Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект енгізуді мақсат тұтқан денсаулық сақтау саласында қарапайым шешілмеген шаруалар шаш етектен.
– Жасанды интеллект заман талабы екені түсінікті. Мұны медицинаға енгізудің түпкі мақсаты саланы жаңғыртып, азаматтардың өмірін ұзартуға бағытталған бастама болса керек. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы үш жылдықтың бюджетін әкелгенде, жасанды интеллект пен телемедицинаны дамыту үшін 2026 жылға 500 миллион теңге қарастырғанын да көріп, білдік. Алайда мәселе онымен шешіле қалмайды. Неге екеніне тоқталып өтейін, – деген Нартай Аралбайұлы бұл бағыттағы мәселелерді атады.
Біріншіден, еліміздегі медициналық ұйымдардың бірқатарында қарапайым интернеттің жоқтығына тоқталған депутат қағаз жүзінде ғаламторға қосылды деп сым тартылған елді мекендерде орналасқан емханалардағы интернет табанына тас байлап алғандай алға жылжымайтынын айтты.
Жүйеге құжат жүктеп болғанша оны тиісті жерге апарып, қолмен тапсырғаның тез болатынын жеткізді. Мұндай жағдайды өзіміз де денсаулығымыз сыр бергенде, емханаға барғанда көріп жүрміз. Кейде медицина қызметкерлері «база ашпай тұр, күте тұрыңыз» деп, біраз уақытты күтумен өткізетініміз рас.
– Мұншалықты нашар ғаламтор желісі ауылдар мен шалғай аудандарда анықталды. Сәйкесінше денсаулық саласына жасанды интеллектіні енгізген күннің өзінде орталықтан шалғайда тұратын шекаралық елді мекендерде мекен ететін ағайын қашанғыдай игіліктен құр қалайын деп тұр. Ал алыстағы азаматтығымызды аман алып қалу үшін телемедицина мен жасанды интеллектіні қолданамыз десек, алдымен Қазақстанның түкпір-түкпірін сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажет. Оған ведомствоаралық бірлік пен біріккен қадамдар қажет. Себебі қазіргідей бюджет тапшылығы кезінде елдің барлық аумағына сапалы интернет тартуға қаржы бөліне ме? Бұл үлкен сұрақ, – дейді депутат Нартай Сәрсенғалиев. Осы сұраққа біз өз облысымыздағы жағдайға қарай жауап іздеп көрдік. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық дамыту сақтауды орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалынан сұрадық. Филиалдың берген мәліметінше, облыста денсаулық сақтау ұйымдарында интернет жылдамдығы орта есеппен секундына 50-60 мегабитті құрайды. Ал шалғай аудандардағы дәрігерлік амбулаторияларда, ауылдық емханалар мен ауруханаларда, медициналық пункттерде, фельдшерлік-акушерлік пункттерде интернет жылдамдығы секундына 10 мегабиттен 40 мегабитке дейін жетеді. Ойлап көріңіз, бұл аз ба, көп пе? Аталған филиал «Бүгінгі таңда медициналық ұйымдарда күрделі мәселелер жоқ» деп отыр.
Көптеген тұрғындардың денсаулығын қорғауға қызмет ететін медициналық мекемедегі интернет жылдамдығы осындай болса, Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан біздің редакцияда секундына 150 мегабит жылдамдықпен жұмыс істейтін интернет кез келген дүниені жүктеп алуға әрең күші жетеді. Осыған қарап, медициналық ұйымдардағы интернет жылдамдығының секундына 50-60 мегабит, ауылдық жерлердегі 10- 40 мегабит/сек. көрсеткіші қаншалықты екенін салыстырып көріңіз.
Медицинаға жасанды интеллектіні енгізуге қолбайлау болатын келе сі кедергіні цифрлық технологиямен еркін жұмыс істей алатын маманның тапшылығы деп көрсетті депутат. Содан соң жасанды интеллектіні медицинаға енгізу үшін орталықтандырылған сапалы мәліметтер базасының қажеттігін, клиникалық емдеу хаттамалары цифрлық форматқа көшірілмегенін де нақты атады. Осы мәселелер бойынша өңіріміздегі медициналық қызметтің жай-күйін дәрігерден сұрадық.
Сауалымызға нақты жауап берген белгілі дәрігер, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Бердалиев бұл мәселеде кедергілер кездесетінін жасырмады.
– Жасанды интеллектіні медициналық қызметте қолдану облысымызда биылдан бастап енді-енді жүзеге асырылып жатыр. Қазірше тек радиологиялық зерттеуде ғана қолданылады. Басқа да салаларында қарастырылса, дәрігерлерге үлкен көмек болар еді. Жасыратыны жоқ, облыста кадр тапшылығы бар және кейбір медициналық қызметкерлердің білімі әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға қарағанда күмән тудырады. Басқа мемекеттерде жасанды интеллекті дәрігердің көмегіне айналғанын көріп жүрміз. Біздің емханалар мен ауруханаларда әлі кеңінен қолдана алмай отырғаны мүмкін интернет жылдамдығының нашарлығынан да болар. Жасанды интеллект диагнозды өзі қойып, өзі емдеуі керек, бірақ әлі соның емдеуімен айыққан науқасты басқа елдерден де ести қоймадық. Қайткенмен де ол техника, қателесуі де мүмкін, тіпті болмаса істен шығуы да ғажап емес. Тағы бір айтқым келетіні – жасанды интеллектіні кеңінен қолдану үшін компьютерлер және басқа да техникалардың озық үлгідегісі жеткілікті болуы керек деп ойлаймын. Бұның бәрі де, әрине, қаржыға келіп тіреледі, – дейді №2 Әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры, «Ұлттық медицина Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша төрағасы Мұрат Әзімханұлы.
«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді халық даналығында. Қалай айтсақ та«Президент тапсырды, осылай болу керек» деп құрғақ сөзбен дақпырттай бергеннен гөрі жаңа бастаманы іске асыру үшін нендей кедергі барын ашық айтып, оны шешу жолдарын ізденген жөн сияқты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




