(Б. Сәтжанқызына)
Жаны сұлу, періштедей пейілі,
Ұмайға ұқсас күндей ыстық мейірі.
Базаркүлді бақ - дәулетке жеткізді,
Ұлт дәстүрін ұлықтаған зейіні.
Шәкірт үшін сен ұстазсың, данасың,
Үйде – әйел, жеті ұл-қызға анасың.
Саған мәңгі махаббатын сыйлаған,
Жан-жарыңның қас қабағын бағасың.
Жолықса да қиыншылық мың батпан,
Сен емессің, сабырыңды ұрлатқан.
Азу тісін батырса да тіршілік,
Дуалы аузың қайсарлықпен үн қатқан.
Жүрегіңнен жасампаздық байқаған,
Жастық шақтың бал қаймағын шайқаған.
Жарты құртты бөліп жеген достарың,
Өзің жайлы айтады аңыз, айтады ән.
Қатал уақыт көрсеткен жоқ еркелік,
Қаяу салған бұлтты күндер жетерлік.
«Тәуба!» – дейді батыр ана күн сайын,
Он бес бірдей немересін көтеріп.
Пер зенттерің шуақ шашқан шырақтай,
Келе жатыр арман туын құлатпай.
«Ата» дейді, «Әже» дейді сендерді,
Нұрсұлтан мен Мәди – мөлдір бұлақтай.
Адалдықтың әспеттеген зор мәнін,
Аман болсын Майлыбайың – қорғаның.
Ата жолын қуып өссін, Базаркүл,
Артыңдағы үрім-бұтақ, орманың!..
Алғыс
Тарпаң мінез, тауда өскен тарланым,
Тұқымы асыл көкжал бөрі арланым.
Түпсіз теңіз тұңғиығы секілді,
Тағдырымның ұмыттырдың зарлы әнін.
Үкілі үміт шуақ шашып ойыма,
Қуат берді қауқары жоқ бойыма.
Ізгіліктен күдер үзген жан едім,
Сенім туын ұстатқызды қолыма.
Сенің арқаң шапағатқа бөленсем,
Сенің арқаң жұрт көзіне еленсем.
Санамдағы қатқан мұзды ерттің,
Сондықтан да артық айтты деме сен!
Жүрегімді ауыртпайды дүлей мұң,
Шошытпайды баяғыдай үрей мың.
Мені қатты қуандырған баланың,
Бағы жансын! Алладан шын тілеймін!
Алғыс жауған сауапты істен сарай сап,
Армандаған таңың атсын арайлап.
Қайда барсаң қадамыңа гүл бітіп,
Қызғалдақтай құлпырсыншы бар аймақ!
Әйгерім
(Ә. Сәттібаеваға)
Тас шайнап, мұз бүркетіп мықтылары,
20 елден шаршы алаңға шықты бәрі.
Жеңісті жұлып алар қас –қағымда,
Дәл тисе ауыр, жойқын соққылары.
Қаһарлы қабыландай айқасады,
Кім мықты екенін жұрт байқасады.
Әлемдік чемпиондар жарысында,
Жан алып, жан берісіп шайқасады.
Басталар жүлде үшін тартыс, талас,
Қас жаудай бірін-бірі еш аямас.
Елінің абыройы намысы үшін,
Жарқ етер найзағайдай қарап қалмас.
Көрсетіп күштілігін, ептілігін,
Кеудеме қуаныштың еті гүлін.
Айналдым Әйгерімнен сын сағатта,
Танытқан топты жарып тектілігін.
Қуантты асыл жарын, балаларын,
Қуантты ата-енесін – даналарын.
Қуантты Алтай – Арқа арасында,
Тілеулес спорт сүйер ағаларын.
Аңғартты талантының тереңдігін,
Қазақтың қыздарының ерендігін.
Мемлекет қоржынына алтын салып,
Сыйлады жұртқа шабыт, шеберлігін.
Теңесем жарасады ай мен күнге,
Олжастай батыр екен Әйгерім де.
Алты Алаш риза болып қолын соқты,
Чемпион күйеуіне сай келінге !!!
Шырын МАМАСЕРІКОВА
ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы,
Меркі ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері. Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




