«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батылдық пен мейірімділік сабағы

Батылдық пен мейірімділік сабағы
Автор
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» «Сардар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне Тараз қалалық әскери госпиталінің дәрігерлері ерекше және маңызды сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар әскери дәрігер мамандығымен танысып қана қоймай, алғашқы практикалық кеңес алды.

Госпиталь бастығының медициналық бөлім бойынша орынбасары, медицина қызметінің майоры Ернар Садықов, әскери емханасының бастығы, медицина қызметінің майоры Абдулла Сәуленбеков, сондай-ақ әскери психолог, аға лейтенант Бақтыкүл Әжіханова секілді мамандар әскери салада медициналық және психологиялық көмек көрсетудің қыр-сырын айтты.

Сабақта оқушылар үйреншікті дәптерлердің орнына шиналар, таңғыш сөмкелер мен қан тоқтатқыш құралдарды қолдарына алып, тамашалады, сосын соларды қолдана отырып жұмыс істеді. Теориялық дәрістердің орнына – байыпты мектептен өткен мамандардың жетекшілігімен адам өмірін құтқарудың дағдыларын үйренді. Офицерлер мектеп оқушыларына қан кетуді қалай дұрыс тоқтату керектігін, сплинт қоюды және жасанды тыныс алуды қалай жүзеге асыру қажеттігін түсіндірді. Жауынгердің өмірін сақтап қалуда, көрсетілер іс-әрекеттің жылдамдығы мен дұрыстығы маңызды рөл атқаратындығын ұғындырды.

– Ұрыс даласындағы әскери дәрігерлердің басты міндеті – әбіржуге бой алдырмай, жағдайды тез бағалап болғасын жараланған адамның жағдайын тұрақтандыру үшін қажет нәрсенің барлығын жылдам қабылдау, – деді майор Ернар Садықов.

– Сабаққа қатысқан барлық балалар әскери-патриоттық клубтың бұрыннан келе жатқан мүшесі екенін атап өту маңызды. Олар клубқа бір кездері өз қалаулары бойынша келіп, өз еріктерімен жазылғандар. Сондықтан олардың әскери іске деген қызығушылығы салмақты әрі жоғары деуге келеді. Ал әскери дәрігерлердің практикалық сабағы олар үшін өте пайдалы болды десем, қателеспеймін, – дейді мектептің әскери басшысы Ғани Аденов.

Жігіттерді дәрістің шынымен қызықтырғандығы соншалық, олар шиналарды киюге, таңуға немесе қысымды өлшеуге машықтану үшін бірінен соң бірі кезекке тұруға таласты. «Сардар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерінің айтуынша, алынған тәжірибе көптеген оқушыларға мамандық таңдау туралы өз ойларын өзгертулеріне әсер етті. Кейбір оқушылар мектепті бітіргеннен кейін медициналық университетке түсуді немесе әскери дәрігер ретінде мансап таңдауды қарастыратындықтарын жоққа шығармады. «Бұл сабақ бізге үлкен әсер қалдырды!» деп екеуі бірден қосыла дауыстаған 12-сынып оқушылары Нұртас Шабденов пен Сапарбек Дінмұхамед өз эмоцияларымен қуана бөлісті.

– Біз мұндай сабақтардың жиі өткізілгенін қалаймыз. Бір қызығы, біз әскери дәрігер мамандығын болашақтағы таңдауымыз ретінде қарастыруды қазірдің өзінде ойға алып қойдық. Мектеп пен әскери госпиталь басшылығының өкілдері іс-шараның сәтті өткеніне жігерленіп, осындай практикалық сабақтарды тұрақты өткізіп тұруға келісті. «Сардар» әскери-патриоттық клубы осы бағытта көптеген жылдар бойы белсенді жұмыс жүргізіп келеді және оның тәрбиеленушілері мұндай іс-шараларға әрқашан үлкен ынтамен қатысатындығымен ерекшеленеді.

– Бізде бір кездері әскери медицинаға біреудің өмірбаянына таңдана қарағасын және мамандық таңдауда осы саладағыларға еліктегесін келдік. Сондықтан біз бүгін әскери іске де, медицинаға да қызығушылық танытып отырған мына жігіттерге үлгі болуға тиіспіз. Біздің тығыз ынтымақтастығымыз оқушылардың алдынан жаңа көкжиектерді ашуға көмектеседі және патриоттарды ғана емес, денсаулық пен өмірдің әлеуетті қорғаушыларын да тәрбиелеуге септеседі, – дейді әскери емхананың бастығы, медицина қызметінің майоры Абдулла Сәуленбеков.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар