Атап айтқанда, республикалық айтыстың «Қайым» бағыты бойынша Тараз қаласы №3 мектеп лицейдің оқушысы Інжу Жаңабай бас жүлдені олжалады. Інжу әуелі шымкенттік қарсыласын айқын ұтып, екінші айналымда Алматы облысының ақыны Батыр Рауанұлымен жоғары деңгейдегі айтыс жасады. Мәселен, қарсыласы Батырға: Намыс деген қашанда нар қамыс қой, Таныс деген ежелден қалған іс қой. Өзінің көшесінде жүрген кезде, Иттің өзі жонданған жолбарыс қой, – деуі қазылар алқасынан қызу қолдау тапқаны анық.
Осылайша, ең жоғары 50 ұпайға ие болды. Ол шешуші ақтық айқаста Алматы облысының ақыны Болат Ахметтен ұпай санымен басым түсіп, нағыз бабында екендігін байқатты. Жыр додасының соңында белгілі ақын Серік Қалиев басқарған қазылар алқасы жамбылдық ақын қызды жеңімпаз деп таныды. Айта кетерлігі, Інжудің шешуші сәттегі қарсыласы Болат Ахмет қыркүйек айында ғана айтыстың дара перзенті Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толуына орай өткен айтыста бас жүлдегер атанған еді.
Міне, сол бас жүлдегерді арада көп уақыт өтпей, жерлесіміз жеңіп, қуантып отыр. Інжудің алматылық қарсыласына қаратып айтқан: Болат та өнерімен көктейді ме, Жүлденің ауылына беттейді ме. Құрдасым жұрт алдында өзің айтшы, Бір аптаға бір бас жүлде жетпейді ме, – деген уәжі көпшілікті тәнті етті. Жеңімпаз жерлесіміздің айтыстағы ұстазы Есет Досалы болса, мектептегі жетекшісі Гүлжазира Мәкенова.
Сонымен қатар ол облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» орталығындағы «Ақберен» айтыс үйірмесінің жетекшісі Дидар Апбасовтан да, белгілі әнші Айгүл Мақашевадан да сахна шеберлігі және домбыраны лайықты меңгеру, әуен таңдау бойынша сабақ алып жүр. Енді ол айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағы ұйымдастыратын оқушылар арасындағы «Қола домбыра» айтысының республикалық кезеңінде жеңімпаз атануды көздейді.
Республикалық айтыста тағы бір жерлесіміз Меркі ауданы, Ақарал орта мектебінің 10 сынып оқушысы Назгүл Ерланқызы да жарады. Ол әуелі Алматы облысының ақыны Нұрасыл Әбдірәсілді ұпай санымен ұтса, финалда маңғыстаулық Қызылгүл Сейдуллаевамен мазмұнды айтыс жасады. Сөйтіп тақырыптық бағыт бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Назгүлдің жетекшісі меркілік ұстаз Гүлбағира Наушабаева.
Бұл жетістік жолында ақын, Мәдениет саласының үздігі, екі ақын қыздың да айтыстағы ұстазы Есет Досалы:
«Жеңіс әрқашан еңбекпен, төгілген термен келеді. Біз жас айтыскер оқушылардың бойына алдымен адалдық пен отансүйгіштікті, жауапкершілікті сіңіріп, талмай еңбектенуге тәрбиелейміз. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде айтыс өнері жақсы дамыған. Әр аймақта кемінде 5-6 білікті ұстаз бар. Міне, сондай бәсекелестіктің арасынан озып, екі шәкіртімнің бірдей топ жаруы мен үшін де, жамбылдық жанкүйерлер үшін де ерекше қуаныш. Осы Әулиеата жерінде айтысқа жас оқушыларды тәрбиелеп жүрген Айтмұханбет Исақов, Бақытбек Жұмабеков, Дидар Басықараев, Нұрлыбек Құрманов пен Әділет Медетқұл секілді айтыскер ұстаздар бар. Осындай жауапкершілігі мол ортадан озып шыққан оқушылар республикадан да жеңіспен оралып жатыр. Жас жүйріктерге әрқашан табыс тілеймін, – деді ағынан жарылып.
Інжу Жаңабайды өзі білім алатын Тараз қаласындағы №3 мектеп лицей ұжымы шексіз қуанышпен қарсы алды. Білім ошағының директоры Мәулен Райқұлов құттықтау сөз сөйлесе, жетекші мұғалімі Гүлжазира Мәкенова, сынып жетекшісі Нұршат Рысқұлбекова да жеңімпаз шәкірттеріне ризашылықтарын білдірді.
Қарсы алу іс-шарасы облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» орталығы мекемесінде де өтті. Орталық директоры Ахметжан Өзбеков жас өреннің жеңісін жоғары бағалап, алдағы айтыстарына сәттілік тіледі.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




