«Инсультті емдеудегі және алдын алудағы тамырлық нейрохирургия» тақырыбында өткен конференцияға Алматы облысының штаттан тыс бас тамырлық нейрохирургы, Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың тамырлық нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Рауан Қастей мен аталған аурухананың нейрохирургы Асылбек Сенгербеков қатысты.
Сонымен қатар, оқыту семинарына облысымыздың барлық аудандарынан неврологтар мен рентгенологтар шақырылды. Іс-шара барысында қатысушылар инсульттің алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, олар өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының жағдайында қолдануға болатын жаңа практикалық білім алды.
– Шеберлік сыныбының мақсаты – заманауи операциялық тәсілдерді көрсету ғана емес, инсульттің тиімді профилактикасы бойынша тәжірибе бөлісу. Бұл өз кезегінде өңірлік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді нейрохирург Рауан Қастей.
Бағдарламаның негізгі бөлігін Рауан Қастейдің жетекшілігіндегі шеберлік сабағы қамтыды. Шеберлік сабақтың аясында бес көрсетілімдік операция жоспарланған. Солардың екеуі Рауан Қастейдің тікелей қатысуымен, нейрохирург, нейроинтервенциялық хирург, ми тамыр патологиясы бойынша жетекші маман, рентгенэндоваскулярлық араласу дәрігері Еркебұлан Меркібековтің ассистенциясымен жасалды.
Айта кету керек, бұл операциялар қазіргі тамырлық нейрохирургия мен рентгенэндоваскулярлық технологиялардың мүмкіндіктерін айқын көрсетті. Операциялар кезінде аса күрделі клиникалық жағдайлар қарастырылды. Нақтырақ айтсақ, бірінші пациент сол жақ омыртқа артериясының V1–V2 сегментінің критикалық стенозы диагнозымен үш рет инсульт алған. Қайталама инсульттің алдын алу мақсатында зақымданған артерияға стент қойылды.
Рентгендік кескіндерде операцияға дейінгі және кейінгі қан ағымының айқын айырмашылығы көрсетілді. Қан айналымы қалпына келтірілді, жедел ишемия қаупі жойылды. Ал екінші пациент инсульт және миға массивті қан құйылумен ауруханаға түскен.
Бұл жағдай кешенді тәсілді, қан кету көзін мұқият визуализациялауды және ем тактикасын дұрыс таңдауды талап етті. Үшінші пациентте ми артерияларының көптік стенозы болған, бұрын инсульт алған. Диагностика нәтижелері бойынша оған жеке емдеу жоспары жасалды.
Артериовеноздық мальформациясы (АВМ) бар пациенттің сырқаты сирек әрі қауіпті патология болып саналады. Науқасқа кезең-кезеңімен жоспарлы эмболизация жүргізілуде. Операциядан кейін келесі кезеңі өткізілді, мальформацияны қоректендіретін тамырларды эндоваскулярлық жолмен окклюзиялау, яғни блоктау арқылы патологиялық қан ағымын тоқтату немесе азайту көзделді. Мұндай операциялар қан құйылу қаупін едәуір төмендетіп, неврологиялық симптомдарды жеңілдетеді.
Бесінші пациент ауруханаға ұйқы артериясының толық окклюзиясымен түскен. Қиындық жоғары тромбоз дәрежесі мен зақымданған аймаққа шектеулі қолжетімділікте болды. Оған өте күрделі нейрохирургиялық операция жасалды, яғни экстра-интракраниалдық микроанастомоз жүргізілді. Онда қан айналымына жаңа айналма жол пациенттің өз тамырларының көмегімен, микроскоп астында құрылады.
Мұндай араласулар тек жоғары мамандандырылған клиникаларда жасалады және хирургтан жоғары біліктілікті талап етеді. Ғылыми-тәжірибелік конференция өңірлік мамандардың біліктілігін арттыруға үлкен септігін тигізді. Сонымен қатар облыста нейрохирургиялық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге жасалған маңызды қадам болды.
Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, бағдарламаның мазмұндылығын айтып, клиникалық үдерістің тікелей бөлігі болу мүмкіндігін атап өтті. Осындай бастамалардың арқасында медициналық көмектің сапасы артып, кәсіби ынтымақтастық нығаятыны және заманауи емдеу әдістері енгізілетіні анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




