«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кадр тапшылығын шешуде кешенді шаралар қабылдануда

Кадр тапшылығын шешуде кешенді шаралар қабылдануда
Автор
Елімізде дәрігер мамандықтарының тапшылығы жиі айтылып жүр. Мұндай мәселе біздің облыста да бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін кешенді іс-шаралар қолға алынып отыр. Оның дәлелі ретінде жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді мамандарды даярлауға арналған гранттар жыл сайын бөлінетінін айтуға болады.

Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2019-2024 жылдар аралығында резидентураға барлығы 157 грант қарастырылған. Ал 2025-2026 оқу жылына еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, тағы 31 грант бөлініпті.

– Қазіргі таңда 62 дәрігер резидентураны тәмамдап, өңірлік медициналық мекемелерде кемінде 5 жыл еңбек ету міндеттемесімен жұмысқа орналасты. Сонымен бірге 84 жас маман резидентурада оқып жатыр, 11 резидент әлеуметтік демалыста. Медицина қызметкерлерін тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда. Биыл 41 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 367,3 миллион теңгеге дейін бюджеттік несие беруге, 129 маманға жалпы сомасы 47,6 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеуге қаржы бөлінді. Өткен жылғы 24 сәуірде облыстық мәслихаттың шешімімен біржолғы әлеуметтік қолдау мөлшері жаңартылғанын да атап өткен жөн. Анығырақ айтсақ, ауылдық елді мекендерге, кенттерге, моноқалаларға және аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандарға – 8,5 миллион теңге, осы өңірлерге барған өзге мамандарға – 1,2 миллион теңге, Тараз қаласына келген мамандарға – 800 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктер де қосымша қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Бірқатар ауданда коммуналдық қызмет, отын, су және көмір шығындарын өтеу үшін 5 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Талас ауданында жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар. Қордай ауданында бірінші жұмыс жылында жалдамалы пәтер ақысы өтеледі. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың өзара үйлесуі облысымызда медициналық кадр тапшылығын жүйелі шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шаралар өңір тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтуға жол ашады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева.

Айта кетейік, әлеуметтік қолдауларға ие болған маман барған елді мекенінде 5 жыл қызмет етуге міндетті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар