беретін кәсіби білім мен маңызды машықтың жиынтығы. Соның нәтижесінде материалдық жағынан орташа деңгейдегі адам табысын жинау, бюджетті сауатты жоспарлау мен тұрақты шығындарды рационалды жарата білудің құпиясын үйренеді. Қаржылық білімге тоқталсақ, жалпы кез келген адамға қолжетімді қарапайым ережелер легі мынадай: отбасылық бюджетті бақылап отыру, қаржылық қызметтерді сауатты пайдалану.
Екіншісіне банктік картаны пайдалану, салымдар бойынша табысты есептеу, несие бойынша борышкерлік жүктелімді есептеу, ақшалай аударымдарды жіберу, коммуналдық қызметтерді төлеу кіреді. Мұның бәрі – күнделікті тұрмыстың бір бөлігі. Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуде бұлжымайтын бес ереже бар.
Ең алдымен әрқашан тапқан табысыңыздан азырақ жұмсаңыз. Қымбаттап жатқан заттарды уақытында сатып алуға тырысыңыз. Арзандап жатқанды мүмкіндігінше сатып алмаңыз. Өзіңізді дәл қазіргі кезде маңызды саналатын негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етіңіз. Заттың бағасын ғана емес, оны ұстауға кететін шығынды да ескеріңіз.Аталған ережелерге зер сала қарасақ, алдымен тұрғын үй мәселесін шешіп алған жөн. Өйткені жеке меншікте жылжымайтын мүліктің болуы – басты қажеттілік. Жыл сайын қымбаттай беретіндіктен пәтер немесе үй сатып алу тәуекелді қажет ететін, маңызды процесс екенін мойындау керек. Әйтсе де ештеңеге қарамастан тұрғын үйді ең бірінші орынға қою қажет.
Ескертеміз, үй алған кезде де болашақта бағасы қымбаттайтынын таңдаған дұрыс. Жақсы жерде орналасқаны, соңғы талаптарға сай жөндеуден өткені маңызды. Басқа жаққа көшу керек болғанда немесе өмірде күтпеген жерден орын алатын жағдай туындағанда тез арада, қымбат бағаға сатуға болатындай етіп тұрақты жөндеуден өткізген жөн. Қымбат автокөлік немесе саяхатқа шығу үшін қаржыны тұрғын үй, жоғары білім, денсаулық сияқты негізгі қажеттіліктер өтелген соң ғана жұмсаған орынды болмақ. Көлік алу жайына келсек, өз құнынан бөлек, оны сатып алған соң жұмсалатын шығындарды да алдын ала кесіп-пішу керек. Өйткені бар жиған-тергеніңізге көлік алып, аз уақыттан кейін оны сақтандыру, қосымша салық, қымбат бөлшектер, қызмет көрсетуі мен аксессуарларын қамтамасыз етуге қажетті қаржы артылмауы да мүмкін.
Осы орайда қазақ қоғамында кеңінен таралған кез келген мәселенің, әсіресе, той, көлік алудың оңай шешімі болып табылатын несиені үш жағдайда ғана алуға болатынын ескерген жөн. Алдымен тұрғын үйге, қажетті өндіріс құралдарына және емделуге ғана несие алыңыз. Сонымен бірге жаңа несиені тек алдыңғы төлемді толық бітірген соң ғана алған дұрыс. Ал болашақ жоспарларға немесе маңызды қажеттіліктерге қаржыны қалай жинаймыз? Ең алдымен өзіміз, болашағымыз үшін мақсат қойған жөн. Ақша жинауды үйрену үшін оның сізге не үшін қажет екенін түсіну керек. «Әйтеуір бір күні болар» деген мақсат жарамайды, мұндай түсінік ақша жинауға көмектеспейді. Тұрмыста шығындарға себеп жеткілікті. Ешқандай шығынды ойламай, өз қалауыңызды нақты бір мақсатқа жинақтаңыз.
Мәселен, жаңа көлік, соңғы шыққан сапалы ноутбук. Мақсатымызды анықтаған соң оған арнайы уақыт шектеуін қоямыз. Қажет қаражатты жинайтын уақытты белгілеу керек. Әрине, көрпеге қарай көсіліп, шамаға қарауды ұмытпау маңызды. Қаражат көлемін есептейміз. Мақсатыңыздың бағасы мен уақытын негізге алып, белгілі бір қаражат бөлігін белгілі бір мерзімде, қанша күн, апта, ай жинау керектігін анықтау керек.
Дина БӨКЕБАЙ
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




