«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қор жұмысына риза болдым»

«Қор жұмысына риза болдым»
Автор
Уақытында қазақтың арда ұлы – Дінмұхамед Қонаевтың жанында он жылдай жүрген генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Таразда болып, осындағы Д.Қонаев атындағы облыстық қордың ғимаратында зиялы қауыммен кездесті. Бүгінде облыс орталығында волейболдан республикалық жарыс өтіп жатыр. Осы жарысқа «Буравестник» командасын ала келген Аманкелді Смағұлұлының қорға арнайы бас сұғуы да кездейсоқтық емес. Өйткені, ұлт тұлғасының жанында ұзақ жүрген азаматтың айтары да бар.

Көзі қарақты оқырман Амангелді Шабдарбаевпен кездесулерде және «Менің таңдауым» атты кітабымен танысу барысында Дінмұхамед Қонаев туралы көптеген мәліметтер мен деректерге қаныққаны белгілі. Әрине, заман ағымына қарай айтылатын да, үндемей қалатын да дүниелер баршылық.

– Дінмұхамед аға өте қарапайым кісі болған. Ол кісінің жақсылығы мен шарапаты тиген азаматтар әлі күнге дейін әңгімелерін аңыз етіп айтады. Бұл шартты дүние. Өйткені, ондай дүниелер айтылады, айтылуы керек те. Сондай биікте жүрсе де халқынан кіші екенін ұмытпаған тұлғаның қарапайым өмірдегі болмысы да ерекше еді. Ол кісі туралы қаншама еңбектер жазылды. Енді ғылыми еңбектері мен шығармаларын жинақтап картотекалық дүние жасау керек. Бұл әрине, ғалымдардың еншісіндегі дүние. Және ол дүниелердің жинақталуына ешкім бейтарап қарап қалмай, қолдан келгенше демеу болатыны анық. Бүгін қордың жұмысымен танысып, риза болып отырмын. Қор ғимараты Қонаев көшесінің бойында, жанында еңселі ескерткіші тұр, қала берді Д.Қонаев атындағы облыстық жасөспірімдер және ба ла лар кіт апханасы да осында – бәрі бір үйлесім тауып тұр екен. Мұнда келушілердің де қарасы қалың. Президент ҚасымЖомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект үрдісін күнделікті өмірге енгізу дәстүрін айтты. Қазір ІТ технологиясын игерген жастар көп. Солардың біліктілігі мен білімін пайдалана отырып, осындағы ескі суреттер мен бейне жазбаларды жаңартса құба-құп болар еді. Бұл көріністер осында келушілерге де ерекше әсер етер еді, – деді Амангелді Смағұлұлы.

Басқосуда соңғы жылдары қорда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған қор төрағасы Қибат Асқарбеков көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен оның еңбектерін насихаттауда жаңаша бағытта қарқын алған жаңалықтарын баяндады.

– Дінмұхамед Қонаев 1992 жылы Талас ауданында болған кезде Бөлтірік Әлменұлының басына барып құран оқып, шешеннің кесенесін қайда салу керектігін көрсетіп кеткен еді. Міне, сол кесененің бой көтергеніне отыз жылға жақындап қалыпты. Қазір арнайы мамандармен осы кесенеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқылануда, – деген Қибат Асқарбеков өзге де мәселелерді ортаға салды.

Аменгелді Шабдарбеков әзірге күрделі жұмыстарын жүргізу бойынша қандай шаралар атқарылуы керектігін меценат, белгілі кәсіпкер Әлімбек Жұмабаевқа тапсырды. Сондай-ақ жиында еңбек ардагері Жапарбек Күздеубаев, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы өз ұсыныстарын айтты.

«AULIEATA MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалы аймақтағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіріп отырған медиахолдинг құрамындағы «Aq joi», «Ar-ai» газеттері мен «Tekturmas» журналының соңғы нөмірлерін табыстап, қор жұмысын насихаттап отырған басылымдар туралы айтып өтті.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар