Бүгінде өмірді сақтандыру және оны қалай түсінеміз, оның қандай түрлері бар деген сауалдарға жауап беріп көрейік. Өмірді сақтандыру – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық қауіпсіздіктің бір түрі. Ол дегеніміз – отбасыңыздың қаржылық қорғанысы, жинақтау функциясы, салықтық жеңілдіктер. Жинау. Нені, қайда, не себепті жинаймыз? Түсіндіре кетейін, «Қазақстан Халық Банкінің» өмірді сақтандыру жөніндегі еншілес ұйымы «Халык-Life» акционерлік қоғамы – Қазақстан Республикасындағы «өмірді сақтандыру» саласының көшбасшысы. Сақтандыру қоры біздерге түрлі тамаша бағдарламаларды ұсынады. Әрбірімізге отбасымызды, балаларымызды, өз өмірімізді, несиелік міндеттемелерімізді, денсаулығымызды сақтандырып қою жолдары бар. Бұл парыз десек те болады.
– Біздің мекемеде өз денсаулығын, өмірін қорғап сақтандыру жасаған адамдар өте көп. Күннен күнге сақтандыруды өз отбасыңды күтпеген қаржылық қиындықтардан құтқару деп түсінетін адамдар көбеюде. Бұрындары ата-әжелеріміз «қой, қайдағыны айтпа» деп түсінбей жататын. Сондай әжелердің өздері бұл күндері немерелеріне сақтандыру ашуда. Мәселен, спортпен айналысатын мектеп оқушыларын жазатайым оқиғалардан қорғау үшін немесе балалардың оқуына деп жинайтын ата-аналар көп. Жылдан жылға жоғары оқу орындарындағы грант саны азаюда. Болашақта белгілі бір пәндерге ғана грант беріледі де, қалғандары ақылы оқитын болады. Сол үшін қазірден қамданып, жалақыдан жиған жөн. Шетелге шыққанда көбіне медициналық сақтандыруға зар болып жатамыз. Жай ғана 7 күнге саяхатқа шықсаңыз да өзіңізді толық сақтандырып барып шықпасаңыз, ол жақта не болары белгісіз. Табан астында тісіңіз не басыңыз ауыруы мүмкін. Ал онда сақтандырусыз басың ауырып, балтырың сыздаса да қарамайды. Адам өмірінде түрлі жағдайлар оқыстан орын алып жатады. Бір жанұяда біреу қайтыс болса, оның артында несиесі қалған жағдайда егер ол несиесі сақтандырылса, қалғанын сақтандыру қоры төлеп береді. Сол үшін де несиенің барлық түріндегі сақтандырудан бас тарпаған жөн. Енді бір отбасында жол-көлік оқиғасы орын алып адам ауруханада емделіп шығуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда да сол жанның сақтандыруы болса сақтандыру компаниясы оған бастан-аяқ қаражатын төлеп, тіпті шетелден емделіп келуге жағдай жасайды. «Ауру айтып келмейді» демекші, обыр ауруынан жас та, кәрі де сақтандырылмаған. Сол үшін әрбір адам денсаулығын, амандығын, болашағын, қауіпсіздігін ойласа, сақтандыру жасатуы тиіс, – дейді «Халык-Life» сақтандыру компаниясының Тараз қалалық филиалының директоры Лейла Зупинова.
ҚАМСЫЗ ҚАРТТЫҚ ҚАЙДА БАР?
Уақыт зулап өтіп жатыр. Күйбең тірлік бітпейтіндей көрінеді. Адам ақырғы сәтте өмірінің ең маңызды күндерін құр өткізіп алғанына өкінсе, бұдан өткен қасірет жоқ шығар. Қазір жасымыз 40-та. Қамсыз қарттықты бәріміз аңсаймыз. Мына жалақымен зейнетақымыздың мөлшері қандай болатынын да бір Құдай біледі. Бейнеттің зейнетін көруге, шетел аралап, қаржыдан қысылмай өмір сүру – әрбір адамның арманы. Мемлекеттің беретін зейнетақысына қарап отырмай, қазірден жинап, қомақты зейнетақы алып отыруға болатынын білесіз бе? Ол – «зейнетақы аннуитеті» сақтандыру бағдарламасы деп аталады.
Бұл бағдарламаны ұсынушы «Халық-Life» компаниясы. Ол үшін қаржыңыздың бір бөлігін «Халық-Life» сақтандыру қорында жиып отырасыз. Зиянды қауіпті өндірісте жұмыс істейтін адамдар 50 жастан зейнетке шығып, жиған ақшасынан да көбірек зейнетақы алуға құқы бар. Ал басқаларымызға 55 жастан бастап зейнетақы алып отыра аласыз. Базалық зейнетақы Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына зейнеткерлік жасқа жеткен кезде е септеледі. Базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Ал зейнетақының азкөптігі зейнеткердің еңбек өтіліне де тікелей байланысты. Ал қартайғанда қолдағы бар қаржыны сақтандыруды тараздық Әлиман Бекқожаева да құп көреді. Өйткені саналы ғұмырын сапалы ұрпақ тәрбиелеп, білімді жастар өсіруге арнаған ол өмірінің соңында өзінің жалғыз қызына салмақ салғысы келмейтінін жасырмайды.
– 45 жыл Тараз қаласындағы мектептердің бірінде үзіліссіз еңбек еттім. Балаларға сапалы білім беруге тырыстым. Ұстаздық деген ардақты атқа кір келтірмедім деп ойлаймын. Бүгінде сақтандыру қорына ақша жинап жүрмін. Өзіме, немерелеріме деп. Қазақтың бір ғана уайымы бар ғой: қалай қартаямын, өлсем кім көмеді деген ащы да болса шындық көкейде жүретіні рас. Мен жақындарыммен, таныстарыммен ақылдаса келе зейнетақымды сақтандыруды жөн көрген адаммын, – дейді Әлиман Төленқызы.
Оның сөзінше, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе басқарушы компанияға аударуға пайдалану мүмкіндігі бар. Алайда ол өзі қайтыс болған жағдайда жинақталған зейнетақы қаражатын зейнетақы аннуитеті шартында көрсетілген тұлға немесе мұрагерлер кепілдік берілген мерзім ішінде алатынын таңдаған. Осы кезде көптеген қарттар біле бермейтін кепілдендірілген мерзім дегеннің не екенін айта кеткім келеді.
Бұл – өмірді сақтандыру компаниясы зейнетақы аннуитеті шартында көрсетілген тұлғаға, ал ондай болмаған жағдайда сақтанушының мұрагерлеріне, егер сақтанушы және сақтандырылғандар сақтандыру төлемдерін толық көлемде алмаса немесе көзі тірісінде алмаса, сақтандырушы төлемеген шартта көзделген кепілдік берілген сақтандыру төлемдерін төлейтін кезең.
БАЛАМ – БОЛАШАҒЫМ
«Балам – балым, немерем – жаным» деген қазақ бүгінде келешекке деп қаржысын жиюда. Сақтандыру компаниясында балаларға арналған жинақ түрлері бар. Яғни, сіз жиған ақшаңызды мемлекеттің үстіне қосқан пайызымен бірге баланың оқуына я болмаса тұрғын үй жағдайыңызды жақсартуға, тіпті болмаса баспаналы болуға жұмсай аласыз. Тек уақытыңызды бөліп, сақтандыруды ашып және үздіксіз жиып отыру керек. «Bilim-Life» бағдарламасы елімізде 2023 жылдан бері жұмыс істеуде.
– Ай сайынғы сақтандыру жарнасының ең төменгі мөлшері 10 мың теңгені құрайды, әрине, салынатын ақшаның көлемі клиенттің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты. Мысалы, біздің тұтынушыларымыз ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, сондай-ақ жылына бір рет жарна сомасын және оны төлеу кезеңдерін таңдай алады. Қалай салса да, жоба өзінің берер пайдасын жоғалтпайды. Егер де бағдарламаның пайдасы жайында тереңірек тоқталсақ, BilimLife келесі қызметтерді ұсынады. Мысалы, бүкіл жинақтау кезеңіне, яғни, тәулік бойы, әлемнің кез келген нүктесінде жинақтаушы ата-ананың өмірін сақтандыру. Оған қоса, бүкіл жинақтау мерзіміне 8 пайызға дейінгі кепілдендірілген кірістілік ставкасы және жинақтау сомасының 7 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы. Сонымен қатар ата-аналарға арналған салықтық жеңілдіктер беріледі, – дейді мекеме директоры Лейла Саитқызы.
«Bilim-Life» бағдарламасы бойынша сақтандыру шартының арқасында атааналар біздің елімізде де, шетелде де балаға арналған кәсіптік-техникалық және жоғары білім ақысын төлеуге қажетті соманы кепілдікке бере алады екен. Балалардың Қазақстанның және басқа елдердің беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндіктері бар.
Ендеше отбасымызды қорғау және болашаққа қаржы жинау, қартайғанда табыс көзінің болуы, мұра қалдыру, қаржылық тұрақтылық пен тыныштық үшін өмірімізді сақтандырып қояйық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




