«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Орталыққа заманауи аппарат алынды

Орталыққа заманауи аппарат алынды
Автор
Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында иммуногистохимиялық (ИГХ) талдауға арналған заманауи аппарат іске қосылды. Ventana BenchMark GX атты жоғары технологиялы автоматтандырылған жүйе ісік тіндеріндегі ақуыз маркерлерін дәл әрі қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай маркерлерді анықтау — жекелей ем тағайындауда, әсіресе нысаналы, яғни таргетті және иммунотерапияны дұрыс таңдау үшін аса маңызды.

Иммуногистохимиялық зерттеу диагнозды нақтылау қажет болғанда, гистологиялық талдау біржақты нәтиже бермеген жағдайда, жаңа өскін түрі мен метастаздың алғашқы ошағын анықтау үшін қолданылады. Сонымен қатар, бұл әдіс ісіктің қаншалықты қатерлі екенін, өсу қарқыны мен таралу ықтималдығын бағалауға, сондайақ гормондық, химиялық немесе сәулелік терапияға сезімталдығын анықтауға көмектеседі. Бұл ең тиімді емдеу тәсілін таңдауға жол ашады.

– Зерттеу үдерісінің толық автоматтандырылуы материал дайындаудан бастап бояуға дейін, адам факторынан туындайтын қателіктерді азайтып, нәтижелерді алу уақытын едәуір қысқартуға сеп болады. Бұрын гистологиялық талдау үшін үлгілерді Алматыға немесе «Олимп» зертханасына жіберуге тура келетін. Нәтижелердің шығуы кейде бір айға дейін күттіретін. Енді қажет ақпаратты 3-5 күн ішінде аламыз. Бұл емдеуді дер кезінде бастап, науқастың сауығу мүмкіндігін арттырады. Иммуногистохимия нақты жағдайда қай дәрі-дәрмек тиімді болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда орталықта бұл аппараттың көмегімен сүт безі мен асқазан ісіктері зерттелуде. Бұл үшін төрт негізгі маркер, яғни эстроген және прогестерон рецепторлары, HER2/neu және Ki67 қолданылады. Осы көрсеткіштер дәрігерге ісіктің гормонға сезімталдығын, агрессивтілігін және нақты емге реакция беру мүмкіндігін бағалауға жағдай жасайды. Нәтижесінде әр науқасқа жеке, барынша тиімді және ағзаға жеңіл емдеу тактикасын таңдауға жол ашылады, – дейді орталықтың директоры Жандос Сейдахметов.

Орталықтың патоморфологдәрігері, көпжылдық тәжірибесі бар зертхана меңгерушісі Марина Катышева бұл аппараттың сатып алынуын онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі үлкен серпіліс деп бағалады.

Бұған дейін мұндай зерттеулер өңірде қолжетімсіз еді, енді орталықтың өзінде жүзеге асырылатын болады. Жаңа технологияның енгізілуі – орталық қолға алған пилоттық жобаның бастамасы. Алдағы уақытта зерттеу аясын кеңейтіп, лимфома және өзге де ісік түрлерін диагностикалау жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдықтар дер кезінде әрі дәл диагноз қоюға, емдеу болжамдарын жақсартуға және науқастардың өмір сапасын арттыруға зор көмегін тигізеді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар