Тұңғыш перзентін ата-әжесінің қолына беру қаншалықты дұрыс?
- author «Ақ жол»
- 16 қазан, 2025
- 448
Ата мен әже немересіне қолындағы барын береді, тәрбиесін аямай төгеді. Бұл рас. Кемпіршал баққан балалар ойлы, дана, алғыр, зерек, тілге шешен, шебер бала болады. Алайда сол балалардың ішкі әлеміне кім үңіліп көріпті. Өз әке-шешесін «тәте», «көке», «жеңеше» деп атау оларға да оңай болмағаны анық. Өзге бауырларынан жырақта я болмаса бөлектеу өскені кемпір-шал баққан ұл-қыздардың жүрегіне батады дейді олар. Бұл нәзік, жүрекке шымырлап бататын тақырып. Десе де қозғап көрейік. Ұлы Абайдың, Шоқанның әжелерінің баласы болғандығы тарихтан белгілі. Кім біледі, ол кездегі әжелер бөлектеу ме еді?
«ӘКЕ-ШЕШЕМЕ ЖАҚЫНДАУДАН ҚАШАТЫНМЫН»
Өз арамызда да ата-әженің қолында өскен жандар көп. Біразымен сөйлестім. Бәрінің айтары бар. Басты проблема – атасы мен әжесі қайтыс болған соң әке-шешесімен тіл табыса алмауы, оларға сыр ақтара алмауы, бауырларынан алшақтау өмір сүруі. Ендеше осы мәселенің жақсы-жаман тұстарын елепекшесек.
Кемпір-шалдың балаларының әлемі бөлек болатынын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының продюссері Әлия Құдайбергенова растап отыр. Ол әңгімесін былай бастады:
– Кемпірдің қызы болып өстім. Ес білгелі биологиялық әке-шешемнің бар екенін сезіндім, білдім. Бірақ жақындай алмадым. Соған қарамай, бәрінің ішінен Құдай маған бауырмалдық, жанашырлық, ата-ана, бауырға деген мейірім мен тартылысты үйіп-төгіп, артығымен бере салған. Олай дейтінім, солар десе жүрегім қақ бөлінетін де тұратын, әлі де солай. Бірақ оның бәрі іштей. Сыртқа шығаруға дәтім бармады. Оның себебін де дәл білмеймін, Жаңылмасам, бесінші сыныпта оқимын. Қыстыгүні ғой. Бір күні шешем маған жүн шұлық тоқып, салып жіберіпті. Ішінде не барын қайдан білейін, ашып жатырмын ауылдан келген түйіншекті... Әжем бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Баламысың деген, бір қарағанымда жайнамазы жайылып тұрған. Сол сәтте намазын аяқтағанын сезбей де қалыппын, түйіншекті аша бастағаным сол, жүн шұлықтың ішінен қызыл бес сомдық шыға келді. Қапелімде не істерімді білмей қалдым... Әжем намазын оқып жатқан шығар деген үмітпен көз қиығымды сала бергенде, «еее, шешең бар екен де! Сары қатынның осындайы бар» дегенінен селк ете түстім. «Алыңыз, бұны сізге салған» дедім, бес сомдықты бүктей түсіп. Қазір ойласам, шешемді қорғаған түрім екен ғой! «Болды-әй, көп көлгірсімей, сап қой қалтаңа, сені аш жүр деп жүрген шығар шешең» деді. Ары қарай әңгіме бітті. Сол 5 сомды жұмсай алмадым. Жанымда інім бар, екеумізді оқысын деп қалаға әжеме жіберген. Бес сомды соның қажетіне жұмсадым. Жұмсағанда, мектептен қайтып келе жатып жолдан мектепке керегін алдым. Соны әкеп әжеме көрсеттім. «Олардың ақшасын қайтем мен, баласына анау-мынау әпердім» дедім. Бір сөзімді де ұмытқам жоқ, дәл осылай айттым. Әжем мән бермеді. Кейін каникулда ауылға бардық. Тәтемнің де (әкемнің), апамның да қолын алып амандаспадым. Олар да ұмтыла қойған жоқ. Құдды бір өкпе-назы бар адамдай, бәрін өтірік жасап жүрмін. «Неге маған ақша саласыңдар?» деген реніш, апам оны сезіп жүрді. Солай-солай, осы бір «қолдан жасалған» мінез әдетке айналды. Әдет өмір бойына, өмір жолыма кірігіп алды… Әкеме де, шешеме де жоламадым. Қатты сағынатынмын. Әжем марқұм: «Әке-шешең екені рас қой, неге сонша қашасың? Менен саған пайда жоқ, бар соларға», деді бір күні. Ол кезде мен ес біліп, әжем алпыстан асқан шағы. Көп ұзамай өзі де арамыздан кетіп қалды… Өлең жаздым, әжеме арнап. Қолдан гүл жасап, бейітінің басына апарып қойдым. Қаншама уақыт өтсе де әкешешеме жақындаудан қаштым. Әжем қарап тұрғандай! Жандарым, үшеуінің де кінәсі жоқ. Олар мені солай шыңдағысы келген шығар?! Олар да, өмір де, – дейді ол.
Қарап отырсаңыз, кейіпкердің басынан кешкені өмір бойы ұмытылмайтын оқиға. Әлі күнге әжесі қарап тұрғандай анасына жақындай алмайды, емін-еркін сөйлесіп, шүйіркелесе алмайды.
«МЕН БӘРІБІР БӨЛЕКТЕУМІН!»
Облысымыздағы ірі кәсіпкер Сәуле Рысбаева да әжесінің қызы. Биологиялық анасы мен әкесін 12 жасына дейін білмепті. Үйге кеп жүрген әкесін жақын туысымыз деп ойлаған екен. Ал анасын тіпті көрмепті. Әжесінің кемеңгерлігін, даналығын сіңіріп өскен кішкентай Сәуле кемпірдің қызы болып өскеніне еш өкінбейді.
– Әжемнің қызымын. Ата-әженің тәрбиесінде өскен қыз балалар ерекше болады. Өз басым бір жасымнан әжемнің тәрбиесінде болдым. Текеметті де тоқыдық. Талай нәрсені көріп өстік. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын ол – нағыз біздерміз. Кемпір-шал тәрбиелеген ұрпақ шыдамды, төзімді болады. Талай кәсіпті ашып, қиюын келтіріп отырғанымның өзі – әже тәрбиесінен деп білемін. Геометрияны білмейтін, цифр танымайтын, дала заңына бағынған қарапайым қариялар бізді мақалмәтелге, әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге берік, жандүниемізді бай етіп өсірді. Әрине, Құндыз әжемнің маған берері мол болды. Рас, өзге бауырларыма ұқсамаймын. Өйткені тәрбием өзгеше. Ешуақытта ұрыспайтын, қызғанбайтын, әнмен, өлеңмен тәрбиеледі. «Сәулем, Сәулем, Сәулемсің, жақсы болсаң сәулемсің, жаман болсаң...» деп келе жатқанынан-ақ арғы жағын айтқызбай, құрдай ұшып тірлігімізді істей беретінбіз. Бүгінде жасым 60-қа келсе де осы ісім апама ұнар ма еді деп жасаймын. 12 жасымда өз әке-шешемнің тәрбиесіне берілдім. Шешемді бірінші рет 12 жасымда көрдім. Бір тәрбиеден екінші тәрбиеге берілу оңай болған жоқ. Алғашында ата-анам да, бауырларым да қабылдамады. Мен оларға бөтен емеспін, бөтендеумін. Солардың ішінде оқшаулау, өзгешелеумін. Тұрмысқа төзімді, пайымдысы мен болдым. 6-сыныпта өз әкешешеме оралған соң тіл табыса алмай жүрдім. Маған қиын болды. Әкемнің бала-шағасына мен ұқсамаймын. Әлі күнге солай... Басқаларға ұқсамадым. «Ер Төстігім бір төбе» дегендей, мен бір төбе, қалған бауырларым бір төбе. Бүгінгі ұрпаққа бұл дәстүр жат. Негізі сөздің ашығы, әр әке-шеше жағдайы болсын, болмасын өз баласын өзі тәрбиелегені дұрыс. Жастардың көзі ашық. Олар бәрін біледі. Бүгінгі психологтар айтпақшы, «балалық травма» жүректе мәңгілікке қалмасын. Сол себепті әркімнің баласы өзінікі болғаны дұрыс. Егер ата-әжесі мен келіні бірге тұрса, тұңғыш немере кемпір-шалдыкі болғаны дұрыс. Бір үйде тұрады ғой. Ал алыста, бөлек тұратын болса, бұл болмайды, – дейді Сәуле Мақшанқызы.
