«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түйе шаруашылығын дамыту үшін «Верблюд» кооперативі құрылды

Түйе шаруашылығын дамыту үшін «Верблюд» кооперативі құрылды
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» екенін айтып, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің барына тоқталған болатын. Мәселен, өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек екенін, ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін ірі экожүйе қалыптастыру қажеттігін алдымызға қойған еді.

Мойынқұм ауданының шаруалары бүгінде осы талаптардың үдесінен шығу мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Надиргужиннің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы ақшалай көлемі осы жылдың сегіз айында 3952,7 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда негізгі көрсеткіш индикаторы 102,1 пайызды көрсетіп отыр. Оның 353,7 миллион теңгесі өсімдік, 3596,8 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.

– Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін айтты. Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Өңірде ауыл шаруашылық секторларын қаржыландыру талапқа сай атқарылуда. Мәселен, бүгінгі күні сегіз шаруа қожалығына тауарлық несие берілген. Қазіргі уақытта төрт шаруа қожалығы 116 қой, 40 мүйізді ірі қара алу үшін келісімшартқа отырған, – дейді бөлім басшысы.

Жалпы Президентіміз әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша басымдық беріп келеді. «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды.

Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деп агросалаға басымдық бергені де белгілі. Осы ретте Мойынқұм ауданында түйе шаруашылығын дамыту бойынша арнайы жоспар құрылып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бір агроқұрылым құру жоспарланған. Бұл жоспар бойынша Мойынқұм ауылдық округінде «Верблюд» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында зерделенуде екен.

Сондай-ақ аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Надиргужиннің айтуынша, мал шаруашылығы саласында төрт түлік басының өсуі байқалады. Бүгінгі күні мүйізді ірі қара – 65286, қой-ешкі – 170659, жылқы – 15969, түйе – 1304-ке жетсе, үй құстары – 18370-ті құраған. Мал басы есебінен тірі салмақта 2856,4 тонна, сойыс салмақта 1647,6 тонна ет өндірілген. Ал бұл кезеңде 1586,1 тонна сүт өндіріліп, өңдеуге жіберілген. Құс шаруашылықтары 1185,9 мың жұмыртқаны нарыққа өткерген. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту жұмыстары да талапқа сәйкес қолға алынған.

Мәселен, ауданда көктемгі дала жұмыстарына өндірістік кооперативтердің және «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 37 техникасы жұмылдырылды. Оның он тоғызы трактор, сегізі соқа, жетеуі қопсытқыш, үшеуі дән сепкіш. Ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейі де жоғары. Атап айтсақ, былтыр ауданда 25 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болса, биыл 53 техника жаңартылып отыр. Олардың жалпы сомасы 248,5 миллион теңгені құрайды.

Алынған техниканың 8-і трактор, қалғаны ауыл шаруашылығы тіркемелері. Биыл елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен 75,3 миллион теңге қаралып, бірқатар жұмыстар атқарылған. Оның ішінде Шу өзенін байлап, тоғандарға ағын су шығару жұмыстары үшін 23,6 миллион теңге бөлініп, жұмыстары толық аяқталған. Атап айтар болсақ, Бірлік ауылы, Биназар каналының бас бөлігін байлау жұмыстары үшін – 5,5 миллион теңге, Назарбек ауылындағы «Байбарақ» каналдың бас бөлігін байлау жұмыстарына – 6,8 миллион теңге, Көкжелек каналын байлау жұмыстарына – 5 миллион теңге, Жамбыл ауылындағы «Алайғыр» каналын байлау үшін – 1,5 миллион, Қызылотау ауылындағы Шу өзенін байлау үшін – 2,4 миллион, Мойынқұм ауылындағы «Ақиық» тоғанын байлау үшін – 2,4 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Ал тоғандарды механикалық тазалау жұмыстары үшін 23,1 миллион теңге бөлініп, мұндағы жұмыстар да аяқталған.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Құмөзек» тоғанының 5 километрін тазалауға – 4,2, «Күшаман» тоғанына – 8,5, «Бірлік-1», «Бірлік-2» тоғандарын тазалауға – 5,9, «Богдан» тоғанына – 2,3, «Алайғыр» тоғанын тазалауға – 1,7 миллион теңге жұмысалған. Бөгет жасау және оларды күшейту жұмыстарына 9,5 миллион теңге бөлініп, Қарабөгет ауылындағы каналдың бас бөлігіне Шу өзеніне бөгет жасау және Қылышбай ауылындағы тоғанның жағасын нығайту жұмыстары аяқталса, «Радай» және «Шу» өзені жағасын нығайту жұмысы осы жылдың қыркүйек-қазан айларында жүргізілуі жоспарланған. Қарабөгет ауылындағы каналдың бас бөлігіне Шу өзеніне бөгет жасау үшін – 3,7, «Радай» және «Шу» өзені жағасын нығайтуға – 4,7, Қылышбай ауылындағы тоғанның жағасын нығайтуға – 1,5 миллион теңге жұмсалған.

Гидро қондырғыларды қалпына келтіру жұмыстары үшін 19,1 миллион теңге қарастырылып, жұмыстары аяқталып отыр. Бұл қаржының 2,8 миллион теңгесі Жамбыл ауылына қарасты «Алайғыр» тоғанында шлюз орнатуға жұмсалса, Жамбыл ауылдық округіндегі шлюзін қалпына келтіру үшін – 8,4, Қылышбай ауылдық округіндегі шлюзін қалпына келтіру үшін – 7,9 миллион теңгенің жұмысы атқарылған.

Жалпы аудандағы 22 каналдың 10-ы облыстық «ҚазСушар» РМК мекемесіне тиесілі. Қазіргі уақытта «ҚазСушар» мекемесінің теңгеріміндегі 6 каналды бетондау аясында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл құжаттар сараптамадан өтіп, қаржы бөлінген жағдайда «Сану», «Коминтерн», «Оңғарбай», «Көкжелек», «Байбарақ» және «Күшаман» каналдарына қайта су түсіп, арналардың тамырына қан жүгіреді деген сенім бар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар