«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек адамы – ел мақтанышы

Еңбек адамы – ел мақтанышы
Автор
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Жамбыл облысы оқуағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Еңбек адамы – ел мақтанышы!» атты облыстық форум өтті. Оған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы, Amanat партиясының өңірлік филиалының төрағасы, білім қызметкерлері кәсіподағының ардагерлері, мұғалімдер мен осы салада еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары қатысты.

Форум Қазақстан Ре спубликасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің тікелей эфир арқылы байланысқа қосылған құттықтауымен ашылды. Осыдан кейін жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков баяндама жасады.

Ерұлан Сәбенұлының айтуынша, бүгінгі күні «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша 813 бастауыш ұйымға біріккен 65 мыңнан астам мүшесі бар. Кәсіподақтың құқықтық қызметінің заңгерлері 2023 жылдан бері 28 мың құқықтық қызмет көрсеткен.

Құқықтық инспекторлармен білім мекемелері мен ұйымдарында 1399 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 4138 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелеріне 2206 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 24920 құрады. Осы мерзімде кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 34 материал дайындалып, 48 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік камтамасыз етілді.

Белсенді құқықтық іс-әрекет нәтижесінде аталған кезеңде 5 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылды, 16 қызметкерді жұмыстан босатуға жол берілмеді. 2015 жылдан бастап кәсіподақта құқықтық қызметтердің экономикалық тиімділігі деп аталатын арнайы бағалау жүйесі тәжірибеге енгізілген.

Бұл жүйе сала өкілдеріне кәсіподақтың құқық қорғау жұмыстары нәтижесінде қайтарылған немесе сақталып қалған қаржы мөлшерінің жиынтығын көрсетеді. Осы орайда, кәсіподақтың құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2023 жылдан бері 1 миллиард 520 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға қол жеткізілген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланып, еңбек адамына деген құрмет күн санап артуда. Бүгінгі іс-шарамыз да осы еңбек адамдары мен ұстаздарға арналып отыр. Кәсіподақ еңбек адамының құқығын қорғап, оның беделін арттырып отырған қоғамдық ұйым. Еліміздегі 120 жылдық тарихы бар кәсіподақтар күнінің мұғалімдер күнімен қатар келуі – тамаша үндестік. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз арқылы елдің еңсесі көтеріледі, ұлттың рухы биіктейді. Баршаңызға мықты денсаулық, әріптестікте табыс пен татулық тілеймін, – дей келіп, Ерұлан Сәбенұлы сала үздіктерін «Кәсіподақ ардагері», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі, қазақстандық салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын еңбек ардагерлері, педагогтер, колледж оқытушылары, мектептердің қарапайым еңбек адамдарына салтанатты жағдайда тапсырды.

Бұл еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі болды.

Форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған жергілікті кәсіподақтың Меркі аудандық филиалының төрағасы Мадина Асанжанова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленген Тараз қаласындағы «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Мұхтар Талқанбаевқа арнайы құрмет көрсетіліп, олардың еңбектері әріптестері тарапынан жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ форум аясында кәсіподақ мүшелерін Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Бахтияр Қараулов құттықтап, еңбек озаттарын марапаттады.

Осыдан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршабеков еңбек адамдарына деген ізгі тілегін жеткізіп, биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған «Өз мамандығының үздігі» республикалық байқауында үздік деп танылған Жамбыл ауданы Төле би атындағы орта мектептің жұмысшысы Болатбек Жақыпбеков, №9 Меркі колледжінің «Дәнекерлеу ісі» мамандығының арнайы пән оқытушысы Жазира Мадибаева және Т. Рысқұлов ауданы Болтай батыр атындағы орта мектебінің электригі Марат Нұрбаевты марапаттады.

Іс-шара аясында Жамбыл ауданы М. Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы мен мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс ісшараларды өткізетін облыстық орталық оқушыларының орындауында ән әуелеп, күй күмбірлеп форумның ажарын аша түсті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар