Университет құрылымындағы Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы – осы дәстүрдің жарқын жалғасы. Кафедра болашақ психологтарды тек кәсіби біліммен емес, адам жанын түсіне білетін рухани кемел маман ретінде тәрбиелеуді мақсат тұтады. Мұнда студенттер психологияның түрлі бағыттарын меңгеріп, ғылыми зерттеу жүргізуді, кеңес беруді, заманауи психологиялық әдістерді қолдануды үйренеді.
Кафедраның басты ұстанымы – студенттің тұлғалық және кәсіби тұрғыда толық қалыптасуын қамтамасыз ету. Себебі қазіргі қоғамда психолог маманы – тек кеңесші ғана емес, адам мен қоғам арасындағы үйлесімді байланыстыратын рухани дәнекер. Эмпатия – адамның ішкі әлемінде жүретін ерекше психологиялық үдеріс. Ол тек сезім емес, ойлау, түйсіну және әрекет ету механизмдерінің бірлігін қамтитын көпқырлы құбылыс.
Психология пәнінен дәріс беретін Гүлнұр Нұрсайынқызының жетекшілігімен біз бұл тақырыпты тереңінен зерттедік. Әр дәріс сайын эмпатияның адам өміріндегі шешуші рөлін сезініп, оның тұлғалық дамуға және кәсіби этикаға тікелей әсер ететінін түсіндік. Сабақтарда қарапайым мысалдардың өзінен эмпатияның күшін байқадық.
Кейде біреудің жағдайына терең үңіле білу – мәселенің шешімін табуға, ал кішкентай түсіністік – үлкен сенімге жол ашатынын ұғындық. Топтағы студенттер өз ойларын ашық айтып, өмірден мысал келтірді. Бір-бірін тыңдай білу, түсіну, сезіну – нағыз адамдық қасиет екенін сездік.
Бұл сәттерде біз Карл Роджерстің әйгілі сөзін еске алдық:
«Шынайы эмпатия – басқа адамды оның өз әлемінде түсіне білу».
Бұл қағида бізге тек психологиялық теория емес, өмірлік ұстанымға айналды. XXI ғасыр – адамзат өркениетінің ең күрделі кезеңі. Технология, жасанды интеллект, жаһандану… бәрі адам өмірін жеңілдетіп жатқандай көрінгенімен, ішкі әлемнің тереңінде түсінбеушілік, жалғыздық және эмоционалдық шаршау күшейіп келеді. Міне, осындай заманда адамды «адам» ететін басты қасиет – эмпатия, яғни өзгенің жанын түсіне білу қабілеті.
Психологияда эмпатия эмоционалды интеллекттің (EQ) өзегі саналады. Егер IQ адамның логикалық және аналитикалық қабілетін сипаттаса, EQ – оның жүрекпен сезіну, өз мінезін басқару және өзгелермен үйлесімді әрекет ету мүмкіндігін көрсетеді. Бүгінде табысты тұлға – тек білімді немесе технологияны меңгерген адам емес, сонымен қатар өзгені түсінуге және сезіне білуге қабілетті тұлға. Мұғалім мен студенттің, дәрігер мен науқастың, саясаткер мен қоғамның арасындағы сенімді байланыс – дәл осы эмпатияның нәтижесі. Мысалы, медициналық тәжірибелер көрсеткендей, пациентке эмпатиялық көзқарас танытқан дәрігер оның жазылу процесін жылдамдатады.
Эмпатия кезінде адам ағзасында «сенім гормондары» – окситоцин мен серотонин бөлініп, иммундық жүйе белсендірек жұмыс істей бастайды. Демек, эмпатия тек рухани емес, биологиялық деңгейде де сауығу мен дамуға ықпал етеді. Осылайша, эмпатия – адамның нәзік әрі қуатты қабілеттерінің бірі. Ол адам мен қоғам арасындағы көрінбейтін байланыс жібін ұстап тұрады, адамдарды өзара түсіністік пен сыйластыққа жетелейді. Біз өз ойымызды түйіндей келе мынаны атап өткіміз келеді: XXI ғасырда білім мен интеллект қаншалықты дамығанымен, ең маңыздысы – адамгершілік сезімін жоғалтпау. Э
мпатия – рухани жетілудің көрінісі, әлеуметтік үйлесімділіктің іргетасы және адамзат өркениетінің болашағын айқындайтын басты фактор. Технологиялар бізді байланыстыра алады, бірақ тек эмпатия ғана бізді бір-бірімізді түсіне білетін, жүрегімен қабылдай алатын шын мәніндегі қауымдастыққа айналдырады. Осы құндылықты дәріптеу – студенттің өмірлік ұстанымы болуы тиіс.
Гүлнұр БОРБАСОВА
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD, доцент міндетін атқарушы,
Нұрай БАЛАБЕК
«Медицина және денсаулық сақтау» факультетінің студенті
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