«ШЕШЕМЕ ЕРКЕЛЕЙ АЛМАЙМЫН»
«Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали да кемпірдің қызы. Әжесін өмір бойы «ақ анам» деп өткен екен.
– Мама деп өттік. Күнсұлу Шалбаева әжемнен ерте айырылдық. Бәрімізді аяқтан тұрғызды. Бізде қазір ақ анама қызығымызды көрсете алмадық деген өкініш бар. Мамамыздың қойынында өстік. Мектептегі ата-аналар жиналысына өз әке-шешем емес, мамам баратын. Өз анам бесік жырын айтатын, жазуды үйретті. Бізді әнмен тәрбиелейтін. Ән айта жүріп, үйдің қара жұмысын тындыратын. Ал мамам бізді тәртіпке шақырып, өсиет сөздерін айтып, өзінің әділдігімен үлгі көрсетті. Кісінің ала жібін аттамауға, кішкентайымыздан адалдық қасиетті бойымызға сіңірді. Әжемнің тәрбиесінде өскеніме ешуақытта өкінбеймін. Ол кісінің даналығы, парасаттылығы аз да болса бізге жұқты деп ойлаймын. Сосын әженің тәрбиесінде өскен балалар еркін болып өседі. Бізді тұмсықтыға шоқыттырмай,қанаттыға қақтырмай өз еркімізбен өсірді. Соның арқасында өз ойымызды еркін айта аламыз. Анаммен қарым-қатынасым алыстап кетті деп айта алмаймын. Ішіміз біліп тұратын, анамыз екенін... Бірақ жақын жеңгем секілді боп тұратын. Қарым-қатынастағы шектеу әлі күнге дейін қалып қойды. Мен ақ мамама еркелегендей шешеме еркелей алмаймын. Әжемді әлі күнге аңсаймын, – дейді Эльмира Мырза-Ғали.
«ЕКІ ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА ҚАЛҒАНДАЙМЫН»
Ақын Елдар Боранбек те әулеттегі тұңғыш немере болғандықтан, атасының баласы атаныпты. Атасы Боранбек пен әжесі Әлиманның кенжесі іспетті. Әкесі Ханжанға «тәте», анасы Әлияға «жише» дейді. Бүгінде ол Қордай аудандық мәдениет үйінде жұмыс істейді.
– Ата-әже тәрбиесіндегі балалар өларман, итжанды, жанкешті болады. Тиынға тиын құрауды, үнемдеуді үйренесің. Кішкентайымыздан өмірім малмен байланысты болды. Тазалыққа үйрендік. Қора-жайды, малдың астын таза ұстауды үйрендім. Әке-шешеге жатбауыр боп кетпедік. Әрбір жүрегі бар бала әке-шешесін біліп тұрады. Тәте, жише дегенім жатбауыр боп кеткендіктен, алыс болғандығымнан емес. Кейде екі оттың ортасында қалып жалтақтап қалатын кездер болады, оны мойындау керек. Ондай кезде әке-шеше де, ата-апа да бірін-бірі жамандамау керек деп ойлаймын, – дейді ол.
...Қалай айтсақ та, бұл газет жазды, журналистер айтты екен деп бір күнде тоқтай салатын дәстүр емес. Ауыл-аймақтарда әлі де кездесуі мүмкін. Қазіргі заман басқа, адам басқа десек те, ата-баба дәстүрі жаңғырып тұрады. Бәрін уақыттың өзі екшейді. Сондықтан бұл тозығы жеткен дәстүр деп айту қиын. Егер бұл тақырыпта айтар ойыңыз болса, біз газет бетінен орын беруге дайынбыз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




