«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алтын бағасы тағы өсті

Алтын бағасы тағы өсті
Автор
Қымбатшылық жағадан алып тұрғанда алтынның құны шарықтап кетті. «Ақша салсаң, алтынға сал» деген кеңесті жадында ұстағандар бұл жолы да ұтылмады. Қазан айының басында алтын бағасы тағы бір рекорд орнатып, алғаш рет 1 унциясы 2400 доллардан асты. Қазақстан нарығында бағалы металдың ресми құны жаңа рекорд орнатып, бір грамы 66 мың теңгеден асып кетті.

Нью-Йорк Comex биржасында маусым айындағы алтын келісімшарттарының бағасы бір унция үшін 1,7 пайызға өсті. Осылайша құнды металл бағасы 2 413,9 долларды құрады. Нақтырақ айтқанда жыл басынан бері алтын 14 пайызға қымбаттады. «Бағалы металға Федералдық резервтің пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне қатысты болжамдар ықпал етті. Сонымен қатар жоғары геосаяси тәуекелдер және орталық банктер тарапынан сұраныстың артуы себеп болды», – деп хабарлайды MarketWatch. «Келесі аптада АҚШ-та тиісті деректер жарияланады. Алайда алтынның айтарлықтай қысымға ұшырауы екіталай», – деп жазды Commerzbank тауарды зерттеу бөлімінің басшысы Ту Лан Нгуен.

2023 жылдың желтоқсан айында металл шамамен 16 пайызға қымбаттады. Бұндай өсімге Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың басталуы себеп болды. Сарапшылар 2024 жылдың күзіне қарай алтын мен күміс бағасы одан әрі қымбаттап, унциясын 2200 долларда асуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Алайда алтын сарапшылар болжамынан да жылдам қымбаттап барады. 2024 жылдың басынан бері алтынның құны 6 мәрте өскен. Алтынның қымбаттауына инвесторлар, өндіріс секторы тарапынан сұраныстың артуы себеп.

Айта кетейік, халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 7,4 тонна 199235 алтын құйма сатылды. Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Нарықта алтын бағасы қалай есептеледі? Соған тоқталайық. Асыл бұйымның бағасы екі факторға қарай қалыптасады.

Біріншіден, Лондон нарығындағы алтынның халықаралық бағасы, екіншіден теңгенің долларға шаққандағы бағамы ескеріледі. Біз мұны Ұлттық банк сайтынан көре аламыз. Ол жерде күн сайын 1 грамм алтынның теңгедегі құны жарияланып тұрады. Ал енді алтынның бағасы неге тәуелді? Соған мән берейік. Маңыз беретін нәрсе, әрине, оның сынамасы. Мысалы, 999-дық сынама – таза алтын деген сөз. 375-тік сынама – құрамында басқа металдар көп деген сөз.

Жалпы, алтын бағасы тек сынамасына ғана емес, дизайны мен брендіне де тәуелді. Алтынды үш түрлі құралмен алуға болады. Алтын құймалар, алтыннан жасалған инвестициялық монеталар. Шығарушысы – Ұлттық банк, Kazcoins Mobile қосымшасы немесе Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Және цифрлық алтын (Gold Coin) Цифрлы алтын дегеніміз не? Бұл сөзді арамызда бірінші рет естіп отырғандар да бар. Цифрлы алтын – бұл онлайн түрде сатып алуға және сатуға болатын инвестициялық құрал. Ұлттық банктің Gold Coin жобасымен бекітілген. Оны TABYS мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Мысалы, 1 Gold Coin = 1 трой унцияға тең. Ол шамамен 1,55 – грамм алтын.

Бүгінгі бағамен есептесек, 105 347 теңгеге шығады. Осы Gold Coin-ның 20 данасын жинай алсаңыз, заттай алтын монетаға ауыстырып алуға да болады. Цифрлы алтынның артықшылығына келер болсақ, тез сатып алып, қалаған уақытта сата аласыз. Комиссия жоқ – Ұлттық банк қосымшада ешқандай комиссия ұстамайды. Заттай алтын ұстағыңыз келсе, құйма сатып алған дұрыс. Ал ыңғайлылығы мен жылдамдығы жағынан цифрлық Gold Coin тиімді. Есіңізде болсын, алтын да бағасы құбылып тұратын инвестқұрал. Барлық жағдайда ақылға салып жұмыс істеуге тырысыңыз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар